Тұлға

Ел мұратына намысын жаныған нар тұлға

Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталының дүниенің өткеніне бір жыл болады. Осыған байланысты ғалым көп жылдар бойы еңбек еткен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті оны еске алуға арналған шаралар ұйымдастырып отыр. Атап айтқанда, естелік кітап шығару, А.Айталы атындағы ғылыми оқу залын ашу, профессордың ғылыми еңбектері, саяси-әлеуметтік көзқарастарының тәуелсіз Қазақстан руханиятын қалыптастырудағы рөлі мен маңызын зерделеуге және насихаттауға арналған «Профессор Амангелді Айталының ғылыми-педагогикалық мұрасы және қазіргі Қазақстандағы руханият мәселелері» атты республикалық ғылыми конференция өткізу және басқа да іс-шаралар жоспарланған.

Біздің газетіміз Амангелді Айталымен ондаған жылдар бойы әріптестік қарым-қатынаста болғаны оқырманымызға жақсы белгілі. Университет қабырғасында қызмет еткен жылдарында ғана емес, Парламент Мәжілісінің депутаты болған жылдарында да ол Ақтөбеге келген сапарларында редакциямызда болып, ел мен ұлт тағдырына, түрлі әлеуметтік мәселелерге байланысты бірқатар сұхбаттар берді.

Амангелді Айталыны еске алу шаралары қарсаңында біз онымен қызметтес, әріптес болған жандардың естеліктерін ұсынып отырмыз.

Адамзат өз тарихын өзі жасайды. Шешуші тетік тұлға екендігіне де күмән жоқ. Сондықтан соңғы кезде адам факторы, адам капиталы туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Бұл ретте жеке тұлғаның ғұмырнамасын оның өзінің басыбайлы құндылығы ғана деп қарастыру жеткіліксіз. Ақиқаттың екінші жағы оны әлеуметтік құндылық ретінде де талдау мен тануды талап етеді. Түптеп келгенде, жеке тұлғаның тарихи заңдылықтармен үндес немесе оларға бейтарап не кереғар іс-әрекеттерінің жиынтығы нақты қоғамның, тұтас өркениеттің кескін-келбетін сомдап, басты және қосалқы сипаттамаларын айқындайды. Демек, ұлы Абайдың адамзатқа ең керектілерді сараптауда «харекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек» тәрізді қадір-қасиеттерді екшеп алуы бекерден-бекер емес.

Сәйкесінше, қоғамда салмағы бар тұлға болмысы оның жеке өмірінің  ғана суреттемесі емес, тұтас әлеумет өміріндегі елеулі феномен. Ол әсіресе өскелең ұрпақтың дұрыс мұрат-мақсат, бағыт-бағдар, соларға жеткізер тәсіл-амал, ұстаным таңдауын қамтамасыз ету үшін қоғамда тұлғалық үлгі сомдау үшін қажет. Әңгіме тек осындай үлгілердің жасанды емес, шынайы болып шығуында, орынсыз тықпаланбай, баршаны ерікті түрде бас игізер пәрменге ие болуында.

Амангелді Айталы осындай үлгілік пәрмені мол бірегей тұлға болатұғын.

Біріншіден, ол — қарапайым балықшы отбасында дүниеге келіп, кеңес заманында білім алып, ұл-қыз тәрбиелеп, өз өмірін жетілдіруге бар қарым-қайратын жұмылдыра білген тұлға. Екіншіден, халық жауы ретінде қудаланған, Ұлы Отан соғысында мерт болған әкеден жастай қалып, еркелік, молшылық дегенді білмей өссе де, «инемен құдық қазып»,ұстаз-ғалыматанып, қоғамдық өмірде ерекше белсенділігімен  ізгілікті із қалдырған азамат. Үшіншіден, саналы өмірінде ар-намысына кіршік жуытпай, әлеуметшілдікті, мемлекетшілдікті, ұлтжандылықты ту қып көтергендердің алдыңғы шебінен көрінген бірегей қоғам және мемлекет қайраткері. Әрқайсысы бір төбе бұл қырларын бір-біріне кіріктіре білген ойшыл артында мол рухани мұра қалдырды.

Орта ғасырда өмір сүрген ұлы араб ойшылы әл-Кинди адамдардың ақыл-қабілетін төрт түрге бөліп талдаған екен: 1) алғыр ақыл; 2) сылбыр ақыл; 3) табынышты ақыл; 4) көлгір ақыл. Біздің қоғамда бұлардың бәрінің де иесі бар. Ең жағымдысы тәрізді көрінетін алғыр ақылдың өзі де әлеуметке, мемлекетке қызмет етпей, қарақан бастың қамын қуалап кетіп жататыны құпия емес. Бізге керегі Ұлы Абай атамыз айтқан «нұрлы ақыл» болса керек. Амангелді ағамызды азамат, ғалым-ұстаз, қайраткер ретінде ерекшелеп тұратын бір қадір-қасиеті «жылы жүрек, ыстық қайратпен» кірігіп тұрған осы нұрлы ақылы ма деймін. Екіншісі — Ұлықбек ақын жалындата жар салған «Найзағай намыс — қазаққа біткен шамшырақ!».

Сондықтанда Амангелді Айталы — Алаш зиялыларының бүгінгі заманғы тұяғы, ұлт мұратына намысын жаныған нар тұлға.

Әбекең өзінің тілшілерге берген сұхбаттарында айтқандай, «Астрахан облысының Володар ауданында бір кезде балығы тайдай тулаған, суы терең, ағысы қатты Бозан өзенінің бойында қоныстанған көп балықшы ауылдарының бірі Торсық ауылында, орыстар Турсовка деп кеткен ауылда» өмірге келген. Бозан — Еділдің Каспий теңізіне құятын саласы, Қазтуған жырау шамамен ХV ғасырдың 20-30жылдары осы өзеннің бойында өмір сүрген түркі тайпаларының рубасы көсемі, әскербасы, батыры болған.

Бүгінде Астрахан қазақтары өздерінің ата-мекенінде өмір сүріп жатыр. Олардың ата-бабалары Гурьев облысының Құлсары өңірінен құрғақшылық, жұт жылдары Астрахандағы бауырларына, сулы-нулы жер іздеп келген. Кеңес заманының 30-жылдарындағы көшпелілерді отырықшы елге айналдыру саясаты аясында Гурьев облысынан да қазақтарды көшіріп әкелген. Оларды жергілікті қазақтар «переселендер» дейтін. Қазақ елінен оқшау тұратын Астрахан қазақтары туған әдебиеті мен өнерінен кенжелеу қалған. Болашақ ғалым-ұстаздың балалық шағы XIX ғасырдың 40-жылдарында өтті: «Елде білімді, әсіресе мұсылманша білім алғандар аз болды. Білімді адамдардың бірқатары соғыста қаза тапты, аман келгендері мүгедек, көңіл күйлері төмен, қажыған, араққа да үйірлері болды. Бірақ қазақтың ән-күйін жақсы көреді, патефон, күй табақтарын тыңдайды, артистер өте сирек келетін. Қолдары  тигенде маған керосин шамының жарығымен батырлар жырын оқытатын. Қазақы тәрбиені, әдет-ғұрыпты, тілді, намысты болуды, еңбексүйгіштікті анамнан, ертерек есейген ағамнан, әрине, оқу-білімнен алдым».

Жеті жылдық мектепті үздік бітірген бозбала мектеп директоры, ұстазы Хамат Қашқынбаевтың ақылымен Володар ауданының орталығы Володаровкадағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Оны бітірген соң өзі туып-өскен өңірдегі Марфин ауданы, Қызылтаң ауылының мектебінде екі жыл бастауыш кластың мұғалімі боп жұмыс жасайды. Қазақстанға оралу мақсаты жоғары білімге деген құлшыныспен ұштасып, Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетін Лениндік стипендия иегері атағымен тәмамдайды. КазГУ-дің аспирантурасына жолдама алып, оны «Ғылыми коммунизм» мамандығы бойынша аяқтап, белгілі ғалым Мұхамбетқали Сужиковтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғайды.

Ақтөбе өңіріндегі өмірі 1968 жылы Ақтөбе педагогикалық институтында оқытушылық қызметпен жалғасты. Институттың ұстаздар құрамындағы алғашқы жас ғылым кандидаттарының бірі, кафедра меңгерушісі ретінде бүгін республикамыздағы ірі білім және ғылым ордасына айналған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің іргетасын қалауға сүбелі үлес қосты. Ұзақ жылдар кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор қызметтерін абыроймен атқарды. Бұл жылдары Амангелді Әбдірахманұлы көрнекті қоғам қайраткері, ұстаз-ғалым Мұхтар Арынмен тізе қоса еңбек етті. Қос жақсының ынтымақты еңбегі аз жыл ішінде институттың республикадағы жетекші жоғары оқу орындарының алдыңғы шебінен көрінуіне зор ықпал етті.

Институттың нығаю жылдары азамат, ұстаз, ғалымның есею, пісу, жетілу жылдарымен қоса өрілді. Студенттерге дәріс беру қалың жұртшылық арасында саяси білім тарату ісімен қатар жүрді. А.Айталының ағартушылық миссиясы осы кезеңдерден бастау алады. Одақтық «Білім» қоғамының лекторы, облыстық партия комитетінің штаттан тыс лекторы, саяси баяндамашы ретінде Ақтөбе облысында болмаған жері кемде-кем. Жылдың төрт мезгілінде, күннің ашық-жарығына қарамастан, партияның кезекті шешімдерін алыстағы ауыл еңбеккерлеріне жеткізуге жұмсалып жүрді. Пайдасыз болған жоқ: бұқара халықтың хал-жағдайымен танысты, ресми статистиканы нақты ахуалмен салыстырды, теория мен практиканың арасындағы алшақтықтың сырын ашуға итермелейтін фактілермен бетпе-бет келді. Облыс халқы құрамының көпұлттылығы, олардың психологиялық, әлеуметтік ерекшеліктері ғалым-ұстазды өзі зерттеп жүрген ұлтаралық қатынастар мәселелерін әрі қарай тереңдетіп зерделеуге түрткі болды.

Одан соңғы ілім-білім жолы ұстаздық қызметпен қоса өрілген ғылыми ізденістермен жалғасады. Өзін қызықтырған ұлтаралық қатынастар мен ұлтжандылық мәселелерін кешенді түрде зерттеу мақсатында Мәскеу ғалымдарымен тығыз байланыс орнатып, докторлық диссертациясын дайындайды. Бұл кезеңнің өзінің ғылыми дайындығын жетілдіруге тигізген игі әсерінің кейбір тұстарын абзал аға былайша еске алатын: «Мәскеу профессорларының алдын көрдім, ең бір қызығы — еврейлер ортасына түстім, ақыл-кеңестерін алдым, көптеген мәселелерге байланысты ойларын білдім. «Өзгені мақта, өзіңді мақтама, өзгені кешір, өзіңді кешірме, өз ұлтыңның мінін өзгеге сынатпа, өзің сына, ең алдымен өз ұлтыңа қызмет ет» — дейді еврейлер. «Біз, еврейлер, ұлтымызды өзіміз сынаймыз, басқаларға сынатпаймыз, еврейлер туралы анекдоттар — біздің өзімізді сынаған анекдоттарымыз, өзгелер оны  қайталайды, кейде бұрмалайды» — дейді».

Мәскеулік сарабдал профессорлардың сұңғыла ойлары мен астарлы сөздерінен, өмірлік тәжірибеден алған сабақ болар, ұстаз-ғалым, саясаткер А.Айталы өзінің рухани қалыптасуының қайшылықты болмысын былайша түйіндеген-ді: «Еуразияшылдар үшін «национализм», «ұлтшылдық» нақтытарихи ұғым, ал совет идеологиясы үшін тек жағымсыз ұғым. Күні бүгінге дейін де қоғамтанушылар ойын жасырып, саясаттану, әлеуметтану, басқа да ғылымдарды билікті жақтайтын идеологияға айналдырып алдық та, ақиқаттан алыстай бердік. Мен Мәскеу профессорларының алдын көріп, батылдау болдым, бірақ шегінетін жерімді де білдім. Ол біржақтылықтан, қаралаудан сақтандырып, өмірді талдауға икемдейді. Бірақ ішімде әлі цензор отыр. Бір ойымды айтқым келсе, әуелі Ақорда жаққа бір-екі жұмсақ көпшік тастап, сосын әңгімеге кірісемін».

1999-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екі шақырылымының депутаты болып еңбек етті.

Амангелді ағамыздың ғылыми ізденістері мен қайраткерлік қарымын елге айрықша танытқан кезең — осы депутат қызметін атқарған жылдар. Ғалым-ұстаз қоғамда қордаланған өзекті мәселелерді құқықтық тұрғыдан реттеуге аянбай атсалысты. Бұл жөнінде оның сол кездегі Парламенттегі әріптесі, халық жазушысы Фариза Оңғарсынова былайша куәлік етеді: «Амангелдінің үлкен тұлғаға айналғанына осы парламентте көзім жетіп, қуандым. Бір ауылдың немесе бір облыстың емес, ұлттық, халықтық тұлға деңгейіне көтерілген азамат палатаның бір шешімге келе алмай тығырыққа таянған сәттерінде шешімді, парасатты пікірлерімен талай алып шыққанын Мәжіліс депутаттары жақсы біледі. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, шетелдерге бала сатуды тоқтату, министр ауысқан сайын өзгеріп жататын білім, ғылым саласындағы реформалар, шетелдердегі қандастарымыздың тағдыр тауқыметі — міне, осы мәселелердің бәріне бастамашы болған Амангелді Айталы болатын. Ақтөбе аймағының экономикалық қиындықтары мен бюджетті бөлудегі алақолдық төңірегінде Елбасына, Премьер-Министрге бірнеше рет кіріп, елдің мұңын жеткізгеніне мен куәмін».

Жергілікті билікпен ынтымақты тірлік арқасында сайлаушылар аманаттарының басым бөлігі берекелі нәтижеге ұласты. Мысалы, Хромтау-Алтынсарин теміржолының құрылысына, Хромтау, Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы, Қобда аудандарында тасжол салуға, Ойыл, Қобда, Мәртөк, Комсомол және т.б. елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуге, Ойыл ауданында Қараой мектебін, Мәртөк ауданы орталығында қазақ орта мектебін салуға, аталған аудандардағы көптеген елді мекендерге телефон жүйесін жүргізуге бюджеттен мақсатты түрде қаржы бөлініп жұмсалды. Қобда ауданындағы XIV ғасырдың тарихи ескерткіші Абат-Байтақ кесенесін жөндеу жұмыстары басталды, Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаевқа ескерткіш қойылды, толық шығармалар жинағы шығарыла бастады, Арал апаты аймағындағы Шалқар ауданы тұрғындарына 100 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Мәртөк ауданына газ жүргізуге, Әйтеке ауданындағы Басқұдық мектебін қайтадан салуға кезектен тыс қаржы бөлінді. Сондай-ақ Хромтау аудандық ауруханасын, аудан мектептерін жөндеуден өткізуді қаржыландыру, Дөң кен-байыту комбинатында ұлттық кадрлардың үлес салмағын ұлғайту, комбинат жұмысшыларының еңбекақысын, зейнетақысы мен жәрдемақысын көтеру мәселелері оң шешімін тапты. Айта берсе, мұндай тындырылған шаруалар тізбегін әрі қарай жалғастыруға болады. Осының бәрі депутат Айталының сайлаушылары артқан сенім үдесінен шыққандығының айқын дәлелі.

Депутат кезіндегі халықаралық деңгейдегі қызметі бөлек атап өтуге тұрарлық. Ол ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясының білім, әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі ретінде 2000-2004 жылдар аралығында Санкт-Петербург, Мәскеу, Киев, Бішкек қалаларында өткен конференцияларда тәуелсіз мемлекеттің білімі мен оқулықтар саласындағы дербестігі, мемлекеттік тіл, демографиялық саясат сияқты өткір мәселелерді шешуге араласты, нақты ұсыныстар жасады. 2004, 2006 жылдары Брюссель және Рим қалаларында өткен адам құқы және діни сенім бостандығы жөніндегі конференцияларға қатысып, Қазақстан тәрізді жас мемлекеттердің ішкі рухани ахуалына сырттан келген әртүрлі діни ағымдардың кертартпа ықпалы туралы факторларға сараптама жасады. Оңтүстік Африка Республикасы, Сирия, Ливия, Ливан, Ресей, Бельгия елдерімен парламентаралық байланыстардың нығаюына өз үлесін қосты. 24 рет шетелге сапар жасаған екен, әр сапарында әлемдік қауымдастыққа қазақ елін таныстырып, өзі көріп, естіп, түйгенінің керектісін қоғам өмірін жаңалап, жетілдіру ісіне қолдану бағытында тырысып бақты.

Осы жылдары ел аузында, мерзімді басылымдар бетінде «Айтары бар Айталы»,  «Жетпіс жеті депутат — бір төбе, Амангелді Айталы — бір төбе» деген қанатты сөздер пайда болды. Парламент қабырғасында жүріп, ешнәрседен қаймықпай, халық көңілінің әуенін дөп тауып, көкейінде іркілген күрделі сұрақтарға тұшымды жауап бере алған батылдығы мен мәмілегерлік шеберлігіне тәнті болғандықтың қиуазы болар.

Депутаттық қызметі аяқталған соң профессор А.Айталы ұстаздық жолына қайта оралып, үш жыл Қазақ заң университетінде еңбек етті. Нарық заманының талаптарына сай, жаңа сипаттағы заңгер мамандар даярлау ісіне қомақты үлес қосты. Студенттер мен магистранттардың жоғары білікті маманмен әрбір кездесуді асыға күтетін ақылман тәлімгері болды. Алайда жоғары оқу орнындағы еңбек жолын бастап, отыз жыл бойы кәсіби шеберлігін шыңдаған, туған жеріндей ыстық Ақтөбе өңіріне, өскен ортаға оралу ойы өзіне бағындырмай қоймады. Сол мезгілдегі институт ректоры, абзал азамат Ғалымжан Нұрышевтың шақыруымен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына оралып, ғылыми орталық басшылығына тағайындалды.

Өмірінің соңғы 11 жылында Жұбанов университетіндегі ғылыми орталыққа жетекшілік етті. А.Айталымен жұмыстас болған әріптестері, алдын көрген шәкірттері, көпшілік аудитория әрдайым оның лекторлық шеберлігіне тәнті болып, «болмасақ та ұқсап бағуға» тырысатынбыз. Сөзге шешен, ойға жүйрік ғалым-ұстазға тән темірдей берік логика, дәйектілік, өмірдің өзінен алынған мысалдар, әлемдік ғылым, әдебиет классиктерінің еңбектері мен шығармаларына сілтемелер талданып отырған күрделі мәселені тыңдаушысының терең ұғынуына жол ашып, нақты іске жұмылдыратын-ды.

А.Айталы — 11 монография мен оқу құралдарының, 170-ке жуық ғылыми мақалалардың авторы. Оның бүгінгі Қазақстан қоғамындағы саяси-әлеуметтік, рухани мәселелер жөніндегі байыпты да терең зерттеулерінің нәтижелері республикалық, облыстық басылымдарда тұрақты түрде жарияланып, қоғамымызда азаматтық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нығаюына игі әсерін тигізіп келеді.

Данышпан Абай «Адамның басшысы — ақыл, жетекшісі — талап, шолғыншысы — ой, жолдасы — кәсіп, қорғаны — сабыр, қорғаушысы — мінез» деп бекер айтпаса керек. Тұғыры биік адамилықтың ұлт ұстазы түйіндеген осы сынын А.Айталының өмір бойғы тірлігінің айқындаушысы десе болар. Иә, өмір — шиыр. Азалы да, базарлы да тұстары жетерлік. «Балалықтың өлгенін» ерте білді, бауыр еті тұңғышы Алтыны мен балаларының анасы асыл Айманынан айырылудың азабынан кейін жылымық жетті. Азбас ақылы, мұқалмас жігері мен қайтпас күш-қайратына қоса, торыққан жанын сейілтіп, тосырқаған көңілін сергітіп, ошағының отын жаңғырта көсеген Гүлжан жеңгемізден құйылған нұр шуағы жұдырықтай жұмылдырып, жадағай жігіттік шақтан тез аттап өтіп, салихалы жігіт ағасы кезеңіне ұзағынан тұрақтауға жол ашты.

«Қартаң тартқан адамнан от азаймақ, От азайса, әр істің бәрі тайғақ» дейді Абай. Алайда қарттың да қарты бар екені белгілі. Және де классигіміз ой безбеніне салып таразылағанындай, бұл қартаң жайдақ жерде сүрініп, тұрлаусыз тірлікке мойынысынып, қарақан басының ғана қамын ойлайтын қартаң «қырт» болса керек. Ал А.Айталы ағамыз — ұлтжанды зиялылық зияткері, ел ағасы, «жүрегіндегі қызу-қызба» суымай, «ар-ұятының күзетшісі — ақылы» қалғып кетпей, «арыны» толастамай халқына  алпыс жылдан астам ерен еңбек етті. Өмір жолының қай торабында болмасын бар қарым-қабілетін әлеумет мүддесі мен ұлт мұратын қорғауға, баянды етуге жұмылдыра білді. Балаң бастауыш мұғалімі, зерек студент, ойлы аспирант кезеңдерін өткеріп, ғылым кандидаты, ғылым докторы асуларын бағындырды, ғалым-тәлімгерліктің дара даңғылына түсті.

2016 жылы ес білгелі жүрегіне шемен болып қатқан қайғы мұзын ерітудің сәті туды. Қан майданнан оралмаған, хабар-ошарсыз кеткен әкесі Әбдірахманның жерленген жері мәлім болды. Ұзақ іздестіруден соң абзал әке сүйегі ресейлік Солтүстік Кавказдағы Кабардин-Балқар Республикасының Майский ауданының Пришиб станицасындағы бауырластар зиратында жерленгені анықталды. Архив материалдары Әбдірахман Айталиев құрамында болған 151-ші атқыштар дивизиясы полкінің жауынгерлері 1942 жылы 12 қыркүйекте плацдармдағы күші басым жау әскерлерімен кескілескен шайқасқа түскенін айғақтайды. Танкіге қарсы қарудың команди­рі, кіші сержант Айталиев осы ұрыста фашистердің бес танкін қиратып, өзі де оққа ұшады. Ерлікпен қаза тапқан 99 боздақтың сүйегі бауырластар қабірінде мәңгілік мекенін табады. «Мемориал» порталында көрсетілгендей, Күнгей Кавказ майданы командирінің бұйрығымен Әбдірахман Айталиев осы шайқастағы ерлігі үшін бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталыпты.

2014 жылдың желтоқсан айында осы жерге ескерткіш тақта орнатылып, онда жерленген 99 майдангердің аты-жөндері жазылған. Бұл қаралы тізімде 5-ші болып «Абдрахман Айталиев» деген есім тұр. 2016 жылдың күзінде  Амангелді Айталы отбасымен Отан үшін жанын қиған әке қабірінің басында болып, зиярат етіп қайтты. Жылдар бойы жүйелі іздестіру жұмыстарын жүргізіп, қаза болған майдангерлер есімін анықтап, бауырластар зиратын өз қамқорлықтарына алған жергілікті азаматтарға зор ризашылығын білдірді.

Сөз жоқ, А.Айталының ұстаздық, ғалымдық, қайраткерлік, азаматтық тірлігіндегі бағындырған биіктері мен берекелі істері, қызығы мен қиыны мол өмір жолы — ғибратқа толы ғұмыр жолы. Балықшы баласының — арыстардың жарқын жалғасы тұғырына көтеріле алғандығының айқын айғағы.

Отан алдындағы ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Құрмет белгісі», «Парасат», III дәрежелі,  II дәрежелі «Барыс» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Білім және ғылым министрлігінің төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ ол — Ақтөбе қаласының және Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

Танымал ақын, белгілі қоғам қайраткері Ханбибі Есенқарақызы Амангелді ағасына арнау өлеңінде қазақ елінің біртуар Еріне деген ыстық ықыласын былайша жеткізген еді:

«Қара нарысың халықтың —

Жолында жүгін қалдырмас.

Ар-ажарысың халықтың —

Сауырға қамшы салдырмас!

Тілеулестігіңді Ел біліп,

Қараның қамын ойладың.

Шындықтың шамын сөндіріп,

Сыбайластыққа бармадың!

Алғаусыз алып кеудемен

Маржанын ойдың тересің.

Шәкіртім озсын, деуменен

Ұстаздық етіп келесің!»

Халқының қажымас Қара Нары, Ар-ажары, Ұлық Ұстаз, сұңғыла Саясаткер Амангелді Айталының үлкен жүрегі 2022 жылдың 21 желтоқсанында соғуын тоқтатты. Асыл сүйегі Тама Есет батыр Көкіұлы қорымының бауырайынан мәңгілік мекенін тапты. Зиратындағы ескерткіш тақтада зерделі ой зергерінің өмірлік кредосы болған «Ұлттық намыс — ең басты капитал» нақыл сөзі таңбаланды.

«Орнында бар оңалар». Ел ағасы үш ұл-қыз өсіріп, немерелер сүйді. Айбары — ақпарат­тық технология, Жанары маркетинг сала­сында қызмет етеді, Айдары — әскери қыз­метте, полковник. Немересі Ақсұңқар ата мейірімінің шуағына шомылып ержетті. Отбасы ошағын сақтаушы Гүлжан жеңгеміз Амангелді ағамыздың рухани мұрасын жинақтап, халқына жеткізу бағытындағы тынымсыз тір­лік үстінде.

Соңғы деміне дейін ұстаздық қызметін тоқтатпаған ғалымның ғылыми мұрасын зерделеп, насихаттап, Жаңа Қазақстанды қалыптастыру ісіне жарату — әріптестері мен ізбасарларының қасиетті парызы.

Ақтамберді жырау айтса айтқандай:

«Білімді туған жақсылар

Аз да болса көппен тең,

Жақсысы кеткен ауылдың

Артынан жақсы шықпаса

Өртеніп кеткен жермен тең!».

Абылай МҰХАМБЕТЖАН,

философия ғылымдарының кандидаты.

ҰЛТ ҚАЖЕТІН ӨТЕУГЕ ЖАРАЛҒАН…

Бір жарым ғасыр бойы бодандықтың қамытын киген халқымыздың еркіндік пен мәдени болмыстан ажырап қалғаны ақиқат. Тоталитарлық жүйенің темірдей қысымы қанша буын ұрпақтың еңсесін басып, тұтас ұлтты дүбара күйге түсірді. Енді тәуелсіздікке қол жеткізген тұста басым міндеттер қатарында мемлекеттікке ие ұлт қалыптастыру, ұлттық құндылықтар мен қабілет-қасиеттерді жаңа деңгейде жаңғырту, оларды жаңа заман талабына сай бағыттау міндеті тұрды.

Сонымен қатар бұл кезең тізгінді қолға қалай ұстау, қай жерде қамшылап, қай жерде аяңмен жүру керек екенін, қай кезде оңға, қай уақытта солға қарап, кейде артты бағдарлап, бірақ ұзақ мерзімді алдағы межені көре білуді, яғни ұлттық сананың жаңа жауапкершілікке сай болуын талап етті.

Осы күрделі міндеттерді шешу көзге көрінбейтін, бірақ терең де қажырлы еңбекті қажет етері сөзсіз. Ол үшін тек атойлап ұрандай бермей, оңды-солды дұрыс бағдарлап, ұлттың мүддесін дұрыс түсіне біліп, соны көпшілікке жеткізе алатын тұлғалар қажет болды.

Мұндайда әр тұлға түрліше пайымдайды. Бірі өмірлік тәжірибесіне сүйенсе, бірі табиғи түйсігіне көбірек сенім артады. Енді бірі көрген-түйгенін көпшілікке адалынан жеткізуді мақсат тұтады. Осы қасиеттерді бір басына тоғыстырған, қазақ ойшылдарының алдыңғы шебінен айқын орын алатын дегдар тұлға Амангелді Айталы еді. Әбекеңе қарап отырсаңыз, біріншіден, табиғатынан философ, ойшыл. Терең құбылыстарды, ұзақ мерзімді үдерістерді, қоғамдағы өзгерістерді бірер сөзбен, сөйлеммен сипаттап, соның даму заңдылықтарын тамыршыдай тап басуға шебер.

Баршаға мәлім, философия — ғылым мен діннің, тылсым дүние мен дәлелдің ортасындағы феномен. Амангелді ағамыз соның жарқын өкілі болды, оның талай еңбектерінен қоғамның даму үдерісін бағалаудың философиялық тереңдігі көрініп тұрды.

Екіншіден, Амангелді Әбдірахманұлы ғалым еді. Ол кісі тек ой толғап, соны қисынды зерделеп қана емес, сонымен қатар ғалымға тән ыждағатпен зерттеулер жүргізіп, статистикалық мәліметтер, түрлі ғалымдардың еңбектері, тіпті көркем әдебиеттегі кейбір суреттемелерді жүйелеп, оларды өз еңбектерінде пайдаланып, біздің өзімізді-өзіміз тереңірек тануымызға, сондай-ақ осы қоғамда болып жатқан құбылыстарды халыққа ашып көрсетуде орасан зор еңбек атқарды.

Үшіншіден, Әбекең сөзсіз қайраткер болды, яғни ол өзінің ойын ғылыми-философиялық ортада баяндап қана қоймай, өзі жұмыс жасаған ортада, атап айтқанда, ұстаздар мен студенттердің алдында, қоғамда болып жатқан үдерістерге ашық саяси тұрғыда баға бере отырып, жаңа заман талабына сай қоғамдық сананың қалыптасуына еңбек сіңірді. Бұл орайда оның жаңа құндылықтарды қалыптастыруға мақалалар мен кітаптар арқылы ғана емес, бұқараның арасына барып, тікелей үлес қосқанын айту орынды болмақ.

Ғылым мен білім ортасынан қайнап шыққан Әбекең Мәжіліс депутаты болған кезде жаңа мүмкіндіктер ашылып, жаңа ортада ол кісінің табиғи әлеуеті және білім-парасаты басқа деңгейде жарқ етті. Халықтың өкілі және халықтың мұң-мұқтажын терең түсінетін философ-ғалым ретінде Парламентте сөзінің шоқтығы биік болды. Амангелді ағамызды отандық парламентаризм тарихында өшпес із қалдырған депутат деп зор сеніммен айта аламыз.

Сол жылдарда Әбекеңнің ұлтқа қызметі бүкіл елге танымал болды. Айталы деген тегінің өзі бір құбылысқа айналды. «Айтары бар Айталы» деп өлең де жазылды.

Тағы бір қыры — ұстаздық. Бұл жерде мен тек университеттегі дәріс беруін айтып отырған жоқпын. Сөз жоқ, Амангелді ағамыздың дәрістерін тыңдап, семинарларында пікір алмасуға қатысқан студенттерді бақытты шәкірт деп санауға толық құқылымыз. Ол кісі бүкіл көзі ашық, көкірегі ояу, білімпаз, өзін-өзі түсінгісі келетін қазақтың тұтас буынына аға ұстаз болды. Сондай-ақ оның өз қатарларынан, біздің зиялы қауымның көбінен ерекшелігі — ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда дара орны бар феномен «дін исламды» терең зерттеді. Ол ислам дініндегі белгілі бір құндылықтар жиынтығын зерделеу не болмаса қасиетті Құран Кәрімнің мәтінін тәпсірлеумен емес, ислам дінінің қоғамға әсеріне назар аударды. Яғни ислам дінін кім қай деңгейде пайдаланып жүр, ол не нәрсеге алып келуде, дін бұрмаланбау үшін не істеу керек, өз өркениетінің өзегін іздеген жастар радикализмге ұрынбау үшін қандай міндеттер атқарылғаны жөн деген сұрақтарды өз зерттеулерінің басты нысанына айналдырды. Табиғи философ пен ыждағатты ғалым ретіндегі екі қасиеті ұштасып, осы бағытта терең нәтижелерге қол жеткізуіне негіз болды.

Амангелді ағамыз біздің мемлекетімізде саясаттың түрлі бағыты қалай болу керектігі туралы жүйелі де келелі еңбектер жазды. Осы ретте менің есіме он бес жылдай бұрын Әбекеңмен тығыз байланыста болып, «Ұлт саясаты тұжырымдамасын» әзірлегендегі бірлесе атқарған жұмысымыз түседі. Осы жұмыс барысында, сөзсіз, Әбекең өмірлік және ғылыми тәжірибесіне негізделген әлеуметтік үдерістерді терең түсінетін маман, әлеуметтанушы философ-ғалым ретінде жетекші рөл атқарды. Менің кейбір ұсыныстарым көбіне саяси бағытта болатын. Сондағы Әбекеңнің ұстаздық, ағалық әдептілігі таңғалдыратын еді. Жасымыздың айырмашылығына және өзінің осы саладағы үлкен маман, ғалым екеніне қарамастан, кез келген ұсынысты тыңғылықты тыңдап, електен өткізіп тұжырымдамаға пайдалануға тырысатын. Осы жайттың барлығын көргендіктен, түйсінгендіктен, менің түсінігімде, қазақтың «абыз» деген ұғымына Амангелді Әбдірахманұлы лайық.

Бүгінгі күні оның әрбір сұхбатының сусындататын даналығы, абыздығы, сонымен қатар кәдімгі жылы, өзіңді терең түсінік білімімен мәпелеп сипағандай болатын, ешқанадай дидактикасыз терең мағыналы ойларды жеткізетін қасиеттерін сағынышпен еске аламыз. Осы соңғы он бес жылғы өмірімде Амангелді Әбдірахманұлымен жиі кездесіп, жиі сұхбаттасу бақытына ие болғанымды өзімнің үлкен олжам деп есептеймін. Әбекеңмен әңгімелесу маған дүниені тереңірек тануға ықпалын тигізді. Менің жеке өзім үшін ол ақылгөй аға болды. Осы үшін де Алла тағалаға шын жүректен ризашылығымды айтамын.

Әбекең Ақтөбеге көшкеннен кейін сол жаққа барсам, мен оны іздеп, ал ол Астанаға келсе, мені іздеп жүретін едік. Әлі де талай осындай мүмкіндіктер болады деген сенімде едім. Соңғы рет хабарласқанымда Әбекең жеңгейдің шамалы сырқаттанып, ем алып жүргені туралы айтып, өзінің халінен гөрі жеңгейдің денсаулығына көп алаңдаған болатын. Дегенмен алдағы тоғызқұмалақтан өтетін әлем чемпионатында кездесерміз деп жоспарлап жүрдік. Бірақ сол жоспардың жүзеге асуына мүмкіндік болмады. Алланың жазуы солай болса, шара қандай?

Әбекеңнің феномені, Амангелді Әбдірахманұлының қазақи дүниетанымы, қазақ қоғамдық санасының жетілуіндегі рөлі әлі талай еңбектерге арқау болады деп сенемін.

Әлихан БӘЙМЕНОВ,

Астана мемлекеттік қызмет хабы

басқарушы комитетінің төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button