Мереке

Табанды еңбектің жемісі

Жұма күні қалалық Мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Салтанатты шарада ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, бірқатар шаруа қожалықтарының басшылары мен қарапайым жұмысшылар марапатталды. Оған облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары, аудандардан келген шаруашылық басшылары қатысты.

Мерекелік шарада алдымен облыс әкімі Асхат Шахаров жиналғандарды мерекемен құттықтап, биыл облыста ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізген жетістіктерге тоқталып өтті.

— Өңірімізде ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор. Облыстың кең-байтақ даласының жері құнарлы, шөбі шүйгін, суы мол. Салаға мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қолдаулар да жеткілікті. Соның арқасында биыл бұл салаға 17,4 миллиард теңге қаражат бөлінді. Мал азығы шығындарын өтеу үшін қосымша 2,9 миллиард теңге қарастырылды. Жыл басынан бері облысымызда 397,0 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, инвестиция мөлшері 18,4 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда екі есеге артып отыр.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында облыста қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасын қаржыландыруға бюджеттен 6,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, соның арқасында жерлестеріміз жеке кәсібін бастап, жылыжай ашып, құс өсіріп, мол табысқа кенелуде. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында жалпы мөлшері 6,3 миллиард теңгені құрайтын 1423 жобаға несие берілді. Бұдан бөлек, өңірімізде 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қалған жобалар жыл аяғына дейін іске асырылатын болады. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласы — күрделі, табанды еңбекті қажет ететін сала. Сондықтан бүгінгі мерекеде сіздерге осы табанды еңбектеріңіз үшін өз ризашылығымды білдіре отырып, кәсіптеріңізге береке, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Әрқашан нанымыз көп, даламыз малға толы болсын, — деген облыс әкімі ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серікбай Рзабаевқа

«Ақтөбе облысының құрметті азаматы» төсбелгісін, «Абылай» шаруа қожалығының басшысы Қыдырбай Ксупов, «Болат ЛТД» ЖШС құрылтайшысы Асқарбек Мамырбаев және «Байер Каз» ЖШС-ның аймақтағы өкілі Алдаберген Нұғмановқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.

Сондай-ақ Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС-ның бас зоотехнигі Қазығали Бектілеу Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері», Алға ауданындағы «Исламбек» шаруа қожалығының басшысы Салауат Түлкібаев, Мәртөк ауданындағы «МТС» шаруа қожалығының басшысы Алексей Стрючков, Мұғалжар ауданындағы «Бірлік-Д» шаруа қожалығының басшысы Бекболат Исенов Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұдан бөлек 10 адамға Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы, 40-тан астам адамға облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.

Әрі қарай мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, биыл облыста мал шаруашылығы саласында төрт түлік малдың өсімі орташа есеппен 108 пайызға жеткен. 103,6 мың тонна ет, 303,8 мың тонна сүт өндірілген. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай отырған 330 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Өсімдік шаруашылығында 747,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 411,2 мың тонна дәнді дақыл жиналған. Осылайша орташа өнімділік көрсеткіші әр гектарына 10,2 центнерге жеткен.

  • Өздеріңізге белгілі, биыл жауын-шашын салдарынан өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруалар бірқатар қиындықтармен күресті. Соған қарамастан, Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандарындағы шаруашылықтар егінін орып, қамбаны астыққа толтырды. Осы орайда жақсы нәтижеге қол жеткізген «Дилэнд», «Қос Естек Агро», «Алтын Дән и К» серіктестіктерін айта кеткен жөн. Бұл шаруашылықтар гектарына 13 центнерден өнім алды. Сондай-ақ ауыл-аймақтарда мал шаруашылығын дамытып отырған қожалықтар да көп.

Жалпы, бүгінде облысымызда 9 мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 56-сы — ауыл шаруашылығы коопертиві, — дейді Қ.Сәрсембай.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button