Мерей

Парасат биігіндегі ғалым

Халқына қалтқысыз қызмет ететін адал жандар жаныңда жүрсе, бойыңа қуат бітеді. Сондай көңілі таза, игі адамдардың жөні бір бөлек. Сол болмысымен үлкен-кішіні тәнті еткен ерекше қасиет иелерінің біріфилософия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Ғылымдар академиясының академигі, әуезовтанушы Алтай Тайжанов 75 жасқа толып отыр. Ол бүкіл саналы ғұмырын ғылымның кенжелеу саласы саналған қазақ философиясына үлес қосуға арнап келеді, сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы ұстаздық қызметінен қол үзген жоқ.

Профессор Алтай Тайжанов ғалым, философ, қоғам қайраткері ретінде көп жерге кеңінен танымал. Оның өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ұлтымыздың құндылықтарын насихаттауға сіңіріп келе жатқа неңбегі орасан. Ол— кәсіби біліктілігінен бөлек, өмірде қарапайым, ақкөңіл, адал азамат. Сондықтан да оның өмір жолы, адам­дық болмысы, қоғамдық-педаго­ги­калық қызметі, азаматтық тұлғасы, адамгершілік келбеті кейінгі буынға, жалпы көпке үлгі.Жақ­сы­лыққа жаны құмар, парасат биігі­нен көріне білген нар тұлға жан-жағына ізгілік нұрын шашып жүреді.

Алтай Тайжанұлы қазақстандық философия және қоғамдық ой тарихы, мәдениеті, этномәдени білім мен тәрбие беру мәселелерін зерттеумен тұрақты түрде айналысады. Оның ғылыми еңбектерінің елеулі бөлігі ойшыл-жазушы Мұхтар Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық аспектілерін зерттеуге арналған.

«Мұхтар Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық өзектері» тақырыбында 1995 жылы докторлық диссертация қорғаған. Тақырыбының өзі қазақ халқының дүниетанымын тереңнен түсіндіру, кеңінен насихаттау мақсатынан туған қадам емес пе?! «Жалпы қазақтың философиясыөмірді ерекше мәнді ететін ынтымақ пен бірлікке, сыпайы сыйластыққа негізделген өзгеше әлем», — дейді профессордың өзі.

Ұстаз-аға — еліміздің озық ойлы ғалымдарымен иық тіресе жүріп, ел ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан пайымы мол жан. Ол ұлт руханияты мен елінің кемелді келешегі үшін ізденіп, кейінгі буынға ілім-білімді дәріптеп келеді. Кең ойлап, терең толғанатын дара қолтаңбасы бар. Ғылым мен білімнің, қоғам мен әлеуметтің сырына шынайы үңілген тұлға.

Қазақта «Жақсыдан — шапағат» деген сөз бар ғой, Алтай Тайжанұлымен қызметтес бола жүріп, ол кісінің қамқорлығын көріп, адамгершілік асыл қасиетіненүлгі-өнеге алып келемін.Жаратылысынан мейірімділік пен жақсылыққа жаны құмар ағаның әр сөзi, әр қимылы, ұрпақ, ұлт рухы хақындағы толғанысқа толы пайым-тұжырымдары ұжымымыз үшін тәлімді мектеп іспетті. Бізге қазіргі уақытта Абай айтқан «Ақылмен ойлап сөйлемек» керек. Кейінгі ұрпақ ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс. Сондай тұлғалардың біріғылыми еңбектері арқылы көпшілікке кеңінен танымал болған Алтай Тайжанұлы дер едім.

Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын арнаған білім саласының болашағына алаңдайды. Білімнің стратегиялық маңызды буын екенін айтып, ұлттық білім жүйесін нығайту жолында жас ғалымдар аянбай етуі керек деп санайды.

Профессор Алтай Тайжановтың ұзақ жылдар бойғы еңбегі лайықты бағаланып, ол «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанып, «ҚР ғылымын дамытудағы  еңбегі үшін белгісінің» иегері болды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары —«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «құрмет» орденімен марапатталған. Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы атанды.

2004-2017 жылдар аралығында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетінің әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі болды. Әлі де осы ұжымда абыройлы еңбек етіп келеді.

Сөз түйінінде белгілі ға­лым, ұлағатты ұстазАлтай Тайжанұлы кішіге үлгі, ізденушіге ізгілігін таныта білетін ардаазамат дегім келеді. Жылышырайлы жүзімен кез келген адамды жа­нына жақын тартып, салмақты, са­лиқалы сөзімен баурап алатын, ағалық қасиетімен қашанда жылы шуағын шаша білетін ерекше мінез иесі. Оның білім мен ғылым жолындағы төккен тері, ерен еңбегіұлт тарихының жарқын үлгісі екені сөзсіз.

Жанар ТӨЛЕПБЕРГЕНИ,

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент,

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан

медицина университетінің қоғамдық-гуманитарлық пәндер

кафедрасының жетекшісі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button