Басты жаңалықтар

Биыл Ақтөбеде 730 шақырым автожол жөнделді

Жиын

Кеше облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Оған облыстық басқарма басшылары, сондай-ақ аудан әкімдері онлайн режимде қатысты.

Автожол саласын дамыту, қорқыту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, геопорталға қатысты пайдалану ережелерін бекіту сияқты отырыстың күн тәртібінде қаралған мәселелерден бұрын облыс әкімі Асхат Шахаров қос бірдей басқармаға тағайындалған басшылар — облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев пен облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Әбішевті жиынға қатысушыларға таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жол сапасы

Аппарат отырысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр автожол саласын дамыту мәселесіне қатысты баяндады. Оның айтуынша, осы жылы іске асыруды аяқтау сатысында 181 жоба көзделген. Оның 11-і республикалық маңызы бар автожол болса, қалғандары — жергілікті маңыздағы автожолдар мен көше-жол желілері. Аталған жұмыстарды орындау үшін бүгінгі күні 55,6 миллиард теңге игеріліпті.

Жыл басынан бері облыс бойынша 730 шақырым автожол жөнделіп, салынды.  Оның ішінде 128 шақырым — республикалық, қалғаны — жергілікті маңыздағы жолдар. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі — 75,8 пайыз, жоспарлы көрсеткіш — 74 пайыз, — деді ол.

Айбек Қайыр биыл жол активтері сапасының ұлттық орталығы жалпы сомасы 272,3 миллион теңгеге 181 жобаға сапа сараптамасын жүргізгенін айтты. Осы тұста облыс басшысы:

Премьер-Министр осы мәселеге  ерекше мән берді. Болашақта орталық арқылы жолды қабылдауда айрықша мән бергендеріңіз жөн. Себебі жол құрылысына жеке компаниялар да тартылады. Осы мәселе басты назарда болсын, — деді аудан әкімдеріне.

Қазіргі күні жергілікті маңыздағы жол сапасын қамту көрсеткіші — 88,3 пайыз. Әзірге Әйтеке би ауданында сараптамамен қамтылмаған 14 жоба, Байғанин ауданында — 6 жоба, Темір ауданы бойынша 4 жоба қалып тұр.

Келер жылы жалпы құны 92 миллиард теңге болатын 97 жобаны іске асыру жоспарлануда. 621 шақырымдық автожол жөнделіп, салынбақ. Оның 135 шақырымы —  республикалық маңызы бар автожол. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 81,8 пайызға жеткізу міндеті тұр.

Отырыста облыс әкімі мемлекеттік сатып алу конкурстарын алдын ала өткізу, оның ішінде қажетті құрылыс материалдарын дайындау бойынша тапсырмалар берді. Бұдан басқа жол құрылысы процесін бақылауды күшейту, жол активтері сапасы ұлттық орталығының барлық жобасын бақылауға тарту міндеті қойылды.

Жол сапасы, оны күтіп ұстауға қатысты облыс әкімі құзырлы органдарға осы аптада рейд ұйымдастыру қажеттігін, бұл шараға қоғам белсенділерін тартуды айтты.

Буллинг құрбаны — жасөспірімдер

Отырыс барысында қаралған тағы бір маңызды мәселе — қорқыту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетовтің баяндауынша, жыл басынан бері жасөспірімдер жасаған қылмыстың жалпы санының өсуі байқалады. Оның ішінде қорқыту, ақша жинау деректері және балақұқығын бұзатын басқа да әрекеттер, соның ішінде буллинг тіркелген. Оның айтуынша, қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың көпшілігінде бос уақыт ұйымдастырылмаған. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың суицидтік әрекеттерінің саны жыл басынан бері төмендеді. Он айда 17 дерек тіркелген. Жасөспірімдерді мұндай қадамға итермелейтін басты себеп — жақындарымен жанжал.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алу мақсатында полиция, білім беру ұйымдары және өзге де уәкілетті органдар, ата-аналарды тарта отырып, ақпараттық-түсіндіру, профилактикалық жұмыстар үнемі жүргізіледі. Сонымен қатар полиция департаментінің мониторингі нәтижесінде ағымдағы жылы әлеуметтік желілерде 266 бет жабылды, оның ішінде суицидті насихаттаушылар да бар, — деді А.Саймағамбетов.

Биыл он айда отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар 20 пайызға төмендеді. А.Саймағамбетовтің айтуынша, жыл басынан бері 102 нөміріне отбасылық жанжалдар туралы 5 мыңнан астам қоңырау түскен. Нәтижесінде жәбірленушілердің 18,1 пайыздан астамы өтініш жазудан бас тартты.

Тұрмыстық құқықбұзушылықтардың жолын кесу мақсатында 5,1 мыңға жуық адам ұсталды. Оларға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылды, сот арқылы құқықбұзушылардың мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді. Барлық құқықбұзушылар арнайы профилактикалық есепке қойылып, тұрғылықты жері бойынша үнемі профилактикалық әңгімелесуден өтеді. Сонымен қатар балатәрбиесіне қатысты міндеттерді орындамайтын 254 ата-ана анықталып, жауапкершілікке тартылды, 19 ата-ана құқығынан айырылды,— деді ол.

Облыс әкімі бұл бағытта біраз жұмыстың жасалғанын, қылмыс санының төмендегенін де айта келе:

Бұл мәселені үнемі бақылауда ұстау керек. Соңғы кезде осыған байланысты қоғамда біраз талқылау бар. Қылмыстық жағдайлар төмендеді деп босаңсуға, немқұрайды қарауға болмайды, — деп Асхат Шахаров облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанға бұл орайда облыстық полиция департаментімен бірлесіп жұмыс атқаруды тапсырды.

Балабақша және жауапкершілік

Жиында өңір басшысы күні кеше ғана Ақтөбе қаласындағы «Амир» жеке балабақшасында болған жағдайды айтып, бұл мәселеге қатысты Жайық Сұлтаннан қандай шара қабылданғанын сұрады.  Оның айтуынша, ата-аналардан арыз түскеннен кейін дереу комиссия құрылып, қазіргі күні ол балабақша жабылған.

— Ата-аналар шу көтергенге дейін тым-тырыс отырдыңдар. Менің білуімше, соның өзінде ата-аналар 90 баланың қырығын бірден алып кетті. Бірінші кезекте  баласын балабақшаға беретін ата-анаға ғимарат ішімен танысуға мүмкіндік беру керек. Екіншіден, балабақша бейнеқондырғымен қамтылуы қажет. Цифрлық жүйе — нақты жағдайды білудің бірден-бір жолы. Егер алдағы уақытта балабақшаларда осындай жағдайлар қайталанатын болса, ондай ұйымның жұмысын бірден тоқтату керек, лицензия берілмеуі қажет. Әр жағдай, әр дерек — үлкен кемшілік, — деп Асхат Шахаров Жайық Сұлтанға қатаң тапсырма берді. Сонымен қоса ол жергілікті сенім телефонының жұмысын жандандыруды құзырлы орган басшылығына тапсырды.

Сондай-ақ отырыстың күн тәртібінде геопорталды пайдалану ережесіне қатысты және өзге де мәселелер қаралып, талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі кәмелетке толмағандар арасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар тапсырмаберді. Оның ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, балаларды үйірмелер мен секцияларға қамтуды ұлғайту, білім беру мекемелерінің бейнебақылау камераларын полицияның жедел-диспетчерлік орталықтарына қосу жөніндегі жұмысты жалғастыру, оқушылардың девиантты мінез-құлқын анықтау және алдын алу жөніндегі психологтердің жұмысын күшейту сияқты мәселелер тапсырылды.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button