Мәдениет

«Әлия гүлі» достарымен бірге

Фестиваль

24-26 қараша аралығында Ақтөбеде «Әлия гүлі достарын қарсы алады» IX балалар және жасөспірімдер шығармашылығына арналған ашық би фестивалі ұйымдастырылды. Екі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін фестиваль бұл жолы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 98 жылдығы мен «Әлия гүлі» қазақ би ансамблінің 45 жылдық мерейтойына арналды.

Биылғы фестивальге Ресей, Татарстан, Башқұрстан, Қырғызстаннан өнер ұжымдары келді. Сондай-ақ Жамбыл, Орал, Атырау, Ақтау қалаларынан 13 ұжым, Ақтөбе облысының қала және аудандарынан 11 би ұжымы қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында Ақтөбе қаласы мәдениет  және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Гүлжайна Бисенғалиева сөз сөйлеп, фестиваль қатысушыларына сәттілік тіледі.

Бұл фестиваль Ақтөбеде 2005 жылдан бері екі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Содан бері фестивальге еліміздің өзге облыстарымен қатар, халықаралық деңгейдегі өнер ұжымдары шақырылып жүр. Байқаудың мақсаты — балаларымызды өнерге баулу, қазақ өнерін әлемдік сахна төріне шығарып, ұлттық өнерімізді дәріптеу. Биыл «Әлия» гүлі қазақ би ансамбліне — 45 жыл. Осы мерейтойға дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Әлия апамыздың есімі қазақ халқы үшін қашанда қадірлі. Сондықтан осындай батырдың есімімен аталатын өнер ұжымы әрі қарай қанатын кеңге жайып, өркендей бермек, — дейді ол.

Фестивальдің тұрақты қатысушылары Атырау қаласынан келген «Жұлдыз» халықтық би ансамблінің жетекшісі Жаңылсын Сейітова іс-шараның жыл сайын жанданып келе жатқанын айтты:

Фестивальге 2005 жылдан бері қатысып келеміз. Біз үшін асыға күтетін мерекеміз. «Әлия гүлі» ұжымы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беруі керек. Себебі жастардың патриоттық тәрбие мектебі болып саналады. «Жұлдыз» халықтық би ансамблінің 30 жылдық тарихы бар. Ансамбльден талай өнерлі жастар түлеп ұшты. Бүгінде ұжымда 70-тен астам адам өнер көрсетеді. Осы шараны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. «Әлия гүлі» би ансамблінің жетекшісі Шолпан Кәрімқызының еңбегі, Ақтөбенің ғана емес, Қазақстанның мәдениеті мен би өнерін дамытудағы үлесі орасан зор, — дейді ол.

Өнер додасына қатысушылар арасында «Тагридис» би ансамблінің мүшесі Әмина Қуанышева да бар. Ол бос уақытында биден бөлек, мәнерлеп сырғанау спортымен де шұғылданады.

Мен би үйірмесіне бес жасымнан қатысамын. Бұл байқауға жетекшіміз, кәсіби хореограф Юлия Қадырова даярлады. Кезекті рет өткізілген фестивальде заманауи би билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөлендік. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамытуға бағытталған осындай іс-шаралардың көбірек өткізілгенін қалаймын, — дейді ол.

Фестивальдің барлық қатысушысы арнайы диплом мен естелік сыйлыққа ие болды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button