Ауыл

Еңбектің наны тәтті…

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні

Байғанин ауданының орталығында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні тойланды. Қарауылкелді ауылының сыртындағы ипподромға халық көп жиналды. Шараға ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері, ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары қатысты.

Мерекеде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі және мемлекеттік қайтарымсыз грант иегерлері өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Бірнеше ақшаңқан киіз үй тігілді. Тарихи атауларды иемденген ауылдарда өлке тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер көрмеге қойылды.

Жиында сөз алған аудан әкімі Айбек Көпенов ауданның ауыл шаруашылығы саласында жасалған жұмыстарға тоқталып, жеткен жетістіктерді саралады.

Ауданда 6 өндірістік кооператив, 7 ЖШС, 501 шаруа қожалығы бар. Биыл «Жайылымдарды суландыру» бағдарламасы бойынша 10 жоба субсидияланған. Өнім өндіру бойынша, ет өнімдерінің  көрсеткіші —  102,2  пайыз, сүт өнімдері — 101,4 пайыз, жұмыртқа — 104,3  пайыз. Ауданда 264,0 мың тонна мал азығы дайындалған. 5 шаруашылықтың инфрақұрылым тарту жұмыстары бойынша сұраныстары мақұлданып, қаражат бөлінген. Ауданда 50,9 мың сиыр, 161,6 мың қой-ешкі, 31,6 мың жылқы, 4,0 мың түйе бар.

Ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, ел экономикасын дамыту мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы жетекші күшке айналды. Ауыл шаруашылығы — азаматтарымыздың өмір сапасының артуына тікелей ықпал ететін экономиканың басты салаларының бірі. Ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор нық дамып келеді, — деп аудан әкімі Айбек Көпенов бірқатар шаруашылық басшыларын  марапаттап, сыйлықтар  тарту етті. «Мұңал» шаруа қожалығының басшысы Ғазиз Сауыт пен «Бекзат» шаруа қожалығының басшысы Естай Еменовтер І дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Тұрдыбек Ыбраймов («Абылайхан» шаруа қожалығы) пен Дәуренбек Құлбатыров «Пошта») шаруа қожалығы) Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасына ие болды. Ғабит Қошаман («Шолақсай» ШҚ), Бауыржан Темірбаев («Нұрқожа» ШҚ), Имандос Қоқаманов («Имандос» ШҚ), Амангелді Елемесов (ветеринария маманы), Асылбек Назарбайларға (ветеринария маманы) облыс әкімінің Алғыс хаты тарту етілді. Сондай-ақ бірқатар ауыл еңбеккерлеріне облыстық мәслихаттың,  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының және аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.

Мереке күні ұлттық спорт түрлерінен көкпар, тай жарыс, қол күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру сынды ойындар ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға көрші аудандардан атбегілер келіп, жүйріктерін қосты. Көкпарға ауданның Қосарал, Қаражар, Ноғайты ауылдарының көкпаршылары қатысып, жеңімпаздар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің қаржылай сыйлықтарымен марапатталды. І орын алған қаражарлықтар 400 мың теңге, ІІ орын иеленген қосаралдықтар 300 мың теңге, ІІІ орынды қанағат тұтқан Ноғайты ауылының көкпаршылары 200 мың теңге сыйлыққа ие болды. Тай жарыста көршілес Ойыл ауданынан келген шабандоз оза шауып, 500 мың теңгені ұтып алды. Ал 300 мың теңгелік жүлдені Қобда ауданының шабандозы еншілесе, 200 мың теңгелік сертификатқа хромтаулықтар қол жеткізді.

Мерекелік шарада аудандық Мәдениет үйі мен ауыл клубтарының өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.

Бақытгүл ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button