Диссертациялық жұмысымды «Ақтөбеге» арнадым

Біздің оқырман
Гүлайым ЖОЛАУШЫБАЙ,
№19 мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары.
Бала кезімнен газет-журналды ерекше жақсы көремін. Мектепте оқып жүргенімде үйімізге «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері үзіліссіз келіп тұратын.
«Ақтөбенің» қызыл әріптермен жазылған сол кездегі логотипі ерекше есте қалды. Газеттің жаңа нөмірі келген бойда, телебағдарламалар күнделігі жазылған бетін бөліп алып, теледидардың қасына іліп қоятынбыз.
Өсе келе газеттің қиындыларын жинап, сабақ барысында пайдаланатын болдық.
Мектеп бітірген соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Студент кезімде де өңірлік басылымнан алыстағаным жоқ. Нәтижесінде бұл менің диссертациялық жұмысымның тақырыбына айналды.
Иә, менің ғылыми тұрғыда жазған алғашқы жұмысым осы «Ақтөбе» газетімен байланысты. Тақырыбы — ««Кедейден» «Ақтөбеге» дейін. Ақтөбе өңіріндегі баспасөз тарихы».
Мұндағы мақсатым — мерзімді басылым беттерінің маңыздылығын анықтай отырып, оның тарихын жеткізу еді.
Бүгінде білім саласындағы еңбек өтілім 10 жылға жуықтады. Жуырда оқушыммен бірге осы тақырыпты қайта зерттеп, ғылыми жоба қорғадық.
Қоғамның жаршысына айналған «Ақтөбе» келер жылы 100-ге толады.
Ұлт болашағына бейжай қарамайтын, рухани азықты қажет ететін облыстың әрбір тұрғынын ғасырлық тарихы бар баспасөзге жазылуға шақырамын.
Мұнда сіз іздегеннің бәрі бар!
Ақтөбе қаласы.