Тұлға

Ұстаз тәлімі

Ұлағатты ұстаз. Кәсіби ғалым. Отаншыл азамат. Осы мағыналы үш ұғымды болмысына сіңірген жандар айналамызда аз емес. Алайда олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткері, ұстазымыз Амангелді Айталының жөні бөлек, оның тұлғасы бізге, ең алдымен, Ұлт жанашыры ретінде қымбат еді. 

Ұстазымыз күнделікті қызметінде, өмірде «ондаймын, мұндаймын» деп, өзі туралы айтқанды мүлде ұнатпайтын, алайда оның биік азаматтық ұстанымдары еңбектерінен үнемі көрініс тапты. Ол — бірқатар фундаменталды монографиялардың авторы. А.Айталының мақалалары мен монографияларында кең ауқымды мәселелер қамтылды. Ол егемен Қазақстанның қалыптасу кезеңін сипаттайтын қоғамдық-саяси, тарихи-құқықтық, рухани тақырыптарға көп мән берді. Мақалаларында ұлттық мемлекеттілік, бірегей мәдениеттің, дәстүр мен тілдің дамуы, мемлекет құраушы ұлттың және республикада тұратын басқа да этностардың ұлттық қадір-қасиетін нығайту, халықтар достығы, ұлтаралық және конфессияаралық келісім туралы көп жазды.

Қазақстанның философиялық мектебі тәуелсіздік жылдарында елімізде саясаттану, әлеуметтану сияқты ғылымдардың бағдарын анықтап, туыстас сала өкілдерін біріктіре білді.Амангелді Айталы да  қазақстандық саясаттану, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымның және басқа да заманауи бағыттарының қалыптасуына зор үлес қосты.Оның идеология және ұлттық саясат мәселелері жөніндегі зерттеулерін Қазақстан ғылымына қосқан баға жетпес үлес ретінде айрықша айту керек. Сонымен қатар А.Айталының ғылыми ізденістерінде егеменді Қазақстанның қалыптасуы мен мемлекеттік құрылысының өзекті мәселелері әрқашан маңызды орында болды.

Ол танымал ғалымғана емес, бірегей шешен де еді. Мінбердің сыртындақажет жерінде олқатты айта да алатын, бірақ әдетте сабырлы, жай сөйлейтін. Жайбарақат үні жиналғандарды оның сөзін мұқият тыңдауға, терең ойларына бойлауға мәжбүр ететін. Профессор А.Айталы әрдайым да тек маңызды, өзекті тақырыптарды ғана қозғайтын.

Ол қашанда елеулі оқиғаларға сырттай бақылаушы болмай, өзі қатысып,істің басы-қасында жүруге тырысатын. Өмірлік мызғымас ұстанымы, қандай жағдайда да өз пікірін қорғай білетіні үшін қарапайым халық алдында да, ғылымдағы әріптестерінің арасында да зор беделге ие болды. Ол ғылыми ортаныңұлттық мәселелерді терең түсінетін, азаматтық ұстанымы берік,беткеұстар өкілдерінің бірі болды.

Профессор Айталы қоғамдағы өзекті мәселелерге азамат ретінде де, ғалым ретінде деөткір үн қосты. Оның ғылыми және публицистикалық баяндамалары азаматтық қоғамның сұранысынан туындады. 2004 жылы Парламент қабырғасында «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» заңның жобасы талқыланғанда, депутат ретінде Парламент депутаттығына кандидаттардан қазақ тілін білуді талап етуді батыл ұсынды.

Саясатта ол өзінің интеллектуалдық ұстанымына адал және дәйекті болды. Қарсыластарының біржақтылығын, ой қайшылықтарын әшкерелеген кезде де, сабырлы қалпынан танбай, диалог мәдениетін ұстанатын. Зиялы жан ретінде ол ең алдымен өзіне сыни көзқараспен қарап, өзіне талап қоя білетін.

Ғалым «Жаңа Қазақстан» идеясы төңірегінде де тың пікірлер айтты. Осыған байланысты ойын былай тұжырымдады: «Жаңа Қазақстан» бағдарламасын дайындау, жүзеге асыру барысында ұлттық мүддені үйлестіру маңызды: әлеуметтік-экономикалық, мәдениет, білім, мәселелері мен ұлттық-этникалық проблема. Осы екі өлшемді бір-бірімен ықпал­дастықта, бірақ олардың бір-бірімен байланысы тура емес, жанама және ол уақыт өте көрініс алады. Бұл фактор мемлекеттің ұлтаралық қатынастар, ел ішіндегі саяси, әлеуметтік-психологиялық ахуалға әсер етеді. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» концепциясы қазақстандықтардың, әсіресе қазақ этносының білімі, демографиялық жағдайы, өлімі-тууы, өмір жасының ұзақ­тығы, еңбекпен қамтамасыз етуі, қыл­мысқа қатыстылығы, көші-қон үдерісі, қоныс­тануы, тағы да басқа факторлар негізге алынуы қажет. Бүгін біздің Қазақ­стан­дағы қазақтардың жағдайынан мәлі­метіміз тапшы. «Жаңа Қазақстандағы қазақ­тар» деген айрықша бағдарлама да­йындайтын уақыт жеткен сияқты».

«Шәкіртсіз ұстаз — тұл» дейді халқымыз. Ғалым Айталының соңынан ерген шәкірт­тері көп. Ол Қ.Жұбанов атындағы Ақ­төбе өңірлік университетінде өз мектебін қа­лыптастыра алды деп санаймыз.

1970 жылы Ақтөбе педагогикалық институтында философия және ғылыми коммунизм кафедрасы құрылып, оған А.Айталы басшылық етті. 1998 жылы философия ғылымдарының докторы, профессор А.Айталының бастамасымен университеттің тарих факультетінің құрамынан философия мамандығы және кафедра жанынан әлеуметтік философия мамандығы бойынша аспирантура ашылды.Бұл маңызды іске философия ғылымдарының докторлары — профессор, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі А.Тайжанов пен профессор Ә.Асаров және басқа да ғалымдарөз үлесін қосты. Философия ғылымдарының докторы, профессор Т.Рысқалиев, философия ғылымдарының кандидаттары Б.Шәпиев, А.Мұхамбетжан, Б.Қожамұратов,  М.Бозжігітова, М.Ғабдсаттарова сынды ұстаздар оқытқан философия мамандығының 2002-2006 жылдардағы түлектері қазір тек Ақтөбе ғана емес, Батыс өңірдің басқа да облыс орталықтарында, Астана мен Алматы қалаларында жоғары оқу орындарында оқытушылық қызмет атқарып жүр.

Солардың қатарында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты Е.Мұханбетқалиев, «Қазақстан халқы  Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Ү.Сәрсембин, философия ғылымдарының кандидаты Н.Нұрғалиев, т.б. бар.

Жуырда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті басшылығының ұйымдастыруымен университеттің ғылыми кітапханасынан Амангелді Айталы атындағы оқу залы ашылғалы жатыр. Негізгі мақсат— студент жастар мен жас оқытушы мамандарға Амангелді Әбдірахманұлының артына қалдырған ғылыми еңбектерін, мол мұрасын насихаттау. Сонымен қатар алдағы уақытта университетте әр жыл сайын «Айталы оқулары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру да жоспарланған. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Амангелді Айталының ұлт жанашыры, ғалым, ұстаз ретінде атқарған ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды.

Бекен БАЛАПАШЕВ,

Айнұр ЕШНИЯЗОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің философия мамандығының түлектері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button