Денсаулық

Ақтөбе облысына онкологиялық ауруларды анықтауға мүмкіндік беретін 2 медициналық кешен әкелінді

Ақтөбе облысында еліміздің шалғай өңірлерінде онкологиялық скрининг және халықты уақытылы профилактикалық тексеруді қамтамасыз етуге бағытталған «QH Денсаулық жолы» қайырымдылық жобасының тұсаукесері өтті. Жоба аясында үш өңірлік онкологиялық орталыққа жылжымалы медициналық кешендер сатып алынды.

М.Оспанов атындағы БҚМУ Медициналық орталығына заманауи медициналық жабдықтары бар 2 жылжымалы медициналық кешеннің кілті салтанатты түрде табысталды.

OPTIMA жылжымалы медициналық кешені томосинтез функциясы бар цифрлық маммографиялық жабдықпен, сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық жүйе және ауруды егжей-тегжейлі қарауға мүмкіндік беретін жоғары сападағы компьютерлік томографпен жабдықталған. Екі кешеннің құны – 1,1 млрд теңге.

Шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, «Қазақстан халқына» ҚҚ басшысы Болат Жәмішев және Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директоры, еліміздің бас штаттан тыс онкологы Диляра Қайдарова қатысты.
«Бүгінде елімізде шалғайдағы ауыл тұрғындарының онкологиялық скринингтен өтуі төмен. Жылжымалы медициналық кешендер жоғары технологиялық консультациялық-диагностикалық көмекке, әсіресе онкологиялық ауру күдігі бар науқастар үшін қолжетімділікті арттырады және төмен дозалы компьютерлік томографияның көмегімен скринингтік тексерулерді уақытылы жүргізуге көмектеседі», — деп атап өтті «Қазақстан халқына» ҚҚ төрағасы

Болат Жәмішев.Ақтөбе, Алматы және Қызылорда облыстарында «QH Денсаулық жолы» жобасын іске асыру халыққа медициналық көмек көрсетуге және науқастарда онкологиялық ауруларды, әсіресе ерте сатыларда (0-1 сатыда) анықтауға мүмкіндік береді. Жоба арқылы пилоттық өңірлерде халықты онкологиялық скринингпен қамтуды 50-ден 70%-ға дейін ұлғайту көзделуде.
«Ақтөбе облысы былтыр қатерлі ісікті ерте анықтау, бастапқы кезеңде онкологиялық көмек көрсету, өлім-жітімді төмендету көрсеткіштерін жақсартты. Жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған екі жылжымалы медициналық кешенді алу халықты дер кезінде қолжетімді және білікті медициналық көмекпен одан әрі қамтамасыз етуге үлес қосатыны сөзсіз. Кешендердің арқасында ауылдық елді мекендердің, әсіресе ең шалғайдағы ауылдардың тұрғындары өз ауылынан тыс жерлерге шықпай-ақ профилактикалық, скринингтік және диагностикалық тексеруден өтуге мүмкіндік алады», – деп атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Онкологиялық ауруларды ерте анықтау әрі қарай сауығып кетуі мүмкін емдеу шараларын жүргізу, сондай-ақ қазақстандықтар арасында қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді төмендету мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Жобаны «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен, пилоттық өңірлердің әкімдіктерімен және өңірлік онкологиялық орталықтармен серіктестікте іске асыруда.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button