Ауыл

Құдықсайға газ келді

Құдықсай — аудандағы дамуы кенжелеп қалған елді мекендердің бірі. Кеңес замынында атағы одаққа әйгілі болған Құдықсай еңбекерлерінің ұстаханасы іспеттес болатын. Тоқсаныншы жылдары құдықсайлықтар үдере көшті. Құрылғанына сексен жыл болған ауылдың бүгінде тұрмысы қайта түзеліп келеді. Соның айғағы — көгілдір отынның берілуі. Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов Құдықсай ауылының тұрғындарын көптен күткен қуанышымен құттықтады.

Бұл — тарихи сәт. Осындай ірі жоба облыс әкімінің қолдауымен, ауылдың белсенді азаматтарының араласуымен іске асырылды. Газдың келуі ауылдың дамуына оң серпін беретінін есенім мол. Қазір ауылдағы 58 үйде 226 адам тұрады. Алдағы уақытта халық саны өсіп, қоныс аударғандар қайта көшіп келеді деген ойдамыз. Аталмыш жобаның іске қосылуымен Хромтау ауданы халқының 99,7 пайызы газбен қамтылып отыр. Бұл — өңірдегі аудандар арасындағы жоғары көрсеткіш. Аудандағы 28 елдімекеннің 23-і көгілдір отынды пайдаланады. Қалған 5 ауылдағы тұрғындар саны 50-ге жетпейді. Биыл Қарлау және Құдықсай ауылдарына газ келді. Елдімекендердің санына шаққанда 92 пайызы газ құбырына қосылған. Ауызсумен қамту бойынша да алдыңғы қатардамыз, — деді НұрханТілеумұратов.

Жалпы ұзындығы 27,5 шақырымдық газ құбырын «Арай-НС» ЖШС жүргізген. Жоба құны — 423,7 миллион теңге.

— Бұрын ауыл халқын отын мәселесі қатты алаңдататын. Кем дегенде 5 тонна көмір сатып алатынбыз. Көмірдің бағасы да жыл сайын өсіп барады. Енді, міне,сол қиыншылықтан арылып жатқан жайымыз бар. Бірнеше жыл бұрын ауылға ауыз су тартылған еді. Қазіргі таңда кіреберіс жол да жөнделіп жатыр. Халықтың тұрмысын түзеу жолында талмай еңбек етіп жүрген облыс, аудан басшылығына алғысымды білдіремін. Құдықсай ауылының халқы атқамінер азаматтардың бірлескен еңбегінің жемісін көріп жатыр, — деп ауыл тұрғыны Сүйінғали Жәкібаев қуанышымен бөлісті.

Салтанатты шара соңында ауылдық округ әкімі Қасым Жұмабай облыс басшылығы мен халық қалаулыларының алдында газ мәселесін көтерген Сағынхан Мұқанов, Жүсіпбек Батырғалиев, Қуаныш Біржанов сияқты ауыл белсенділерін жерлестері атынан марапаттап, сыйлық табыстады.

Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button