Әдебиет

Серік САТАНОВ

Серік Сатанов Ырғыз ауданының Нұра ауылында дүниеге келген. Ақтөбеде облыстық меткеп-интернаттан орта білім алып, одан әрі Қазақ мемлекеттік университетінде оқыды. Қазақ радиосында, «Жазушы» баспасында, «Қазақ әдебиеті» газетінде,  «Ырғыз», «Ақтөбе», «Қала тынысы» , «Экономика-бизнес» газеттерінде, сондай-ақ Ақтөбе қалалық әкімдігінде еңбек етті.

«Күміс көкжиек», «Күн махаббаты», «Сағым-дүние» атты жыр кітаптары жарық көрді. «Ақтөбе кітапханасы» сериясының 40-томы Серік Сатановтың жырларынан құралды.

Оқырмандарымызға ақынның бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.

Шоң дала кіші бесінде

Шоқтығы күннің шөкелеп.

Шашақты жылда ресімде

Шалғайғатартқантөтелеп.

 

Жүруші ем жонда қой жайып

Жусандықадаптөсіме.

Маздаған шоқтай ой жанып

Көрінетін еді-ай көзіме.

 

Шегіртке ұшса шекілдеп

Тарайтын талғау гөзәлән.

Адасқан бақа селкілдеп

Таңдайы тілеп «бозадан».

 

Ағұстың ақшыл сонасы

Бауырында аттың андыздап.

Жыңғылдың ағып сорасы

Дірілдер соқса аңызақ.

 

Жондарды жатқан арқалап,

Айдау жол шықса алдымнан.

Жүгіргім келер бұрқап ап

Оятып түзді қалғыған…

Психологиялық портрет 

 Жүрегім, жүйкем, бар тұлғам

Бұл күнде сымдай тартылған.

Мұқағали.

Ақын өлең оқып тұр шабыт буған.

От шашырап көзінен жанып тұрған.

Ой мен сезім өрт болып өртеп жанын

Жергесыймай алаулап алыптұлға.

 

Көрсең еді ақынның жанған шағын,

Жыр еліне патша боп барған шағын.

Төртбұрышын дүние түгел кезіп,

Қандай бақыт, шіркін-ай, толғанса ақын!

 

Бостандықтың бозына кеселетпе,

Тіршілікті көреді ол еселеп те.

Тағдырына тік қарап, тура кеткен

Ақындарды,жарқыным, өсек етпе.

 

Білсең еді ақынды жаралған жан,

Жолбарыстай жұлқынса жараланған.

Сезімінде сексен от қатар жанып,

Алқындырып кеудесін барады арман.

 

…Поэзия Прометейі сиынып бір,

Шабыттанса кәзіне құйылып нұр,

Кеудесінде көктасқын дүлей көшіп

Дүниені диірмендей үйіріп тұр.

Нүкте

Тірлік заңы — ұлы өмір, тарих үшін бітпеген,

Басталатын сияқты бір тіршілік нүктеден.

Туу менен өлу де табиғаттың заңы бұл,

Екі нүкте арасын уақыт жатыр көктеген.

 

Жылдар — көпір, үстінде жалт-жұлт етер ақтабан

Секөнд, минөт сырғанап қадамында аттаған.

Түнішінде қарасаң, төбең толар жұлдызға,

Ғұмыр — нүкте белгісі,ғаламатын сақтаған.

 

Адамзатқа нұр болып,шашу шашып қараған,

Көкірегіне сыр толып, махаббат боп тараған.

Күннің өзі керемет, нүкте көзі ғашықтың,

Сәуле сезім лүпілдеп, жадырайтын бар адам.

 

Жылайтын да күрсініп, уанатын балаша,

Тағдыры да тымқызық, табиғаты тамаша.

Жердің өзі әлемде нүкте екен ғой жап-жасыл

Кеңістіктің көк мұхит көзіменен қараса.

 

Жарқ-жарқ етіп найзағай ойнап өтіп сезімде,

Сабыр тауып, артынан ойланған бір кезімде

Жан-дүниенің барлығын жинап алып ұшына,

Бір нүктеге қадалар менің қара көзім де.

 

Күннің отын тартамын, Жер жылуын күшімен,

Табиғаттың сырларын мен өзіме көшірем.

Сәуле жұтқан нұр ішіп лупадай барлығын

Бір нүктеге жинап ап жүректерге түсірем.

 

Туу менен өлудің екі нүкте арасы,

Түзу сызық болмайды, уа, ғалымым, қарашы.

Сан тағдырлар жолаушы — ызу-қиқу жол кілең,

Сағынышқа сарқылар сапарлардың сарасы.

 

Тіршілікте тынбаймын, ерттеп мініп от-кеме,

Жерге бірақ оралам, сәлем беріп көкке де,

Шұбыртпалы ұйқаспен аяқталған сөйлем боп,

Айналғанша,әйтеуір, бір төмпешік-нүктеге!

Арыз

Есенин планета боп айналып жүр,

Есенғали ауылда қой бағып жүр. 

Есенғали журналды меңгеріп жүр,

Серік болса, жұмыссыз сенделіп жүр.

Тар көшенің бойында тар бөлмеде

Тарылады,жаза алмай жөнделіп жыр…

 

Өлең менің өмірде үлесім ғой,

Өлтірмеуге өлеңді күресуде ой.

Миллион адам тұрған мен Алматыда

Жүз ақынның жоқтығын білесің ғой.

 

Түсірмей жекпе-жекте туын батыр,

Арқалайды бұл күнде жүгімді ақыл.

Алматының шетінде өмір үшін

Ақ пен қара майданы жүріп жатыр.

 

Ерлік пенен ерегес жыр арқауы,

Күндерімнің салмағы мұң артады.

Бір ақынын қазақтың қорғамасаң

Жыр қып жазып қайтеміз Лорканы.

 

Күйіп-жанып күйіктің отына мың,

Түн көзіне мұң болып оқыламын.

Күй табағын Высоцкий салып қойып

Жынды адамдай ұйқысыз отырамын.

 

Белгілі ғой қасірет — қыран қайғы,

Қыран қайғы ақыннан сыр аңдайды.

Миллион адам мекені Алматыға

Миллион бірінші боп сыя алмаймын.

 

Сырымды айттым кеудеде сыздағасын,

Өлең — тағдыр,өмірің ұнағасын.

Жесір-көңіл жер болған деме мені,

Қыранбыз ғой, ей, менің, ұяласым!

 

… Есенғали журналды меңгеріп жүр,

Серік болса, жұмыссыз сенделіп жүр.

Тұрмыс тесіп кеудесін қан-қан болып

Көшелерді кезіп жүр мендегі жыр!

***

Саған жетем, Ырғызым,

Құшып қара.

Жермен емес, аспанмен ұшып барам.

Жеті жаста өзіңде құлағанда

Әжем менің құмыңмен ұшықтаған.

 

Жүрегімді тартасың сағыныш боп,

Сағыныштан жаралған ағын-күш боп.

Үміткер ұлың едім жүлде күткен,

Жанартау жүрегімде жарылыс көп…

 

Бәйгеторы аман ба, мен мінетін,

Алыстарды

Бәсіме жеңдіретін.

Желбіретіп туымды жетермін-ау,

Шабандоз сөресінде сендіретін!

***

Өмір — Уақыт!

Өлең — Бақыт!

Бердім саған өзімді,

Темір төзім, лапылдаған сезімді.

Жаным менен, қаным менен, барыммен

Жаздым ыстық көкірегіңе сөзімді.

 

Қиялымда қолын бұлғап арманым,

Өмірімді осы жолға арнадым.

Аспан-Жерді қосып жатқан көкжиек,

Күміс дидар болашақты барладым.

 

Ұлы Тарих Уақыт білер керегін,

Жүрегіне жазылсам деп келемін.

Қалса болды тасқа жазған жазудай

Күндеріме күнделік боп өлеңім!

 

***

Қызығамын қанатына құстардың,

Қалай ғана қолым жетіп ұстармын.

Көзімді арбап биіктейді биіктер,

Ұштарына жетуге мен құштармын.

 

Шарықтауға қайсар жүрек қажет шын,

Төбесінен төніпқ арар өжет шың.

Жердің жүзін өз көзіңмен шолатын,

Қанатыңның болғанына

не жетсін!

 

Астан-кестен көкіректе сезім көп,

Күйдіреді ыстығымен төзімді от.

Тамаша өмір-тағдырларын суреттеп

Айтсам деймін дүниеге өзім боп.

 

Қызығамын қанатына құстардың,

Қалай ғана қолым жетіп ұстармын.

Қиялым бар, қанатым жоқ, қайтейін,

Кеңістіктік езуге бір құштармын!

Кешкі көл

Қан жалап жүзі қып-қызыл,

Дуылдап жанып от болып.

Қан жуған найза жұтты ұзын,

Кеудеге жанған шоқ толып.

 

Қызыл күн кенет құлады,

Жартысын жұтып көкжиек.

Гауһар жасын бұлады,

Қалғандай қаусап көл жүдеп.

 

Күн тілі көркем кестелеп,

Кеш бөлеп көлді бесікке.

Жарысып самал өкшелеп,

Тербейді жырын есіп те.

 

Тербеліп баяу көл-бөбек,

Қыршын күн жүзді тереңде.

… Тұп-тұтас қызыл дөңгелек,

Дөңгеле мынау өлеңде!

Ұмытпа мені!

Ұмытсаң, ұмыта бер, —

ұмытпаспын!

Себебі Төлегенмен рухтаспын.

Қайғыдан қан түкіріп қаза тапсам

Құныма құны жетпес құлыптастың.

 

Мезгілдің өрлей шапқан жарысы көп,

Барасың басқа өзеннің ағысы боп.

Жүрегін өз қолымен жатқа берген

Демеші, мына мені намысы жоқ.

 

Мамырды жүрсем-дағы тамашалап,

Өмірде алған жоқпын оңашалап.

Жарқыным, өзің айтшы, амал бар ма

Өзгеден өзіңді алар арашалап.

 

Жан екем бақытымды білмей жүрген,

Суретің қолымда тұр Күндей күлген.

Гүл беріп тұрғандайсың қимастықпен

Сыйластық сәнін беріп гүлмен өрген.

 

Суретке көзімді алмай қарап тұрмын,

Жаны бар жансыз бейне, абат құрбым.

Жоғалған жанды бейнең жұмбақ болып,

Сондықтан суретті артық санап тұрмын.

 

Ұмытсаң, ұмыта бер — ұмытпаспын!

Себебі Төлегенмен рухтаспын.

Қайғыдан қан түкіріп қаза тапсам

Құныма құны жетпес құлыптастың!

Ауыл түні

Шалқалап көкте бұлыңғыр

Ай мынау бойы балқыған.

Еркіндік айтып құлын жүр,

Ауыл-ай, түнде қалқыған.

 

Сөйлейді қамыс сыр айтып,

Сипайды самал дірілдеп.

Түн осы жерді мұңайтып,

Жұлдыздар жүзген күлімдеп.

 

Жусанның иісі бұрқырап,

Аймалап жатыр армансыз.

Аулақта жылқы шұрқырап

Түн жырын шертті жалғансыз.

 

Сәулесі Айдың төгіліп

Сүйеді келіп шалғынды.

Көл жатыр мұңсыз егіліп

Көтеріп құрақ балғынды.

 

Әр үйден жұлдыз жарқырап,

Тыныштық әбден құрсаған.

Кетеді-ай тіптен шалқып-ақ

Ауылда егер тұрса адам!

Жаратылыс

Жеткен жоқпын дүниенің шегіне,
Жете алмаспын дүниенің шегіне.
Бар түкпірін көрсем деп ем ғаламның
Аспанымның күмбез жасап көгіне.

 

Қоссам деп ем жердің күллі жолдарын,
Қыссам деп ем бүкіл адам қолдарын,
Үлгере алмай жатырмын-ау бәріне,
Оқып бітпей тіршіліктің томдарын.

 

Таппай-таппай құпиясын, ғажабын,
Тартамын мен ойдың ауыр азабын.
Әлди-әлди, дүниені әлдилеп,
Өз әлімше зерттеп соны жазамын.

 

Күн менен түн тұрған мынау алысып,
Ақ пен қара жұлқысады сайысып.
Бәрін-бәрін көрсе дағы кешіріп
Қария жер көгереді қайысып.

 

Өмір сүріп жазықсыз бен жазықты,
Шортан болса шабақтарды азық қып,
Көрінгенге көрінбейтін күрес бар
Жүрегіңді қарамасаң жарық қып.

 

Ормандар да үнсіз ғана мүлгиді,
Өткізсе де бастарынан мың күйді.
Неше түрлі қияметін жасырып
Қарауытып қара түн де жылжиды.

 

Мінсіз мүсін сұлулығын сымбатты,
Көз алдыңда құбылтып ап қымбат қып.
Жаратылыс бойындағы қызығын
Тартады екен алдымызға жұмбақ қып.

 

…Талай күннің жырлар жазбай өткені-ай,
Болар едім шегіне өмір жеткен-ай…
Жаным менің жетем дейді, дегенмен
Тәні құрғыр тозады ғой, әттең-ай!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button