Жастар

Ерікті болу — ерлік

Қаламызда атқарылатын қоғамдық игі істердің басы-қасында әркез жақсылық жасауға асыққан ізгілік елшілері, яғни еріктілер жүретінін бірі білсе, бірі білмес.

5 желтоқсан — Халықаралық волонтер күні. Бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының ұсынысына сай 1985 жылдан бері жыл сайын аталып жүр.Соңғы жылдары біздің елімізде де волонтерлер қызметі ерекше дамып келеді. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялап, «Еріктілер — өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар»  деп өз бағасын берген болатын.Ал биыл 5 желтоқсанда ел Президенті Қазақстан халқын Халықаралық волонтер күнімен құттықтады.

Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігі де ақтөбелік еріктілердің құрметіне мерекелік шара өткізді.

Лайықты марапат

Қаламыздағы №64 орта мектептің мәжіліс залында өткен ізгілік жасауға үндейтін іс-шара Әнұранмен басталды. Одан соң мектептің жас домбырашылары Құрманғазының «Адай» күйін орындады. Ал Астана ауданы әкімі Алмас Жақсылықұлы шараға қатысушыларды Халықаралық еріктілер күнімен құттықтап, жылы лебізін арнады.

— Қайырымдылық — ата-бабамыздың қанында бар қасиет. Бір-бірімізге қолғабыс ету, қайырымдылық жасау — парыз. Ақтөбеде 270-тен астам үкіметтік емес ұйым бар. Соның 70 шақтысы — белсенді. Ал біз 30-ға жуығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз. Еріктілер бұрыннан да бар, тек соңғы жылдары олардың қызметі жанданып, белсенді көрініп жүр. Бұл бізді қуантады. Сенбіліктерге шығып, төңіректі тазалайтын, жалғызілікті қарттарға қолғабыс ететін, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесетін, үйінде науқасы бар отбасыға қаржылай көмек беретін түрлі шараларда негізгі күшті осы еріктілер көтеріп жатады.

Егер қандай да бір еріктілер тобы бізге хабарласып, өз ұсынысын айтып жатса, қуана құп аламыз, қолдаймыз. Олар да бізді қолдайды, әсіресе мұқтаж жандар хабарласқанда біз көп жағдайда сол еріктілердің көмегіне жүгінеміз. Қаламыздағы еріктілер қауымына алғыс айтып, ризашылығымды білдіремін, — деді Астана ауданы әкімі Алмас Жақсылықұлы. Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігі өзара ынтымақтастық пен әлеуметтік әріптестікті дамыту мақсатында белсенді бес ұйыммен меморандумға отырыпты. Олар: Ақтөбе облысының медиаторлар консорциумы, «Фонд помощи — продуктовая корзина» жеке қайырымдылық қоры, «Рақым» еріктілер тобы, «Болашақ жолы» қоғамдық бірлестігі, «More Life».

Шара барысында жақсылық жасауға ұмтылатын, қоғамдық шараларға белсенді араласатын 30-ға жуық үкіметтік емес ұйым жетекшілеріне Алғыс хат табысталды. Еріктілерді марапаттау рәсімі өнерпаз оқушылардың концерттік бағдарламасына ұласты.

«Рақым»

№64 орта мектепте өткен шарада«Рақым» еріктілер тобы Алғыс хатпен марапатталып, тігін машинасына ие болды. Еріктілер тобы жұрттан жылу жинап, мұқтаж жандардыкиім-кешекпен қамтамасыз етеді екен. Алмас Жақсылықұлы «Рақым» еріктілер тобының жетекшісіне тігін машинасын беріп жатып, алдағы уақытта нысаналы топ өкілдерін жаңадан тігілген киімдермен қуантуға тілектестігін білдірді.

Біз, негізінен, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмектесеміз. Бірнеше бағытымыз бар. Ең әуелі біз мұқтаж жандарға арнап тұрғындардан жылу жинап, тағам, азық-түлік, ет, киімдей көмектесеміз. Ал «Рақым» еріктілер тобын құрғанымызға алты жылдан асыпты. Командамызда — бесеуміз, бірақ соған қарамастан, үлкен істер тындырып жүрміз.Құрылғанына екі жыл енді болатын біздің қор 21 отбасыны көмектесіп үлгерді, — дейді«Рақым» еріктілер тобының жетекшісі Айзада Балмағамбетова.

«Болашақ жолы»

«Болашақ жолы» қоғамдық бірлестігі де еріктілікқызмет көрсетіп, қайырымдылық шараларына атсалысты. Биыл атқарған шаруаларының өзі бірталай. Мәселен,

«Асыл Мұра» жобасы аясында ақтөбелік белсенді жастарға Ақтолағай борлы тауларына туристік экспедиция ұйымдастырды. Мақсаты — жастарды туған жерінің керемет жерлерімен таныстыру. Ал «Сабақтастық» жобасы аясында әлеуметтік қиын жағдайда тәрбиеленген жастарға тегін мобилография курсын өткізді.Сонымен бірге Темір ауданы жастарымен бірге «Поисковая группа 009» жобасынұйымдастырып, сала мамандарының көмегімен төтенше жағдайлар кезінде не істеу, не істемеу керектігін үйретіп, алғашқы көмек жасау түрлерін көрсетті.

— Қазіргі таңда «Білім» бағыты бойынша ақтөбелік жастарға Астана ауданы әкімдігі қолдауымен түрік тілін тегін оқытатын курс өткізіп жатырмыз. Ал «Қайырымдылық» бағыты бойынша Астана ауданы әкімдігінің ұсынысымен аты жаман аурумен ауыратын көпбалалы ананың еміне — 120 мың теңге, Жаңақоныс елді мекенінің кішкентайтұрғынының еміне 200 мың теңге қаржылай көмек көрсеттік, — дейді «Болашақ жолы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрсұлтан Қалдыбай.

Өзі деәркезеріктілер арасынан табылатын төрағаалдағы уақытта Ақтөбе қаласы Астана ауданымен бірлесіп әртүрлі тақырыпта қайырымдылық акцияларын және Жаңа жыл мерекесіне орай балаларға сыйлықтар тарату секілді шараларға дайындалып жатқандарын айтты.

«More life»

Үкіметтік емес ұйымдардың бірі — құрылғанына әліекі жыл толмаған «More life» қоғамдық қоры.Аталған қордың мақсаты —  мұқтаж жандарға қазіргі медицинаның мүмкіндігін көруге көмектесу.

— Біздің қордың басты бағыттарының бірі — науқасқа елімізде жоғары медициналық ем қабылдауға берілетін жеңілдікті, яғни квотаны алуға, сондай-ақ шетелде шұғыл медициналық көмек қажет жандарға жәрдемдесу. Ынтымақтастық меморандумына сәйкес біз Түркия, Белорусия және Швейцария елдеріндегі белгілі клиникалармен әріптестік қарым-қатынастамыз. Сондықтан олар біздің қор кепіл болған жағдайда науқасқа отаны қарызға жасап беруге де дайын. Қор құрылғалы бері 50-ден астам адамға көмек көрсетілді. Сонымен қатар «More life» тұрақты түрде Түркия мен Белорусияның профессор, дәрігерлерімен байланыс орнатып, олардың науқастарды қабылдап, тегін кеңес беруін ұйымдастырады, — дейді «More life» қоғамдық қорының директоры Бибігүл Жулина. Аталған қор биыл Түркиядағы жер сілкіну кезінде зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жөнелтті. Қордың директоры және волонтерлер Алмаз Исенгалиев, Жеңіс Белокосов және Ералхан Дияров гуманитарлық көмекті жеткізіп, бөліп беру мақсатында Түркияға өздері барып келді. Сондай-ақ биыл КА 168/2 түзету мекемесінде жазасын өтеушілер арасында футболдан турнир өткізген.

«More Life» қоғамдық қоры алдағы уақытта да еріктілік қызметін жалғастырып, ауыр дертке тап болған жандарға жәрдемдесіп, Ақтөбенің медицинасын дамыту жолында жергілікті дәрігерлердің шетелдік мықты клиникалардатәжірибе алмасуына, өзге елге бармай-ақ, білікті дәрігерлерден тегін кеңес алуға ықпал ете бермек.

P.S. Ерікті болу — ерлік. Себебі еріктілік қызмет — өз уақытын, күш-жігерін жақсылық жасауға жұмсау, қоғамға қайтарымсыз көмектесу.

Сауапты іспен айналысып, жастарды ізгілікке тартып, сол арқылы айналасына мейірім шуағын шашып жүретін жастар қатары әлі де толығатынына сенім мол.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button