Басты жаңалықтар

Ауру ауыздықталды!

Алға ауданында сиырлардың қарасаннан өлгені белгілі болды. Індет тарамас үшін залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, жаппай екпе салу басталды

ҚАРАСАН КЕЛДІ!

Жұқпалы індеттің таралмауы үшін тиісті мекемелер не істеп жатыр?

Ауылда өскен әр бала біледі. Жаратылысынан мінезі қыңыр зеңгі баба тұқымына ашуланғанда шешелеріміз «қарасан келгір» деп кейитін. Сол аты жаман індет мал шаруашылығы мамандарын алаңдатып отыр.

Жақында Алға ауданының Тоқмансай ауылдық округіне қарасты «Өлетті» шаруа қожалығында 9 сиыр белгісіз аурудан өлді. Ветеринар мамандар өлген малдың ішкі ағзасын тексеру кезінде уланғанын айтты. Алайда облыстық ветеринарлық зертхана сараптамасына сәйкес алдын ала қойылған нақтама теріс нәтиже көрсетіп, малдың қарасаннан өлгені белгілі болды. Алға ауданындағы жағдайға байланысты республикалық қордан 38 мың доза вакцина үшін қаражат бөлінді. Бұл — бір ғана ауылда болып жатқан мәселе.

Қазір мал ауруының алдын алу үшін аймақта қандай шаралардың атқарылып жатқанын білу мақсатында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембаймен әңгімелескен едік…

Қожалық шығыны төленеді

Биыл 22-27 қараша аралығында  Тоқмансай ауылдық округіне қарасты «Өлетті» шаруа қожалығында 9 ірі қараның өлгенітуралы ақпарат тіркелді.Ветеринармамандар өлген малдың ішкі ағзаларын тексеру кезінде алдын ала улану нақтамасын қойды. Алайда облыстық ветеринарлық зертханасараптамасына сәйкес, бұл нақтама теріс нәтиже көрсетті. 28 қараша күні облыстық ветеринарлық зертхананың №SO-23-D-02(12)-2698-A-D сараптау актісінің нәтижесіне сәйкес қарасан ауруы екені анықталды. Бүгінгі таңда ветеринармамандар жануарлардың барлық өлексесін Тоқмансай елді мекеніндегі мал қорымына апарып, залалсыздандырды. Жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша ветеринарлық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу жоспарына сәйкес Алға ауданына республикалық қордан қарасанға қарсы  38 000 доза вакцинаға қаражат бөлінді, — деді Айбек Сембай.

Оның айтуынша, Алға ауданы бойынша бекітілген жоспарға сәйкес өткен он ай бойынша өңірде қарасанға қарсы егу жұмыстары толығымен орындалған. Дегенмен Тоқмансайдағы жағдайдан кейін егу жұмыстары жалғасып жатыр. «Бүгінгі таңда анықталған эпизоотиялық ошаққа Тоқмансай ауылдық округі әкімінің карантин қою туралы  шешімі күтілуде.Сауықтыру іс-шараларын «Эпизоотияға қарсы жасақ» мекемесінің мамандары жүргізеді. Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес мал иесіне келтірілген шығын республикалық бюджеттентөленеді», — деді ол.

Ауру мал үшін өтемақы төленетін болды. Бұл да болса шығынға батқан шаруашылық үшін үлкен олжа. Ресми мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері 1190 ірі қара мен 385 ұсақ мүйізді мал қайта өңдеуге жіберіліп, мал иелеріне 175 миллион теңге көлемінде 30 пайыз өтемақы төленіпті.

Сібір жарасы: эпизотологиялық ахуал тұрақты

Жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларының алдын алу үшін ветеринарлық іс-шаралар жоспары болады. Биыл аталған жоспарға сәйкес облыста жануарлар мен құстарда кездесетін аса қауіпті 17 ауруға қарсы вакциналаубойынша 8 845 555 манипуляция жасау жоспарланды. Оның ішінде ірі қара — 3 289 200, ұсақ мал — 2 463 100, жылқыға — 252 490, түйе — 83 795, шошқа — 7500, құс —1 267 400, марал — 720. Бүгінде республикалық қордан барлық биологиялық препарат келіп, 11 айлық жоспар 100 пайыз орындалды, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жоспарға сәйкес аусылға қарсы 300 000 доза вакцинаны егу жұмыстары жалғасып жатыр. Сібір жарасына қатысты вакцинаның 1,5 миллион дозасы толығымен манипуляцияланды.

Облыс көлемінде ірі қараның, жылқының, түйенің, маралдың, шошқаның сібір жарасы бойынша эпизотологиялық ахуал тұрақты. Жақында 525 562 ірі қара,914  823 ұсақ мүйізді мал серологиялық зерттелді. Ірі қараның да, уақ малдың да  жұқтыру көрсеткіші — 0,5 пайыз, — деді Айбек Сембай.

Басқарма басшысы малды түрлі аурулардан сақтау үшін вакцинаға тапсырыс беру жұмыстарының қалай жүргізілетінін де тілге тиек етті. Оның айтуынша, министрліктің бұйрығына сәйкес жоспар құру төменнен басталады, яғни ветеринарлық пункт меңгерушісі жоспардың жобасын бұйрыққа сәйкес жүргізеді.

Ол үшін соңғы 3 жылдағы эпизоотиялық мониторинг, мал басының кіріс-шығыс саны, көршілес облыстар мен шектес мемлекеттердегі эпизоотиялық ахуал туралы деректер, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер базасына тіркелген мал есепке алынады. Осы жоспар жобасы толығымен аудан көлемінде бекітіліп, басқармаға жолданады. Одан әрі облыс көлемінде жоспар жобасы дайындалып, уәкілетті орган келісімімен және облыс әкімі орынбасарының бекітуімен ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне ұсынылады. Аталған жоспар комитетте қаралып, бекітіліп, республикалық қордан вакцина бөлінеді, — деді басқарма басшысы.

Қазіргі күні малда кең таралған сібір жарасы, қарасан, құтыру, нодулярлы дерматит, күл ауруына қарсы вакцина өзімізде өндіріледі. Ал аусыл, инфекциялық ринотрахеит, жылқы маңқасы, түйе обасына қарсы пайдаланылатын вакцинаны әзірге біз Ресейден алдырамыз.

Вакцина аймаққа жеткілікті мөлшерде келеді. Одан бөлек мал иелерінің өз қаражатына ветеринарлық дәріханалардан вакцина алуға мүмкіндігі бар, — деді Айбек Сембай.

Бүгінгі танда облыс бойынша бруцеллез анықталған 1093 ауланың  1083-іне дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліпті.

Қолайсыз пункттер және қарасан ауруы

Облыстың бас мал дәрігерінің айтуынша, қазіргі күні аймақта бас мемлекеттік ветеринарлық-санитариялық инспекторлардың ұсынысы бойынша 5 қолайсыз пункт белгіленген. Оның үшеуі — Хромтауда, біреуі — Байғанин, енді бірі —Мұғалжар аудандарында. Осындай пункттерде ірі қараны бруцеллезге шектеу шаралары енгізілген.

Айбек Сембайдың айтуынша, бүгінгі таңда ірі қарадағы бруцеллездің 5 ошағы, аса қауіпті аурулардан — инфекциялық ринотрахеит бойынша — 2, құтыру дерегі бойынша — 1, пастереллезге байланысты — 1, қарасанға  қатысты — 1, күл ауруы бойынша — 3, Ньюкасл ауруының 1 ошағы сауықтырылып, қалпына келтірілген.

Қазіргі таңда Байғанин ауданында қарасан ауруы бойынша бір ошақта сауықтыру шараларына сәйкес мәжбүрлі вакциналау, дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда «Эпизоотияға қарсы отряд» мекемесі мамандары жұмыс жасап жатыр, — деді ол.

25 маман қажет

Аймақта құтыру ауруы жыл сайын тіркеледі. Себебі бұл ауру малға жабайы жануарлар арқылы тез таралады. Сондықтан жыл сайын барлық ауылшаруашылық жануарларын құтыруға қарсы егу жоспарланған.

Ал аса қауіпті ауруларға қарсы алдын ала егу жұмыстары ақпан айынан басталады. Соған қарамастан, қарасан, құтыру, пастереллез сияқты аурулардың бірен-сараны тіркеліп жатады.

Жекенің болмаса шаруашылықтың малы болсын, малда кездесетін ауру, оның алдын алу бағытында әлі де болса проблема баршылық. Ең бастысы, вакцина бағасы қымбат. Құзырлы орган өкілдері республикалық қор арқылы алынатын вакциналар жекенің де, шаруа қожалықтары иелігіндегі малға да тегін салынатынын айтады. Сондай-ақ олар ветеринарлық стансалар жеке тұлғаларға және шаруа қожалықтарға жоспардан тыс ақылы негізде қызмет көрсетеді.

Биылдың өзінде қала және аудандық ветеринарлық стансаларға 33 жас маман жұмысқа орналасқан. Дегенмен облысқа әлі де болса 25 ветеринар маман жетіспейді. Әсіресе ветеринарлық пункт меңгерушісі және ветеринар фельдшер ауадай қажет. Айбек Сембай жастарды бұл салаға тарту үшін басқарма тарапынан Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті және Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық техникалық колледжімен тығыз жұмыс жасалып жатқанын айтады. Яғни басқарма мамандары қалалық, аудандық ветеринарлық станса директорларымен бірлесіп,бос жұмыс орындарын ұсыну жәрмеңкелеріне қатысып жүр. Алдағы уақытта мектеп түлектерімен кездесу де ойларында бар.

 Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button