Тұлға

Алаштың Айталысы

Халықтың зиялысы Амангелді Айталының бақи дүниеге көшкеніне де жылға жуық уақыт болыпты.

«Алыстаған сайын таулар биіктей береді» деген сөз осындай тау тұлғаларға арналғандай.

Қазақ пен орыстың арасын шекараның қызыл сызығы бөлгенде ауылы арғы бетте қалды. Атақоныстан бозбала шағында елге өткенқаршадай бала саналы ғұмырын қазақты ел етемін деумен сабақталып, ақсақалдықтан асып, елдің абызына айналды…

Ақтөбе Айталыны алақанына салып аялап, төбесіне көтерді. Халықтың қалаулысы етіп Астанаға жіберді. Айталы да ел сенімінен шықты. Депутаттық қызметте атына да, антына да дақ түсірмеді. Ел деп еміренді, жер деп тебіренді…

Астрахань облысында дүниеге келген Амангелді Әбдірахманұлының Ақтөбедегі өмірі 1968 жылы осындағы педагогикалық институтта оқытушылық қызметпен жалғасты. Жас ғылым кандидаты ашылғанына екі-ақ жыл болған жоғары оқу орнының іргетасын қалаушылардың бірі болды. Институттың нығаю жылдары азамат, ұстаз, ғалымның есею, пісу, жетілу жылдарымен қоса өрілді.

Студенттерге дәріс беру қалың жұртшылық арасында саяси білім тарату ісімен қатар жүрді. Бұл ретте Әбекеңнің ағартушылық миссиясы осы кезеңдерден бастау алады. Одақтық «Білім» қоғамының лекторы, саяси баяндамашы ретінде оның болмаған жері кемде-кем. Жылдың төрт мезгілінде, күннің ашық-жарығына қарамастан, партияның кезекті шешімдерін алыстағы ауыл еңбеккерлеріне жеткізуге асықты.Одан пайдасыз болған жоқ: бұқара халықтың хал-жағдайымен танысты, ресми статистиканы нақты ахуалмен салыстырды, теория мен практиканың арасын айқындайтын ақиқатпен бетпе-бет келді. Облыс халқы құрамының көпұлттылығы, олардың психологиялық, әлеуметтік ерекшеліктері ғалым-ұстазды өзі зерттеп жүрген ұлтаралық қатынастар мәселелерін әрі қарай тереңдетіп зерделеуге түрткі болды.

Ұлтаралық қатынастар мәселесі — Амангелді Айталының студент кезінен бергі ғылыми ізденістер тақырыбы. Алғашқы іргелі нәтиже 1968 жылы келді: интернационалдық тәрбие тақырыбынан кандидаттық диссертация қорғалды. Бұл ғылыми еңбек қоғамтанушылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ғылыми кеңестің ұсынысымен толықтырылып, дамытылып «Социализм және бұқараны интернационалдық тәрбиелеу» атты монографияға ұласты. Ұстаздық, ағартушылық қызметтерімен бірге өрбіген ғылыми зерттеулері 1988 жылы Мәскеуде докторлық диссертация қорғауға әкелді.

Амангелді Айталының ғылыми ізденістері мен қайраткерлік қарымын елге айрықша танытқан кезең — оның Парламент Мәжілісінің депутаты қызметін атқарған жылдары. Ол депутат жүгін Мәжілістің екі шақырылымында, 1999-2007 жылдары аралығында арқалады. Қоғамымызда жинақталған өзекті мәселелерді құқықтық тұрғыдан реттеуге аянбай атсалысты.

Бұл жөнінде сол кездегі парламенттік әріптесі, халық жазушысы Фариза Оңғарсынова былайша куәлік етеді: «Амангелдінің үлкен тұлғаға айналғанына осы парламентте көзім жетіп, қуандым. Бір ауылдың немесе бір облыстың емес, ұлттық, халықтық тұлға деңгейіне көтерілген азамат палатаның бір шешімге келе алмай тығырыққа таянған сәттерінде шешімді, парасатты пікірлерімен талай алып шыққанын Мәжіліс депутаттары жақсы біледі. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, шетелдерге бала сатуды тоқтату, министр ауысқан сайын өзгеріп жататын білім, ғылым саласындағы реформалар, шетелдердегі қандастарымыздың тағдыр тауқыметі — міне, осы мәселелердің бәріне бастамашы болған Амангелді Айталы болатын. Ақтөбе аймағының экономикалық қиындықтары мен бюджетті бөлудегі алақолдық төңірегінде Елбасына, Премьер-Министрге бірнеше рет кіріп, елдің мұңын жеткізгеніне мен куәмін», — дейді апамыз.

Ұлттық мәдениетіміздің болмысы мен төл әдебиетіміздің тірлігі өзінсіз «бір кем дүние» көрінер. «Парламентте өткен бес жыл ішінде Айталы республика мүддесі үшін, ұлт мәртебесі үшін аянбай күрескен азамат. Басқа көптеген еңбегін былай қойғанда, тек мемлекеттік тіл — қазақ тілінің беделі үшін жанталасқан айтыстары оның абырой-атағын биікке көтерді», — депті Шерхан Мұртаза. Отыз жыл бойы тұғырына қондыра алмаған қайран қазақтың тілі туралы «қазаққа тілдік маркетинг керек» дей жүріп көп айтты да, жазды да ағамыз: «…Сан жағынан аз халықтың — орыс диаспорасының тілі басым, үстем тіл болып отыр. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі әлі толыққанды, жан-жақты, қоғамның барлық салаларында қолданысқа ие бола алмай отыр», — деген А.Айталы сөздері әлі күнге өзіміз айдарлап алған «Жаңа Қазақстанда» да дүбәралықтан шыға алмай отырған күйімізді айқындап тұр…

Сол кездегі парламенттік шақырылым да азулы еді. Халықтың шерін ішке бүкпейтін Шерхан Мұртаза, айтаққа ермейтін, өзіндік айтары бар Амангелді Айталылар сол шақырылымның алдыңғы шебінде болды. Билікке жақпаған тау тұлғалар кешікпей шеттетіліп, нағыз демократияның алауын жаққан сол жолғы депутаттық корпус кезекті текетірестен соң таратылды. Бірақ сол шақырылымдағы депутаттардың біразы қазаққа жанашыр, мемлекетшіл тұлға ретінде шын халықтың қалаулысы болып тарихта қалды.

Кезінде өзі азулы депутат бола алған ағамыз кейінгі саяси партиялар туралы былай дейді: «Өкінішке қарай, Қазақстан халықтарының Ассамблеясы, Қазақстан Халық бірлігі тәрізді кейінгі кезде пайда болған партиялар тек қолдаушылар ретінде танылып келе жатыр. Саяси партиялар бүгінде партиядан гөрі пікірлес адамдардың саяси үйірмесіне, клубына ұқсайды. Олар белгілі бір идея, доктрина, тұжырымдамаларға сүйенгенімен, өз кандидаттарын депутаттыққа ұсынғанымен саяси билікті өз қолдарына алып, өкімет құруға ұмтылмайды. Тек сайлау кезінде жұмыстарын жандандырып, сайлау қарқынымен беделді адамдарын депутаттыққа өткізіп, сол арқылы өз мәртебесін сақтауға тырысады», — дегені бүгінгі саяси ахуалымызды да тап басып тұрғандай.

Амангелді ағамыз депутаттықтан кейін жылы кабинет іздеген жоқ, мандатын тапсырған соңАқтөбесіне қайтып оралды. Өзінің ғалым боп қалыптасқан жылы ұясы —Құдайберген Жұбанов атындағы университетке келіп, ұлы іс —ұстаздығын жалғастырды…

Қазақтың ұлттық руханиятын ояту жолында тіл, дін, саясат, әдебиет пен мәдениет тақырыбында оқшау ойлы, терең танымды еңбектер жазды. Ғылыми ізденістерінің нәтижелері «Ұлт мұраты: депутат көзқарасы», «Байсалды ел байқаусыз қате жібермес», «Қазақты намыс қамшыласын», «Дін және діндарлық» атты кітаптарда жарияланды. Қоғамтанудың сан салалы мәселелеріне арналған жүзден астам ғылыми-публицистикалық еңбек туды, олар республикалық баспасөзде жарық көрді.

Дүниеден өтер-өткенінше қаламы қолынан түспеді. Көп оқитын. «Кітапты көп оқыған адам алжымайды екен», — деп күліп отыратын. Ұлтты тану тұрғысынан, ұлттану теориясы бойынша қазақ тілінде жазылған тұңғыш еңбек — «Ұлттану» (Алматы, 2022) кітабының соңғы нүктесін қойып үлгерді. Ел тағдырына жанашыр жандардың арқасында кітап ағамыздың қырық күндік асында қолға тиді…

Өзі қызмет еткен, екі мыңға жуық құнды кітаптары бар жеке кітапханасын табыстаған Жұбанов университетінде Амангелді Айталының ғылыми кітапханасы бар. Оның ішінде сирек кітаптар қорына енгізілген 1891-1896 жылдар аралығында «Санкт-Петербург» баспасынан шыққан 82 томдық «Новый энциклопедический словарь» кітабының құндылығын атап өтсек те жеткілікті. Ол жерде ғалымның жиған кітаптары ғана емес, құнды қолжазбалары, көп адам арнайы жазылып ала бермейтін шетелдік ғылыми журналдары да сақталса, кейінгі ғалымдар мен студенттерге таптырмас дүниелер болары хақ.

Бүгінде адамзат баласына рухани азық жетіспейді. Жетіспейді емес, жұмыр басты пенде рухани азықты қажетсінбейтін болды. Ал рухани кемелдікке ұмтылғандар әсте азайып бара жатқандай. Осыдан ғасыр бұрын қазақтың ішінен қармана іздеген Абайдың «Толық адамы» да төбесін көрсетпейтін заманға тап болғандаймыз…

Қашаннан қазақтың бүгіні мен болашағына алаңдап, сол алаң көңіл ойларын салқын ақылға салып, жан-жақты білімнің  қайнауына суарып барып қағаз бетіне түсіретін ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамыздың соңғы жылдарда жазған баспасөздегі ғылыми, ғылыми-публицистикалық мақалаларын, сұхбаттарын жинап, ғалымның сексен жылдық мерейтойына орай «Рухани кемелдік» деген атпен ұсынып, алғысөз жазғаныма, яғни ағамыздың кезекті бір кесек туындысының шығуынаатсалысқаныма бүгін шүкіршілік айтамын.

Ұлт мәселесі, ұлттық құндылықтар деген тақырыпқа барған зерттеушілерге әлі күнге «ұлтшыл» деп тосырқай қараушылық көзқарастың мысы басым.

Әрине, Қазақстан қазақтардың мемлекеті ме, әлде қазақстандықтардың мемлекеті ме деген мәселенің төңірегінде пікірталастар болуы орынды. Бірақ бір мәселенің басы ашық. Әр елде де мемлекет құраушы, елдің тілін, мәдениетін құраушы ұлттың орны бөлек. Осыған байланысты «Барлығына таяныш болған қазаққа сүйеніш те керек», — деп ұлтқа ерекше жанашыр автор қазақ мәселесін әр қырынан саралап, бүгінгі өткір мәселелерді көрсетеді. «Қазақ болу: рухани арпалыс» деп аталатын мақала атының өзі бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін байқатуда.

Автордың пайымдауынша, Мәңгілік Ел мәңгілік рухы сарқылмайтын дінмен біте қайнасқанда ғана ақиқатқа айналады.

Рухани кемелдік деп Амангелді Айталы бүгінгі ұлттың, әсіресе қазақ сияқты отарланған ұлттың, жетілу, жаһандану заманында ұлтсыздықтан, нигилизмнен тазарып, толық қазақы мәдениетке, имандылыққа жақындауын сөз етеді.

«Ұлттану» кітабын парақтағанда көп саясаттанушы-ғалымдар байқастап баратын ұлт проблемаларына, оның ішінде ұлт және мемлекет, ұлттық идеология, ұлттық рух, дін, ұлттық патриотизм, жаһандану және ұлт мәселесі, желтоқсан сабақтарысияқты өткірдің жүзіндей қылпып тұрған тақырыптарға батыл барып, зердемен зерттеп, Ұлт жоқшысына айналды.

Білімнің қара шаңырағы — Жұбанов университетінің бағдарын «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман мен Абай аңсаған кемел тұлғаны қалыптастыру» деп өзгерткенде, Амангелді ағамыз аса риза болып: «Алыс-жақын басқа жоғары оқу орындарының миссияларына ұқсамайтын, ұлттық құндылыққа екпін түсірілген екен, қазақ қоғамының сұранысына сай миссия  ұсынылыпты», — деп батасын берген еді. Осы бір ұлттық таным көкжиегіндегі көзқарастарымыз үйлесе келіп, аға-іні болып, жақын араласқан едік ағамен.

Біздің қоғамда әртүрлі сипаттағы жақсылы-жаманды оқиғалар орын алғанда журналистер сарабдал ғалым Амангелді ағамызды іздеп, Ақтөбеге қарай жөңкілетін. Өйткені Айталы қандай да бір жағдайдың астарына үңіліп, саралап, болашақта оның болдырмау жолдарын да тәптіштеп беретін. Ол кісінің әр жылдарда берген сұхбаттарын тағы бір  қарап шықсаңыз, соны байқайсыз.

Ғалымның сонау 2015 жылдары айтқан сөздері әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Тәуелсіздік туғанда жақсы-ақ басталып, кейіннен сұйыла бастаған партиялардың ісінен тиянақ таппаған А.Айталы ағамыздың пікіріне құлақ түрейік: «Бүгінгі әкімшілік партиядан тыс, саясижағынан кескіні анықталмаған, күнделікті тіршіліктің ауыртпалығынан титығына жетіп шаршаған халықпен істес болып отыр. Бұл да саяси өмірдің дабылын қағатын, ойландыратын белгі (индикатор). Саяси селқостық, ықыластың жоқтығы, жеке бастың қамымен, мұңымен шектелу қоғамда көзге көрінбейтін жасырын әлеуметтік күш-қуаттың, энергияның шоғырлануына әкеледі. Ерте болсын, кеш болсын ол сыртқа теуіп шығады. Бірақ қоғам өміріне, оның тұрақты дамуына әсер етуі эволюциялық жолға емес, революциялық секіріске, жанжалдарға сүйенуі мүмкін», — деген еді ғалым.

Сана тәуелсіздігіне салқынын түсіріп тұрған мәселелерді ашық айтып: «Еуразиялық одақ, еуразиялық кеңістік деген жалаң ұранмен төлтума ұлттық мәдениет үлгілерін орыс мәдениетіне қарай ыңғайлау әлі де орыстандыру идеяларының жалғасып келе жатқандығын анықтайды», — деп баға береді. Әрине, ұлттану, ұлшылдық, ұлтжандылық, тіл, дін, алаш тақырыбын айтқандар өкіметке қарсы, халықты дүрліктіруші, ұлтараздықты туғызушы деп бағаланады әуелден, қазір де сол. Ал, шын мәнінде, бұл ушығып тұрған мәселелерді жабулы күйінде қалдыруға болмайтынын ескертеді ғалым. Осылардың әрқайсысының диагнозын қойып, емдеу жолдарын нұсқайды. «Қазақ ұлтының бүгінгі тынысы күрделі. Ұлтқа төніп тұрған қауіп — ұлтсыздық. Бұл асқынып кеткен дерт, оның микробтары ұлттық организмді кеңінен жайлаған. Алдын алса ұлтсыздықтан, орысшылдықтан бара-бара айығуымыз да мүмкін, ал бұл мәселедегі немқұрайдылық, самарқаулық ұлттың түгелдей ассимиляцияға ұшырауына әкеледі. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ ұлты — тарихи жол торабында тұрған ұлт» деген сөзі, керек десеңіз дабыл қағуы — қаншалықты үрейлі болғанымен, соншалықты шындық. Мұндай сананы тітірентер тұжырымдарды салмақты басылымдарда А.Айталы ғана айта алды. Ағамыз тәуелсіздік туралы толғағанда Марк Твеннің «Тәуелсіздікке қол жеткізген ел саяси лотереяда пілді ұтқанмен бірдей, ал пілді асырау керек», — деген сөзін жиі келтіріп отырушы еді…

Ол кісі жас ұрпақты тәрбиелеуде, ұлттың рухани келбетін түзеуде жасаған тағы бір өнегелі ісі — «Руханият» деген телебағдарлама ашып, соны жүргізді. Сол бағдарламада абайтанушы ретінде сұхбат бергенім бар. «Абай өзі қазақты жақсы көрген бе, әлде сонша жек көрген бе»? — деген тосыннан қойылған салмақты сұрақпен басталған бір сағаттық түсірілімнен ол кісінің Абайды соншалықты терең танығанының куәсі болдым.

Біз Абайдың толық адамын, кемел адамын көктен іздейміз. Немесе сол ақынның заманына дүрбі саламыз. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған қаншама кемел адамдар арамызда жүрді, бүгінде де жүр. Бірақ соны байқамаймыз. Меніңше, Абай аңсаған толық адамның бірі қазақты қайтсе ел етемін деген Асан қайғылар мен Мөңке билердің жалғасы — осы Амангелді Айталы ағамыз.

Ешкімге жалтақтамайтын, жағымпаздана сөйлемейтін, адами болмысы биік, кейінге қалдырған мұрасы құнды, ұстаздық келбеті кемел Амангелді Айталы болмысы,иә, сол Абай бабамыз ілгері күннен үмітпен іздеген толық адам. Ендеше, Толық адам – Амангелді Айталыны тани түсу — сіз бен бізге, келешек ұрпақ жастарға парыз.

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button