Табыстың көзі ауылда
Ежелден мал баққан халқымыз ешкіні төрт түліктің қатарына қоспаса да, қадірін жақсы білген. Себебі ешкі қойға қарағанда тез көбейеді. Родников ауылының тұрғыны Жанна Куканова «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсіп бастап, ешкі өсіруді қолға алыпты.
Жанна ешкі өсірушілер клубында жүріп, бизнесті қалай бастау керек екенін оқып үйренді. Мақсаты — ауылдан ферма ашу. Алайда бұл үшін қомақты қаржы керек. Сөйтіп, іскер әйел ешкі өсіріп, сүтін сатуды ойлайды.
— Ойлана келе «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, құжат тапсырдым. Алғашында 2 миллион 200 мың теңгеге асылтұқымды төрт ешкі сатып алдым. Кейіннен тағы да 1 миллион 200 мың теңге көлемінде несие алып, кәсібімді кеңейттім. Ешкі қойға қарағанда тез көбейеді. Мен ешкі сүтін ауыл тұрғындарына сатамын. Себебі ешкі сүті — шипа, сатсаң тәуір табыс табуға болады. Болашақта үлкен ферма ашып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз еткім келеді, — дейді ол.
Айта кетейік, ауданда «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында жалпы құны 981 миллион теңге болатын 213 жоба тапсырылған. Оның ішінде құны 720 миллион теңге болатын 170 жоба мақұлданған. Негізінен, өсімдік және құс шаруашылығы бойынша кәсіпті қолға алғандар көп.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.