Басты жаңалықтар

Ақтөбеде жаңа театр ғимараты салынады

Сүйінші

Облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының жұмысымен танысқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев өнер ордасы ғимаратының тозғанын көріп, облыс әкіміне жаңа театр салуды тапсырды.

Осы қуанышты жаңалықты естіген Астана, Алматы қалаларында тұратын елге танымал жерлестеріміз құтты болсын айтып редакциямызға хабарласып жатыр. Олардың ыстық лебіздерін біз де елге жеткізуді жөн санадық.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
ақын, халықаралық Túrkistan газетінің бас редакторы:

— Ақтөбеде жаңа театр ғимараты салынады деген хабарды естіп жатырмыз. Барша ақтөбеліктерге құтты болсын айтамын. Мемлекет басшысы айтқандай, бүгінде халықтың театрға қызығушылығы артып келе жатыр әрі Ақтөбе халқының ықыласы ерекше. Бұл әңгіменің айтылып келе жатқанына бірталай жылдың жүзі болып еді. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы жуық арада орындалады деген сенімдеміз. Театр өнері Ақтөбеде жақсы дамыған және ұжымның тәп-тәуір қойылымдары сахналанып жүр. Олар алматылық және астаналық басты театрлармен әрдайым шығармашылық байланыста жұмыс істейді. Жаңа ғимарат театр ұжымына үлкен қуаныш сыйлары сөзсіз.

Мирас БЕКЖАНОВ, әнші:

— Сыртта жүргесін туған жерде болып жатқан жаңалықтарға үнемі құлақ түретініміз рас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Ақтөбеге жасаған сапарында бүгінде халықтың театрға деген қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталып, осы орайда жергілікті билікке өнер ордасы ғимаратының тозғанын айтып, жаңа театр салуды тапсырды.
Бұл жаңалықты естігінде, қуаныштан төбем көкке жеткендей болды. Өзім театрда еңбек етпесем де, өнерде жүргендіктен бұл — біз үшін үлкен жаңалық. Ақтөбе халқы үшін де ерекше қуаныш деп білемін. Екіншіден, болашақта заманауи үлгіде салынатын театрға жас мамандардың көптеп келетініне, жаңа жұмыс орындарының ашылатынына сенім мол. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы болмаса Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жатқан ақтөбелік студенттердің бұл жаңалыққа ерекше қуанатыны рас.
Өнер — ұлттың бейнесі. «Театр — киім ілгіштен басталады» деп жатамыз. Ал жан тазалығы — театрдан басталады. Қоғамдағы ең қымбат құндылықтардың қатарына ақыл-ой, білім мен өнер жататын болса, оны меңгеру үшін терең білім, рухани тазалық, биік адамгершілік қажет. Менің айтпағым, рухани тазалық ордасы саналатын театрдың осы қасиеттерді жастардың бойына сіңіруде қосар үлесі мол.

Светлана АЙТБАЕВА,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
— Тахауи Ахтанов атындағы театр — қасиетті шаңырақ. Ол — қазақ және орыс труппаларының басын қосып отырған іргелі ұжым. Кейбір жылдары «Екі езу» сатира театры да осы ұжымның құрамында болды. Түсінген жанға театр — тек өнер шаңырағы ғана емес, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі, ұлттық тарихты сақтап, ұлттық әдебиетіміз бен ән-күйімізді де насихаттап, яғни сан саланы біте қайнастырып, сабақтастырып отырған киелі руханият ордасы.
Әр қойылымда үлкен-кішіге ой салатын тағылым айтылып, халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелердің қозғалатыны да бар. Мысалы, театр репертуарына Жабал Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?» атты драмасы алғаш еніп, қойылған тұста жастар да, үлкен кісілер де топ-тобымен барып, театрға сыймай кеткені есімде. Бұл — деструктивті діни ағымдарға ілескен жастардың трагедиясы туралы туынды еді. Ақтөбедегі 2011, 2016 жылдардағы қасіретті оқиғалардан кейін халықтың өзі осы тақырыпқа назар аударып, әсіресе ата-аналар, ұстаздар мұндай қойылымдардың тәрбиелік маңызы жөнінде көп пікірлер айтқан еді.
Біздің өңірде театр өнерінің әлеуеті де зор. Бізде мамандар даярлап отырған арнайы колледж бар. Бұл — «Тарлан» колледжі. Оның түлектері тек өз өңіріміз емес, Астанада, Алматыда, еліміздің басқа да аймақтарында өнер көрсетіп жүр.
Сонымен қатар, біздің облыста бірнеше халық театры да сәтті өнер көрсетіп жүр. Мұның өзі осы өнерге деген көрерменнің сұранысы жоғары екенін көрсетеді.
Сондықтан біз театрға жаңа ғимарат салынатыны жөніндегі хабарды, әрине, үлкен қуанышпен қабылдадық. Бұл — көптен күткен сүйінші хабар.
Жаңа ғимарат халықаралық деңгейдегі талаптарға жауап бере алатындай, кең, еңселі болса дейміз. Бұл жерге осы өнердің ірі қайраткерлерін, тіпті шетелдік белгілі мамандарды шақыра алатындай болса деп тілеймін.
Театрымыз одан әрі дамуы үшін, ғимаратпен қоса, мамандар даярлау мәселесіне де көңіл бөлінуі керек. Жігерлі, білікті мамандар, соның ішінде жастар театрдың бағын ашады деп сенемін.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button