Елмен кездескен екі күн
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді
Жұмыс сапары аясында Мәлік Отарбаев облыстық мемлекеттік архивтің құрылуына 100 жыл толуына орай өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде зиялы қауыммен, кейін жастармен кездесті, Ақтөбенің мәдени ошақтарын аралады. Жұмыс сапарының екінші күні өңір журналистерімен және дін өкілдерімен жиын өткізді.
Ел қауіпсіздігі және талғам
Президент кеңесшісі жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, емен-жарқын пікірлесті. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Мәңгілік ел залында ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысты.
Жиында алдымен сөз алған Мәлік Нұржанұлы мемлекеттік саясат туралы тілге тиек етті.
— Елдің тұтастығы, ел бірлігі, халықтың бейбіт заманда өмір сүруі — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Қазір әлем тыныш емес. Әлемдік ахуал біздің елді сырт айналып өтпесі анық. Яғни әлемдегі жағдай біздің экономикамызға, біздің саясатымызға әсер етпей қоймайды. Соңғы екі айда Мемлекет басшысы 25 елдің Президентімен кездесті. Бұл — аз жұмыс емес. Бұл кездесулердің басты мақсаты — ел қауіпсіздігін сақтау, елдің сыртқы саясатын, сауда-экономикалық байланыстарды нығайта түсу, — деді Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Жиында ақпараттық саясатты жүзеге асыру, әлеуметтік мәселелер талқыланды.
Белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев әңгімесінде әдеби талғам туралы сөз қозғады.
— Қазір қазақ тілінің басына қауіп бұлты үйіріліп тұр деуге болмас. Қазақ тілі мемлекетіміздің қадірлі тіліне айналатындығына дау жоқ. Ұлтымыздың саны жөніндегі пайыздық көрсеткішке, ірі қалалардағы көбейіп келе жатқан қазақтілді мектептердің мөлшеріне қарап, осы шамалас ой түюге болады. Қауіп басқада. Біз тілімізді тек қарым-қатынас тіліне айналдырумен шектеліп қалмас па екенбіз? Әріні айтпағанда, әр сөйлемі, тіпті әр сөзі тұтас образды көз алдыңа әкеліп қоя салатын күні кешегі Тәкен Әлімқұлов, Қалихан Ысқақов, Асқар Сүлейменов тәрізді ағаларымыздың тілі қайда? Баяғыда орыс зерттеушілерін тамсандыратын аса бай тіліміздің жұтаңданып кеткені қалай? Дұрыс мақала жазып көрмеген қауқарсыз тілшілердің бүгінде аяқ астынан жазушыға айналып, том-том кітаптар шығарып жатқандарына көзжұмбайлықпен қарап отыра береміз бе? Ал бұл — талғам жоқтықтың көрінісі. Әдебиетті өркендету үшін, соның ішінде тілдің қадірін қалпына келтіру үшін жазушыларға әрқилы жағдай жасау жеткіліксіз, бұл ретте де ең алдымен талғам мәселесіне назар аудару керек. Сірә, осы мәселені үнемі назарда ұстап отыратын әділ таразы керек сияқты, — деді ол.
Басқосуда ауыл шаруашылығы саласының ардагері Сағынай Құсайынов сөз алды.
— Солтүстік өңірлерде астық түсімі жақсы. Сол себепті де біздің 3 жылда жеткен көрсеткішке олар бір жылда жетеді. Біздің өңірдің шаруаларына солтүстіктен егін егуге жер берілсе, өзіміздің облыспен қатар Атырау мен Маңғыстау облыстарын да қамтитындай астық алар едік. Бұл елдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге де септігін тигізер еді, — деді Сағынай Құсайынов. Ол Ресеймен шекарадағы қазақ ауылдардың мәселесін де көтерді.
— Өңірдегі Ресеймен шектесетін аудандардың бірі — Қобда. Аталған аудандағы шекара аумағында орналасқан елді мекендерде тұратын халық саны тым аз, ондағы халық өркениет игілігі — газбен қамтылмаған. Бұл да халықтың тұрақтанбауына кері әсер етеді. 10-15 түтінді әупірімдеп ұстап отырмыз. Мектепте 5 бала оқыса да, мектепті сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Шекарадағы ауылдарда халық жиі, тығыз қоныстанбаса, қауіпсіздігімізге қауіп төнеді, — деді Сағынай ақсақал.
Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Жиынды Мәлік Нұржанұлы түйіндеді.
— Қоғамда барлық салада әділдік орнаса, заң үстем болса, шешілмейтін түйін жоқ. Әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету — мемлекеттің басты міндеті, — деп, Мәлік Отарбаев жиында көтерілген әрбір мәселеге баса мән беріп, шешілу жолдарын қарастырып, Мемлекет басшысына жеткізуге уәде етті.
Жастар және жаңа жобалар
Еркін форматта өткен кездесуде жастардың кәсіп таңдауына бағыт-бағдар беретін мәселелер талқыланып, өзекті ойлар айтылды. Президент кеңесшісі жастармен кездесіп, олардың ұсыныс тілектерін тыңдады.
— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан — дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз, — деген болатын. Дана халқымызда «Жас келсе — іске!» деген әдемі сөз бар. Бұл — жастардың қашанда тың бастамалардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші екенінің дәлелі. Осы қызметке келген кезден бастап жастармен бірнеше рет кездестім. Келелі ойлар, келісті пікірлерін тыңдап, көтерген мәселелерін шешуге, идеяларын іске асыруға қолдау көрсету бағытында жұмыс жасап жатырмыз, — дейді Мәлік Отарбаев.
Кездесуде «Aqbobek» International School директоры Дәулет Боранғали да пікір білдірді.
— Мен «Дем» жобасын үйлестіріп, кәсіпкерлікке қызығатын жастармен жұмыс жасап келемін. Жоба барысында жастарға қаржылық сауаттылық курсы өткізіледі. Курсқа қатысушылар коуч-тренерлермен кері байланыс жасай отырып, бизнес бастауына мүмкіндіктері бар. Биыл жобамыз Беларусь мемлекетінде өткен байқауда ТМД мемлекеттері арасында үздік деп танылды. Алдағы уақытта жоба ауқымын кеңейтіп, ауыл жастарының кәсіп бастауына мүмкіндік жасаймыз, — дейді ол.
Одан соң Президент кеңесшісі облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында ашылған креативті орталықтың жұмысымен танысты.
Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдинаның айтуынша, креативті орталық қысқа мерзім ішінде кеңінен танылып, жастар арасында ерекше қызығушылық тудыруда. Бір айдың ішінде келушілер саны 22 мыңнан астам адамға жеткен және нысанның танымалдығы күннен-күнге артып келеді. Кітапханада оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. Қалаған кітабыңыздың аудио нұсқасын да тыңдауға болады.
— Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту бағытындағы тапсырмасы аясында ашылған орталықта комьюнити спейс, IT-студия, анимация бөлмесі, дыбыс жазу студиясы, фотостудия және tiktok түсіретін аумақтар бар. Сондай-ақ мәдениет мекемесінің негізгі міндеті — оқырмандарды кітаппен қамту жайы да ұмыт қалмаған. Демеушілер көмегімен 5 мың жаңа кітап алынып, қордағы кітаптардың саны 105 мың данаға жеткен. Өңірде жаңа идеяларды қалыптастыратын креативті және талантты жастар бар, бірақ оның бәрін жүзеге асыру үшін қаражат пен технология қажет. Бұл орталық жастарымызға жаңа мүмкіндіктер ашты. Мұнда олар жан-жақты ойластырылған жобаларын жүзеге асырып, таланттарын шыңдай алады. Ең бастысы, мұның бәрі тегін, — дейді кітапхана директоры.
Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы креативті орталықтардың ашылуы өңірдің мәдени және шығармашылық өмірін дамытуға жаңа серпін беріп, жастардың табысқа жетуіне қажетті дағдылар мен білімін жетілдіруге өз септігін тигізетініне сенім білдірді.
— Біз заманның ағынына ілесе алатын және дамыған елдердің кәсіби жас мамандарымен бәсекелесе алатын білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Оларды дәріптеуде кітапханалар маңызды рөл атқарады.Біздің міндетіміз — креативті индустрияны дамыту, талантты жастардың мәдени әлеуетін толыққанды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау, — деп атап өтті Президент кеңесшісі.
Газетті «өлтіріп алмауымыз» керек
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірге іссапары аясында «Ақтөбе Медиа» медиахолдингінде болды. Баспасөз клубынба компанияға қарасты облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналының, сондай-ақ аудандық басылымдардың бас редакторларымен және өкілдерімен кездесті. Газет журналистерінің сұрақтарын мұқият тыңдап, оларға тұшымды жауап берді.
Жиында алдымен сөз алған «Ақтөбе Медиа» медиахолдингінің директоры, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин ғасырдан астам, ғасырлық тарихы бар облыстық қос басылымның, жалпы баспасөздің қоғамдағы рөлі туралы айтты. Журанлистердің мүддесін қорғайтын «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңды қабылдаудың уақыты жеткенін тілге тиек етті.
— «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң тезірек қабылданып, онда журналистердің мәртебесі анықталып, аталған саладағы қордаланған мәселелердің шешілуіне септігі тисе жақсы болар еді. Қосымша құн салығы деген бар. Бұған қыруар қаражат төленеді. Өзімізде қағаз комбинаттары жоқ болғандықтан, газет бағасы шарықтап өсіп кетті. Баспахана мәселесі де өзекті болып отыр, — деді
Раукен Сағызбайұлы. Ол облыстық қос басылым мемлекеттік саясатты тиімді жүргізіп, ел-жұртқа мемлекеттік бағдарламалар, жобалар туралы дер уақытында жан-жақты ақпарат жеткізіп жатқанын айтты. Мысалы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» бірегей жобасын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында «Ақтөбе Медиа» медиахолдингінің ұйытқы болуымен «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедиция мүшелерінің арасында журналистермен бірге тиісті сала мамандары — ауыл шаруашылығы, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қызметкерлері де болды. Олар ауыл халқына «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін тиянақты түсіндіріп, көпшіліктің өз кәсібін ашуына мұрындық болғаны рас. Қорытындысында, экспедициялық топ облыстағы 58 елді мекенді аралап шықты.
Жиында сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мемлекеттік саясат туралы әңгіме өрбітті. Қоғамдағы тұрақтылық, елдің тыныштығы, халықтың қауіпсіздігі — Ел Президентінің басты назарында екенін жеткізді. Мемлекет басшысының ішкі тұрақтылықты сақтап, сыртқы саясатты дамыту мақсатында жасап жатқан жұмыстарына тоқталды.
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің дамуы, өркендеуі үшін үш ұстанымды берік ұстанады. Бұл ұстанымдар — әділдік, сабақтастық, өрлеу. Осы үш ұстаным қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтиды. Әділдік — қоғамды алға сүйрейтін үлкен күш. Сабақтастық — ұлттық құндылықтарымыз, ата-бабадан мұра болып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз десек, ал осы қос ұстаным мықты болғанда, әлбетте, еліміз қарқынды дамиды, — деді Мәлік Отарбаев.
Басқосуда Мәлік Нұржанұлы әлеуметтік желелілердің қоғамға кері әсері, блогерлердің көбейіп кетуі туралы әңгіме қозғады.
— Ашығын айтайын, Президентіміз әлеуметтік желідегі ақпараттарды қарап отырады. Сондай-ақ таңертең жұмысқа келгенде газеттерді де оқиды. Газеттегі мақалаларға мән береді. Көркем әдебиетті де оқиды.
«Қазақпараттың» мәліметіне сүйенсек, бұдан 5 жыл бұрын тәулігіне ақпарат қазанына 5 мыңға жуық ақпарат түсетін болса, ал қазір күн сайын 30 мыңнан астам ақпарат таратылады екен. Мұны қорыту мүмкін емес. Оны оқырманға сауатты түрде жеткізе білу керек. Ақпарат тартушылардың арасында екіауыз сөзді құрай алмайтындар көп. «Қысқа жазу керек» деген ұстаныммен бірнәрселер жарияланып жатады. Қысқалық керек, әрине. Дегенмен елдің бәрінде бірдей шығармашылық қабілет жоқ қой. Қазір жалған ақпарат көп. Қате көп. Оқырман ақ пен қараны ажырата алмайтын халге жетті. Газетті «өлтіріп алмауымыз» керек. Сенімді ақпаратты газет журналистері таратады. Журналистердің арасында сауаттылар да осы саланың қызметкерлері, — деді ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Кездесуде журналистер Мәлік Отарбаевқа БАҚ саласындағы өзекті мәселелер туралы сауалдар қойып, жан-жақты жауап алды.
Дін және тіл тазалығы
Журналистермен кездесуден кейін Мәлік Отарбаев Алға ауданына барды. Онда Бестамақ медресе-колледжінің жұмысымен танысып, имамдармен жиын өткізді.
Басқосуда сөз алған облыстың бас имамы Серікжан Еншібай өңірде діни ахуал тұрақты екенін айтты.
Кездесуде Мәлік Отарбаев имамдарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы сәлемі мен алғысын жеткізді. Сондай-ақ имамдардың, дін қызметкерлерінің қоғамдағы рөліне тоқталды.
— Құбылмалы, күрделі заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлемде болып жатқан саяси оқиғалар біздің елімізге де әсерін тигізіп жатыр. Сол себепті қауіпсіздікті сақтау — басты мақсат. Қауіпсіздік деген ұғым кең. Бұл тек қорғаныс саласындағы қауіпсіздік емес, азық-түлік қауіпсіздігі, ақпараттық қауіпсіздік бар. Жалпы қауіпсіздікті сақ-
тау — әр азаматтың міндеті. Өйткені ақпараттық технология қарқынды дамыған заманда ақпараттың ағыны мен тасқыны толастамайды. Осы ретте сіздер, дін өкілдері, мешітке барған жамағатқа ақ пен қараны айыруға көмектесіп, дұрыс ақпарат жеткізіп отырсыздар. Сол себепті Мемлекет басшысы сіздердің жұмыстарыңызды жоғары бағалайды, — деді Мәлік Отарбаев.
Ол тіл тазалығына мән берудің маңыздылығын да тілге тиек етті.
— Уағыздардың тілі бұзылды, басқа тілде сөйлеу басым. Арабтың бізге түсініксіз терминдері сөздік қорымызға әбден еніп кетті. Ал ол сөздердің қазақ тіліндегі баламасы жоқ па? Әрине, бар. Бұл нені көрсетеді? Ұлттық әдебиеттен алыстап кеткенімізді білдіреді.
Қоғамды кітапқа жақындату үшін қызмет етуіміз керек. Кітаптан алыстаған қоғам бәлеге жақын. Кітап оқымайтын жастардың өзіндік пікірі болмай, біреудің айтқанымен жүреді. Интеллектуалды ұлтқа айналуымызға үлес қосуымыз керек, — деді Мәлік Отарбаев.
Жиында дін өкілдері салафизм ағымы, тәңіршілдіктің кесірі туралы сауалдар қойып, жауаптар алды.
Бұдан кейін Бестамақтағы Есет Көкіұлының мемориалды кешеніне барып, батырдың рухына тағзым етті.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.