Ғұн заманының ескерткіштері тарихқа жаңаша қарауға жол ашады
«Скиф атауы — әр дәуірде әртүрлі тілде әртүрлі аталған бір ғана ежелгі этностың атауы. Орыс ғалымдары Геродоттың «Тарих-наме» атты еңбегінің түпнұсқасынан «скиф» деп оқып келген еді. Бүгінге дейін біз орыс әдебиетіне сүйеніп, «скиф» деп танып, оқып келген этнонимді америкалық ғалым Миннс Геродот нұсқасынан «скуз» деп дұрыстап оқып берді», — дейді тарихшы-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы.
Әрі қарай таратқанда «скуз» — іч-оғуз дегенді білдіретініне, яғни оғуз байырғы түрік атауы екеніне тоқталды.
Ғалым бұл жөнінде Ақтөбеде өткен «Ұлы қоныс аудару қарсаңындағы далалық тайпалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасаған баяндамасында айтты.
Конференцияны облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық тарихи-өлкетану музейі және Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты бірлесіп ұйымдастырды. Оған тек қазақстандық ғалымдар ғана емес, сонымен бірге Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Венгрия елдерінен ғұн дәуірін зерттеп жүрген белгілі ғалымдар да қатысып, баяндамалар жасады.
Конференцияның пленарлық мәжілісі облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның құттықтау сөзімен ашылды. Бұдан кейін «Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы. Ақтөбе облысы. 1-шығарылым. Қарғалы ауданы», «Алтынқазған жерлеу-ғұрыптық кешені» (Маңғыстау облысы, авторлары — А.Астафьев пен ресейлік ғалым Е.Богданов)атты еңбектердің және «Ұлы қоныс аудару қарсаңындағы далалық тайпалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары жинағының тұсаукесері өтті.
ЖиындыӘ.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ақан Оңғарұлы жүргізіп отырды. Ал «Сынтастардың таралымы және скифтердің миграциясы» атты алғашқы баяндаманы тарих ғылымдарының докторы, профессор, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы жасады.
Ол баяндамасында «скиф» атауына қатысты ғалымдардың ежелгі деректерге (Геродот еңбегі, ассириялық Накши Рүстем шатқалы жартасындағы жазба және Бехистун жазбалары) сүйеніп айтқан соңғы пікірлерін келтірумен қатар, «сынтас» атауына қатысты да пікірін айтты. Орыс зерттеушілерінің «оленный камень» терминінен аударылып, «бұғытас» атанған бұл тастар кезінде Махмұд Қашқаридың сөздігінде «сынтас» аталған екен.
— Сынтас аталған жер атауы Оңтүстік Сібірде, Қазақстан, Шығыс Түркістан, Моңғолия, Қырғызстан аумағында кездеседі. Сондай-ақ Махмұд Қашқаридың сөздігі де орыс ғалымдарының еңбектерінен көп ғасыр бұрын шыққан. Сондықтан біз «бұғытас» атауын «сынтас» деп алуды жөн көрдік, — деді Қаржаубай Сартқожаұлы.
Ғалымның пікірінше, скуздар, яғни оғуздардың Орталық Азияда жасап қалдырған сынтастары — олардың тарихын жаңғыртатын бірден-бір материалдық және рухани мұрасы. Ал ежелгі хундардың аталмыш скифтердің (скуз-оғуз) Орталық Азияда қалған бір бөлігі екенін сынтастар дәлелдеп берген.
Еуропадағы Ұлы қоныс аудару кезеңі IV-VІІ ғасырларды қамтыса, ал ғұндар дәуірі — осы қоныс аудару алдындағы ғасырлар. Ғұндарды ғалымдар Қытайдың солтүстігінен көшкен хундардың жергілікті сармат, угор тайпаларымен араласуынан пайда болған халық деп санайды.
— Ғұндардың Еуропаға жорығын мектеп оқушылары да біледі. Алайда қазіргі Қазақстан территориясы сол кезең тарихындағы ақтаңдақтардың бірі еді. Мұнда ғұн заманының ескерткіштері бар екені бұрын белгісіз болды. Бұл тек археологтардың арқасында ашылып жатыр, — деді Ресейдің Новосібір қаласынан келген ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Евгений Богданов.
Ол «Маңғыстау жеріндегі ғұн заманының ізі» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым Маңғыстау жеріндегі ғұн заманына тән Алтынқазған, Қарақадақ ескерткіштерінде жүргізілген зерттеу жұмыстарына қатысқан.
Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстан филиалының директоры Аслан Мәмедов облыс аумағындағы Ұлы қоныс аудару кезеңінен қалған ескерткіштерге соңғы жылдары жүргізілген зерттеулердің кейбір алдын ала қорытындылары жөнінде баяндама жасады. Аслан Мәмедов ғұн дәуіріне жататын Сорлақмола, ІІ Дербісәлі, т.б. қорымдарда жүргізілген қазба жұмыстарына жетекшілік еткен еді.
— Сол дәуірден сақталған ескерткіштердің картасына қарасақ, олар Торғай даласынан Ақтөбе өңірінің батысына қарай созыла орналасқан. Оңтүстік пен солтүстік аудандарда аздау, Қарғалыда екі-үш қорған ғана бар. Мәртөкте де аз. Ал шығыс, батыс және орталық аудандардан көбірек кездеседі. Ең көп шоғырланған жері — Темір, Ойыл аудандары. Осы жерлерде өзен жағалай орналасқан. Мысалы, Ойылдағы Сорлақмола қорымында 200-дей нысан бар, — деді Аслан Мәмедов.
Жиында Түркияның Акдениз университетінің профессоры Екрем Калан, Ұланбатырдағы Моңғолия ұлттық университетінің профессоры Төрбат Цагаан, т.б. баяндамалар жасады.
Бұдан әрі конференция секциялық отырыстармен жалғасты. Ғалымдар мен зерттеушілер Батыс Қазақстаннан табылған ғұн дәуірі ескерткіштерінің тарихқа жаңаша қарауға жол ашатынын атап өтті.
Айна САРЫБАЙ.