Ауыл

Ойдағы елдің озаттары

Ойылда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні ауқымды түрде аталып өтті.

Ойылдың күнбатыс беткейіндегі биыл ғана жасақталған бәйге алаңында алдымен аудандағы ауылшаруашылық саласының еңбек майталмандары марапатталды. Жұртшылықты мерекемен құттықтаған облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Өтешов:

— Ауданда ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіш жетерлік. Биыл ауыл еңбеккерлері мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде мейлінше мол табысқа қол жеткізді. Төрт түлік малдың басы артты. Өндірілген өнім көлемі де ұлғайды. Әуелден атакәсіптен қол үзбеген Ойылдың ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор деп білемін, — деді.

Ол жеке кәсіпкер Сапура Мырзағалиеваға Мемлекет басшысының Құрмет Грамотасын, бірнеше шаруашылықтың төрағаларына, шопандары мен жұмысшыларына төсбелгілер мен Алғыс хаттар табыстады.

Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов бюджет қаражатына ауылдың қажеттілігіне қолдану үшін алынған екі «МТЗ-82» тракторының кілтін Қайыңды мен Қараой ауылдық округтерінің әкімдеріне табыстады. Сондай-ақ ауданның ауыл шаруашылығы саласына өзіндік үлес қосып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген азаматтарды «Үздік шаруа қожалығы», «Үздік механизатор», «Үздік малшы», «Үздік бағбан», «Үздік кәсіпкер», «Үздік жас кәсіпкер», «Үздік кәсіпкерлік нысан», «Үздік қызмет көрсету нысаны» номинацияларымен марапаттады.

Шарада «Ауыл аманаты» жобасының ауданда жүзеге асуына сүбелі үлес қосқандар да сырт қалған жоқ. Жеңілдетілген несиемен кәсібін бастап, ауылдастарына үлгі болып жүрген кәсіпкерлер де Алғыс хатпен марапатталды. Әрі қарай мереке ат жарыстарына жалғасты.

Алдымен алаңға көкпаршылар шықты. Соңғы жылдары біздің ауданда қарқынды дамып келе жатқан ұлттық спортқа қызығушылар көп екеніне көз жеткізіп келеміз. Бұл жолы да сондай көрініске куә болдық. Тіпті көршілес аудандардан да көкпарға келген білекті жігіттер көп болды. Білегі күшті, тақымы мықты көптоғайлық Еркебұлан Егізбаевтың бірнеше сәтті салымын көрген жерлестердің қиқуынан құлақ тұнды. Ал 6 шақырымдық тай жарысқа 12 тайын баптап қосқандардың ішінен Хромтаудан келген Әлинұр мінген Жамбыл Қозбағаровтың Бұйрық тайы үшінші келсе, қобдалық Руслан Суликановтың Ясмині егесіне екінші жүлдені сыйлады. Ал мәреге қара үзіп келген Ақжол саралжындық Қуандық Ермашовқа бас жүлдені «алып берді».

12 шақырымдық құнан бәйгеде Атырау облысы, Сағыз ауылынан келген Тимур Көшелековтің Көзайымы мәре сызығынан үшінші болып өтсе, Алға ауданы, Бесқопа ауылының тұрғыны Мүсілім Тұрақбайдың Батыры екінші келді. Ал құнанбәйгенің бас жүлдесі Ақтөбе қаласынан келген Әлішер Насанәлиевтің Ассакабына бұйырды.

Жұртшылық тағатсыздана күткен 27 шақырымдық аламан бәйгенің бас жүлдесі 1 миллион теңгені Ақтөбе қаласының атбегісі Ахат Сағындықтың Мұғалжары қанжығалады. Атының сыры мәлім Шынтас та нағыз шабандоз екенін көрсетті. Қобдалық Санжар Нұрпейісовтің Нұртасторысы мәре сызығынан екінші болып өтсе, Мейрамбек Таласовтың Нұрхат Әдебиет мінген Атаманы үшінші келді.

Қошқар көтеруден өткен жарыста Мұғалжардан келген спортшы Әмір Жүргінбаев бас жүлдені иеленді. Ол қошқарды 58 рет көтеріп, алаңда «рекорд» орнатты.

Ауыл ақсақалдары мен алыс-жақыннан келген қонақтарға арнайы киіз үй тігіліп, мерекелік ас берілді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button