Мәдениет

Ақтөбенің Аймұраты

Оның жүрегі қазақ деп соғатын. Отанын, туған жерін, отбасын шексіз сүйетін. Әні миллиондардың жүрегінен орын алып, шырқау биікке көтерілсе де, болмысы бір сәт болсын өзгермеген еді. Есті әндері елінің жүрегінде қалды, қайталанбайтын қоңыр дауысы әлі құлағымызда. Ол әнші еді. Ауылдан ұзамаса да, өңірдің жұлдызына айналды. Жарқ етіп сөнеріне көрінді ме, кім білсін…

Бүгінгі әңгіме қысқа ғұмырда қыруар іс тындырып кеткен талантты жігіт туралы. Айнымас ұл, адал жар, ардақты әке туралы. Ғұмырының соңына дейін өмірге ғашық болып өткен Ақтөбенің Аймұраты туралы…

Бұлақтының баласы

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Аймұрат туып-өскен ауылдың орталық көшесіне Ақтанкер атты сәйгүлікке ескерткіш орнатылған еді. Бұл — сол Бұлақтының тоқсан жылдық торқалы тойына тарту ретінде қондырылған жануардың тас мүсіні. Ақтанкер — бір ғана ауыл болмаса ауданның емес, кезінде бүтін бір қазақ елінің мақтанышына айналған жануар. Облыстық, республикалық, тіпті бүкілодақтық ат бәйгесінде шашасына шаң тимеген жүйріктің құрметіне ескерткіш қоюды ауыл азаматтары өз міндетіне алған. Кезінде бүкілодақтық ат бәйгесінде 10 шақырым қашықтықты 13 минут 11 секундта шауып өткен Ақтанкердің жасаған рекорды әлі күнге жаңартылған жоқ. Алматыда тапсырыспен жасалғанжануардың тас мүсінінің ашылу салтанатында, жалпы Бұлақтының торқалы тойында ел азаматы ретінде барлық шараның басы-қасында жүрген Аймұраттың сол еңбегін бүгінде ауылдастары ауыз толтырып айтып жүр. Әншінің орындауындағы «Родники» атты әуен де қазір Бұлақтының гимніне айналған, ауылдастың жадында сақталған әуезді ән.

Небір таланттарды дүниеге әкелген киелі Мұғалжар өңірінің бір ғана ауылы — Бұлақтының тарихын ақтарсақ, өлке мәдениетінің биік деңгейде екенін анық сезінуге болады. Ауылдың аты айтып тұрғандай, айналасы бұлаққа толы мекеннің маңында ежелгі тарихи ескерткіштер табылған. Бүгінде Мұғалжар ауданы бойынша географиялық жағынан 5 киелі орын анықталса, соның екеуі Бұлақты маңында орналасқан. Олар —Төлеубұлақ петроглифтері мен Қарағұл кесенесі. Оның алғашқысы Төлеубұлақ қыстағының солтүстігінен 1,5 шақырым қашықтықтан табылған. Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтер 2000 жылы Қазақстан-Ресей бірлескен халықаралық экспедициясы барысында Мұғалжар ауданы аумағындағы тас дәуірінің қоныстарын зерттеу кезінде анықталып, ғылыми айналымға енгізілген.

«Атақсыз» әншінің атақты әндері

Тірлігінде атақ-дәреже, мансап дегенді білмеген Аймұрат Мәжікбаев 1973 жылдың 20 қазанында Мұғалжар ауданының Егіндібұлақ елдімекенінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Өнердегі шығармашылық жолын ол 1997 жылы Химиктер мәдениет үйінен бастап, өмірінің соңғы кезіне дейін Ақтөбедегі «Қоғамдық келісім» мекемесінде этномәдени, қоғамдық бірлестіктермен жұмыс және мәдени көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру қызметі бөлімінің сарапшысы және Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда камералық оркестірдің солисі болды. Республикалық, облыстық дәрежедегі түрлі іс-шараларға үнемі қатысып отырды. Солардың бастысы — Астанада ел Тәуелсіздігінің мерейлі жылдарына арналған шараларда ақтөбелік өнерпаздардың арасында үнемі Аймұраттың аты аталып, өнерін көпшілік тамашалайтын. «EXPO — 2017» халықаралық көрмесінде де Аймұрат Мәжікбаев Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрімен бірге Ақтөбе облысының атынан өнер көрсетті.

Ол — Ақтөбе қаласының  140 жылдық мерейтойына тарту етілген «Ақтөбе — асыл мекенім» атты жергілікті ақын-сазгерлер байқауының жүлдегері. Араға тура он жыл салып, яғни қаланың мерейлі жылына арналған республикалық композиторлар сайысында да Аймұраттың шығармасы топ жарды. Бүгінде жұртшылық сүйсіне тыңдайтын «Город мой» әні — сондағы жүлделі туынды.

Оның облыс мәдениетін дамытуға қосқан үлесі зор. Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХХІ, ХХІІ, ХХІІІ сессия жұмысына қатысып, өнерін көрсеткен Аймұрат аймақтағы мәдениет орталықтары мен этномәдени бірлестіктердің шығармашылық қарым-қатынас жасап, дамуына мейлінше ықпал етті.Облысымызда өткен «Мәдениет үндестігі», «Бақытты бала», «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым», «Жерлестер форумы», «Тағзым», «Әкелер форумы», «Аялы алақан», «Мерейлі отбасы» сияқты республикалық, облыстық фестивальдер мен форумдарды ұйымдастыруда оның еңбегі ерекше.

Ол өмірден өткенде әнші Димаш өзінің әлеуметтік парақшасында:«Бала кезімнен бастап Аймұрат ағаның әндерін жақсы көріп тыңдайтынмын. Ағамыздың ақкөңілдігі, нәзік жүрегі бізге үлгі болды. Кішкентай кезімде Аймұрат аға «Аққуым» әнін орындап тұрғанда осы әнді ержеткенде мен де сахнаға алып шықсам ғой дейтінмін. Өнеріңіз үшін, өнегеңіз үшін, рақмет, ағатайым. Бақұл болыңыз…», —деп жазба қалдырған еді.

Қазақстанның халық әртістері — Майра Мұхаммедқызы мен Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы сол «Аққуым», Ақтөбеде өтетін дәстүрлі «Бақытты бала» халықаралық ән фестивалінің әнұраны болып бекітілген «Бақытты бала», Жұбановтар еліне арналған «Мұғалжарым» әндері мен облыстық «Ақтөбе» телеарнасыәнұранының авторы саналатын Аймұрат Мәжікбаевқа Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» атағын беруді облыстың зиялы қауым өкілдері қайбір жылдары ұсынғанымен, нәтижесіз қалды.

Бүгінде елімізде танымал әншілердіңорындауындағы «Туған жер», «Ақтөбем», «Қазақстаным — Отаным», «Ауғандық достарға», «Атырау түні», «Анашым», «Асыл аға», «Балапаным», «Әкеме» сияқты әндерді шығарған Аймұраттай әншіні туған елі ерекше құрмет тұтады. Көзінің тірісінде оған мәдениет саласына қосқан үлесі үшін Мұғалжар ауданының «Жыл адамы» атағы берілді.

Ел мәдениетін дамытып, оны өскелең ұрпаққа жеткізу жолындағы еңбегі үшін бірнеше мәрте Ақтөбе қаласы әкімдігінің Алғыс хаттарымен де марапатталды.

«Самғаудың» биігі

Үнсіз жүріп, үйдей шаруаны тындырған Аймұрат кезінде шығармашыл жастарға ерекше қолдау танытқанын бүгінде бірі білсе, бірі білмес. Ол Ақтөбе политехникалық колледжінде музыкалық жетекші  қызметін атқара жүріп, оқу орнының жанынан «Саз» вокалдық студиясын, «Самғау» жастар театрын құрды. Осы театрдың жас өнерпаздарын жетелеп республика аймақтарында өткен түрлі шараларға да атсалысқан еді.

Оның өскелең ұрпаққа саналы тәрбие беру жолындағы еңбегі ескерусіз қалмады, салалық басқарма басшылары атынан алған Алғыс хаттары — осындай жұмыстардың айқын дәлелі.

Іргелі істердің ұйытқысы бола білген әнші әрі сазгер Аймұрат Мәжікбаев Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арнап «Әнім саған, туған ел!» тақырыбында шығармашылық ән кешін де өткізіп үлгерді. Оның халқымыздың үздік мәдени дәстүрлерін сақтау мен дамыту жолындағы еңбегі ерекше. Сондай-ақ жоғары көркем образдар, спектакльдер, концерттік, музыкалық теледидар бағдарламаларын құруда да ол қоғамға танылған әрі өзін мықтылығы жағынан мойындата білген жан.

Қарапайымдылық — біздің елге тән қасиет

Бейбіт ОРАЛҰЛЫ, белгілі сазгер:

— Аймұрат жүрегі нәзік, жаны жайсаң жігіт еді. Ол — болмысы жағынан да, әншілік, сазгерлік жағынан да нағыз өнер адамы болды. Пандемияның кезінде халықтың рухын көтеру мақсатында бәріміз Аймұраттың әнін шырқадық. Менің туған жерде ұйымдастырылған кештерімде арнайы келіп, інілік ізет танытып, қашанда ниеттес екенін білдіріп жүретін.

Аймұратты жастайынан білемін. Өте талантты жігіт болды. Оның өзінің орындауындағы лирикалық әндерін алғаш рет 2000 жылдардың басында естідім. «Аққуым» — сәтті шыққан туынды.

Өнер адамы қай нәрсені де жүрегіне жақын алады. Аймұраттың бойынан соны аңғаратынмын. Бойындағы кәсіби өнері өте жоғары деңгейде болатын. Оның талантын, әншілігін де, сазгерлігін де өте жоғары бағалаймын. Аймұрат сондай талантымен, биік шығармашылығымен Ақтөбе өңірінде жүріп қалды. Мұны мен оның қарапайымдылығымен сипаттар едім. Қарапайымдылық — жалпы Жем бойы адамдарының бәріне тән қасиет. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені мен бұл қасиетті Ғазиза Жұбанова апайымыздан бастап көрдім әрі солай түсінемін. Біздің елдің адамдары  сондай қарапайым келеді. Бойымызда қарапайымдылық басым. Бір кездері «На-на» тобының жетекшісі Бари Алибасовменің өте қарапайым екенімді, алайда олай өмір сүруге болмайтыны жайында өзгелер арқылы айтып жіберген. Меніңше, қарапайымдылық адамға берілген, оның ішінде өнер адамына берілген Алланың үлкен сыйы деп түсіну керек.

Әнді жүрекке жеткізе орындайтын

Марат ӘЙТІМОВ,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші әрі оқытушы:

Марқұм Аймұратты көп жылдан бері білемін. Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесінде оқып жүрген шағынан бастап таныс болдық. Бір көргеннен байқағаным, ол өте кішіпейіл, үлкенді сыйлап,кішіге ізет көрсете білетін, бойында мәдениеті жоғары әрі тым тәрбиелі жан еді.

Алғаш рет Аймұраттың ән айтқанын естігенімде, мені оның барқыттай,құлаққа жағымды қоңыр дауысы сүйсіндірген еді. Сонда мен: «Аймұрат,мына дауыспен сен Алматыда оқығаның дұрыс еді ғой», — деген едім. Ол қай әннің болмасын мәтініне қатты көңіл бөліп,әуенін жүрекке жеткізе орындайтын.Концерттерде,тойларда жиі кездесіп  жүрдік.Теледидардан байқаулардың жүлдегерлерін көрген сайын: «Аймұрат,сен мына жүлде алып жатқандардан артық болмасаң, кем емессің», — деп үнемі айтатынмын.

Мені қатты сыйлайтын. Аймұрат өмірден өткен соң бір көргенімде жұбайы Бибігүл: «Сізді ерекше жақсы көретін», — деді.

Ол талай істің басында жүрді,қайырымдылықпен айналысты.Үлкенді аға, кішіні інісіндей сыйлайтын. Жарқ етіп жоқ болғаны өкінішті-ақ.

Өмірге құштар, өнерге ғашық жан еді

Мирас БЕКЖАНОВ, белгілі әнші:

— Аймұрат туралы көп нәрсе айтуға болады. Ең бастысы, ол қарапайым, кішіпейіл, өте бауырмал азамат еді. Ол ешқашан мансап қуған жан емес. Жалпы өнерде өзіндік орны бар, қолтаңбасы қалыптасқан ерекше талант иесі болды. Егер ол мансап қуғанда, елімізге танымал әнші болып кетуі әбден мүмкін еді. Аймұраттың бойынан өнерге тән барлық қасиетті көре аламыз, яғни оның болмысы, ішкі мәдениеті, дауысы, тембрі бәрі-бәрі өн бойынан табылатын.

Аймұрат әркез қол ұшын беруге дайын тұратын. Осы орайда бір оқиға есіме түсіп отыр. Жалпы мен асаба емеспін. Бір күні Ақтөбеден бір кісілер хабарласып, тойын басқарып беруімді өтінді. Біз әнші ғана екенімізді қанша жерден айтқанмен, болмады, келісуге тура келді. Жағдайды айтып, іле-шала Аймұратқа хабарластым. Ол тойдың сценарийін жіберіп, өзі көмектесетінін айтты. Сөйтіп, сценарийдегі біраз сөзді жаттауыма тура келді. Орыс мектебін тәмамдаған маған бұл тойды жүргізу үлкен жауапкершілік жүктеді. Қобалжығаным да рас. Дегенмен дәл той күні Аймұрат мейрамханаға келіп, маған қолдау білдіреді деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмеген еді. Әншілерше айтқанда, ол «сахна сыртында» тұрып, тойдың лайықты деңгейде өтуіне ерекше ықпал етті. Бізді уайымдап, той тарқағанша қасымызда болды. Бұл жерде мен Аймұраттың достыққа адал, бауырмал, жанашыр жан екендігін, ізгі ниетін айтқым келеді.

Қазір Алматыда жоғары оқу орнында оқып жатқан баласы Әлішерді көргенде, досым Аймұратты көргендей күйде боламын. Сағынамын. Әкесінің аузынан түсіп қалғандай-ақ. Досымыздың баласы, біздің де баламыз, отбасымызбен жақын араласамыз. Отбасында оның баланың оқуына, тәрбиесіне өте мұқият қарайтынына біз қызығатынбыз. Аймұрат өмірге құштар, өнерге ғашық жан еді.

Мен білетін Аймұрат

Қанат Айтбаев, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, сазгер:

— Аймұрат — балаң кезімізден, жігіттік шағымызда бірге өскен, бір-екі жас кішілігі бар ініміз, досымыз, бауырымыз әрі жерлесіміз. Ол өте арманшыл, ниеті ізгі, кісіге болса екен деп тұратын өте ақкөңіл, елгезек еді. Аймұрат туралы өткен шақта айту өте қиын. Оның елге, ағайын-туғанға, ауылдасқа, ел-жұртына пайдам тисе екен деп тұратын жан екені әрбір сөзінен, ісінен байқалатын, бүкіл болмысынан білініп тұратын. Әндері де сондай болатын-ды. Ол әннің сөзіне қатты мән беретін, әдебиетті көп оқитын, философиялық дүниелерді өте қатты жақсы көретін. Өз арамызда елдің болашағы жайында, ұлттық тәрбие төңірегінде, отбасы бірлігі, үлкеннің кішіге, кішінің үлкенге қарым-қатынасы сияқты түрлі тақырыптарда пікірлесіп, көптеген әңгімелер қозғалатын еді. Ол өнегелі отбасыларды өзіне қатты үлгі тұтатын. Адамдардың бойынан жақсылық қасиеттерді көргенді, жалпы бір ізгілік іздеп тұратын еді. Елде жылт еткен жаңалық болса, соның басы-қасында жүріп, барынша қолдау танытып, бірге атқаруға ұмтылып тұратын. Оның көптеген әндері, мәселен, «Мұғалжарым», «Асыл аға», Ақтөбеге, туған-туыстарға арналған  шығармалары тектен-тек шыға салған жоқ. Ол Бауыржан Құрманқұлов, Сәтжан Дәрібай, Орал Байсеңгір сияқты ақындармен бірлесе, ақылдаса отырып, көптеген туындыны өмірге әкелді. Сондай дүниелерді жарыққа шығарғанда айналасы жұп-жұмыр боп келетін, өскелең ұрпаққа титтей де болса пайдасы тиетіндей дүние жасауға тырысатын. Қазір тойдеңгейіндегі, сосын жастар әйтеуір іліп алып кететіндей ойсыз дүниелер, есте тез жатталып қалатындай әндерді шығаратын «шығармашыл» адамдардыңқатары көбейіп кетті. Аймұраттың сондайға жаны қас болатын. Әрбір сөздің мәніне, салмағына қатты назар аударып, жасап жатқан дүниелерін ортаға салатын. Тоқсаныншы жылдардың аяғында «Қош, махаббат!» деген керемет спектакльді бір топ азамат ой талқысына салып, студенттердің сомдауымен сахналанды. Қойылым Орал Байсеңгірдің режиссерлік шешімімен сәтті шықты. Сол кезде Аймұраттың Оралмен бірлесіп жазған «Аққуым» әні лейтмотові есебінде алынып, сол қойылымды өрнектеді. Әннің құрылымы барынша күрделі, қара өлеңге келетіндей төрт жол бір-біріне үйлесіп тұратындай шығарма емес, өлеңнің құрылымы да барынша күрделі болды. Екеуі талай ұйқысыз түндерді өткеріп, сол әнді дүниеге әкелді. Тоқсаныншы жылдардың соңы, екі мыңыншы жылдардың басында Аймұрат Мәжікбаев, келіншегі Бибігүл Биманова және басқа да жастар барлығымыз топтасып жүрген шақта оның сол әні жергілікті «Рауан» радиосы арқылы бүкіл облыс жұртшылығына, одан әрі шеңбері кеңейіп, республика деңгейінде тыңдалып, жастардың сүйікті әніне айналды. Жастар арасында бұл әннің жақсы тыңдарманы қалыптасты. Әннің мықтылығы —  сол кезде өмірге жаңа келіп жатқан Димаш сияқты балалар беріректе «Аққуымды» жақсы көріп, құлақтарында жатталып қалды. «Аймұрат ағамның әнін айтып, көкжиегін кеңейтсем» деген ниетте Димаш бұл әнді жаңаша өңдеп, әр беріп, өң беріп, халақаралық сахналарда орындады. Димаш Аймұрат ағасын да өте жақсы көретін. Аймұраттың осындай әндері өміршеңдігімен жалғасып келе жатыр.

2000 жылдары «Рауан» радиосында жетекшілік еттім. Сол кезде қаражаттың, басқасының да тапшылығына қарамай, көптеген өнерпаз жастың арқасында радиоконтент жасап үлгердік. Сондағы жастардың риясыз көңілмен жарнама жасауға да көмектескені әлі есімде. Сол кезде Аймұраттың жары Бибігүл бізде дикторлық қызмет атқаратын. Радионың аясында екеуі танысып, кейін шаңырақ көтерді. Сол тойдың біз куәсі болдық. Айта кететін жайт, екеуі бірлесіп жүріп көп жетістікке жетті, бір-бірін қатты құрметтейтін, қадірлейтін. Қазіргі күні шаңырақ құрып, ертесіне ажырасып жататын отбасыларды көргенде, қатты қынжыламын. Аймұрат пен Бибігүл қаншама қиындықтан, қаншама сындарлы сәттерден бірге өтті, бірлесіп жаңа үйлерін көтеріп, талай қызметтік мәртебелерге де ие болды. Мұның барлығы бойдағы қалыптасқан адамгершіліктің, үлкенге, кішіге деген құрметтің, ізеттіліктің арқасы болса керек. Света екеуіміз олардың жақсы араласатын достары есебінде шаңырағына барғанда, ерекше көңілкүйде отырамыз. Себебі Аймұрат пен Бибігүлден бір-біріне деген іңкәрліктің, бір-біріне деген құрметтің ерекше сезілетінін байқаймыз.

Біз білетін Аймұрат анасына сонша қамқор еді. Ұйқысынан ояна сала ең бірінші кезекте анасының бөлмесіне барып, бетінен сүйіп, хал-жағдайын сұрау Аймұраттың күн сайынғы әдеті екенін Бибігүл үнемі айтып отыратын. Осындай өнегелі істі көріп өскен баланың ата-анаға деген құрметі артатынына менің еш шүбәм жоқ.

Тағы бір айта кететін жайт, Ақтөбе қаласында өтетін «Бақытты бала» конкурсының гимінін Аймұратқа өтінішпен жаздырған едік. Аймұрат сол өтінішімізді жерде қалдырмай, бір түннің ішінде жазып, көрсетті. Туынды көпшіліктің көңілінен шықты. Әлі күнге дейін сол ән «Бақытты бала» фестивалінің бет бейнесін айшықтайтын туынды ретінде қалыптасты.

Ол тек сазгер ғана емес, шебер орындаушы да болды. Нұрталап Жүсіповтің шығармашылығындағы көптеген әндерді орындады.

Аймұрат ананы, ағаны құрметтеген көргенді жердің баласы еді. Ол отбасында бірлікті, татулықты ту етіп ұстаған, отбасының құндылығын өте қатты сезінген, анасын, жарын қадірлейтін, балаларын сүйетін керемет жан болды. Облыстық Достық үйінде басшылық қызметте жүргенде де көптеген жұмысты тындырып, халықтар арасындағы татулықты, достықты насихаттауға біраз қызмет етті. Сол салада да біраз ән жазып, сахнаға түрлі ұлттың өкілін шығарып, олардың қазақ елінің, қазақ тілінің айналасына топтасуына бір адамдай тер төкті.

Сезімтал жүректің иесі

Лаура ПАЛМАН, ақын:

— Мен сияқты Аймұрат ағаның тіршілікте жанашырлығы мен жақсылығын көргендер көп шығар.  «Лауражан, айналайын!..», деп құрақ ұшып тұратын үнемі. Ол маған қазақылық тұрғысынан қайнаға, шығармашалықта өлеңімді қолдаған қамқор өнер иесі еді. Одан қалса, облыстық телеарнадағы әріптесім, ақылшым Бибігүл Ерболатқызының жары болғандықтан, оның өмірде қандай адам болғаны, тірліктегі ұстанымы, болмысы жайлы жақсы білемін деп айта аламын.  Кішіпейіл, барлық адамның көңіліне қарап сөйлейтіндігімен, елпілдеп тұратындығымен ерекше еді.

Телеарнадағы хабарларға жиі қатыса бермейтін. Апайға «екеуміздің де  телеарнадан түспей жүргеніміз халықтан ұят» дейтін көрінеді.

Бір жылдары телеарнадағы мәдени өмірді айшықтайтын, ақтөбелік өнер иелеріне арналған «Қайырлы кеш, Ақтөбе!» дейтін  хабардың қонағы ретінде эфирге шақырдым. Онда да бірден келісе қоймай, зорға келгені бар. Сонда сұхбат алып отырып, оны жаңа қырынан таныдым.  Ол әңгімені әдемі айтатын,  жүйелі сөйлейтін, көркем әдебиет пен тарихты жақсы білетін талант иесі екен. Сонда Бибігүл апайға «Құдай    қалай бір адамның бойына талантынан, өнерінен бөлек, осынша асыл қасиетті дарыта салған?», — деп айтып келгенім бар.

Бірде Аймұрат аға хабарласып, сыйлас ағасының мерейтойына арнап «Асыл аға» деген ән жазғанын, соған сөз жазып беруімді өтінді.  Әдемі әуезге сөз жазылды. Ағаның өзінің орындауында осы әнді тыңдап, қатты әсерлендім. Кезкелген абырой биігінде жүрген елағасына арнап айтса, еңсені көтеріп тастайтын әдемі ән болыпты. Қазір осы әнді ақтөбелік жас әнші Қасым Ермек дейтін азамат орындап жүр.  Кейіннен екеуміздің шығармашылық байланысымызбен «Тәттім менің» деп аталатын кішкентай балаларға арнап айтылатын ән жарыққа шықты. Ол әнді Аймұрат ағаның шығармашылық кешінде әнші Айнагүл Өзбекова орындады.

Әнге лайықтап сөз жазудың өзіндік қиындығы болады ғой. Кейде әуезге буын саны жетпей, не асып кетіп жатады. Оны сөз жазған адамнан гөрі әніне қосып орындаған адам оңай аңғарады. Сондайда аға  «Мына жолы әнге келмей тұр, өзгертіп берші» деп айта салмайды. Әуелі сенің жазған сөзіңнен сәтті шыққан жолдарын жақсылап мақтап алады. Сосын барып, тігісін жатқызып, «Мына бір тұсын аздап өзгертіп көрсе, қалай болар екен?», — деп көңіліңе қарап отырып, өтінеді. Оның ойында әннің сәтті шығуынан гөрі адамның көңілін қалдырып, ренжітіп алмайын деген тілек тұрады.  Аймұрат ағаның осынау биік парасаты мен сырбаз мінезі үшін айналасының бәрі айрықша құрметтейтін еді. Маған ғибратты ғұмыр иесінің тым келте болған тіршілігі түгел жақсы естеліктерден тұратындай көрінеді. «Асыл аға» деген әннің сөзінде:

«Асылдың сынығы, теңіздің тұнығы,

Сыйлысың қай жақта да.

Өнеге ғұмыры, қазақтың бір ұлы,

Аман бол, ардақты аға!», — деген жолдар бар. Аймұрат ағаның тура өзіне арналып тұрғандай. Тек соңғы жолын «Бақұл бол, ардақты аға!», —  деп өзгертетініміз өзекті өртейтіні болмаса…

P.S. «Мұғалжар ұмытпайды Аймұратын!..». Осындай атпен кеше Ембі қалалық мәдени орталығында Мұғалжардың төл перзенті, әнші-композитор Аймұрат Шынтемірұлы Мәжікбаевты еске алуға арналған шара өтті. Мақсат — жергілікті жердің танымал тұлғаларын халық арасында таныту, еңбегі мен шығармашылығын насихаттау. Шарада әншінің «Аққуым», «Байқамаймыз», «Город мой» сияқты әндері талантты өнерпаздардың орындауында туған жер төсінде әуеледі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button