Жастар басқармасы қайта құрылады
Белсенді және талантты жастарға марапат табыстауға арналған салтанатты шараға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.Мерекелік жиында«Үздік жастар ресурстық орталығының басшысы», «Жыл үздігі», «Жыл серпіні», «Үздік креативті орталық», «Үздік волонтерлік топ», «Үздік волонтер» номинацияларыниелеріне табыстады.
Іс-шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Асхат Шахаров жиналғандарды Халықаралық еріктілер күнімен құттықтап, облыстың белсенді жастарына жыл бойы атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.
— Соңғы жылдары облыста еріктілер саны көбейіп келеді. Бүгінде облыс бойынша 164 волонтерлік топ, 5 мыңға жуық ерікті бар. Олардың әрқайсысы шынайы құрметке лайық. Қайырымдылық жасау жас талғамайды. Мәселен, облыста қанша волонтерлік топ болса да, барлығының мақсаты бір. Ол — мұқтаж жандарға көмектесіп, қол ұшын созу.Жастармен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жақсылық жасау қазақ халқының қанында бар. Біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет», — деп, халықты бір-біріне қамқор болуға шақырған-ды. Ендеше, бүгінгі шараға жиналған барша жастарды бірлесе жұмыс жасауға, қайырымдылық шараларға атсалысуға шақырамын. Ел игілігі жолында жасаған жұмыстарыңызға жаңа табыстар тілеймін! — деген облыс әкімі келер жылы облыста жастар басқармасы қайта құрылатынын, өңірдің жастарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Өңір басшысы жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған жастар мен облыстағы жастар ресурстық орталығының басшыларын Алғыс хатпен және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Сондай-ақ бір топ жасқа «Жас полиция қызметкері», «Ауыл жасы», «Жас көшбасшы», «Шығармашыл жас», «Жас спортшы», «Жас кәсіпкер», т.б. номинациялар табыс етілді.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Д.ҚАЗИХАН.