Жастар

Ел ертеңі жастар

Ақтөбе жастары

Ақтөбе қаласы әкімдігінің бастамасымен Балалар мен жасөспірімдерді жан-жақты қолдау, жеткіншектерді салауаттылыққа тәрбиелеу мақсатында «Ақтөбе жастары» айлық жобасыжүзеге асырылды. Жоба аясында бір ай бойы өткен патриоттық тәрбиені қалыптастыруға бағытталған көптеген мәдени-спорттық шараларға қаламыздағы полиция қызметкерлері белсенді қатысты. Өткен жұмада аталған жоба қалалық Мәдениет үйінде түйінделді.  

Қорытынды шараға Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, облыстықполиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов, полиция қызметкерлері, кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін инспекторлар, қала жастары қатысты.

Сахна шымылдығы «Самұрық» би композициясымен ашылып, Т.Ахтанов атындағы драма театрының актерлері Әйтеке би, Мөңке би, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Әлия Молдағұлова, Ахмет Жұбановтың өсиет сөздерін оқыды. Жастар вокалдық тобы «Мен жастарға сенемін» әнін орындады.

Одан соң қала әкімі Азамат Бекет айлық жобаны түйіндеп, сөз сөйледі.

— Ел ертеңі — жастар. Қай елдің болмасын басты капиталы — оның халқы, соның ішінде жастары.Ал жастарға жасалған қамқорлық — келешек қамы. Елімізде қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламаларда жастардың рөлі мен белсенділігіне айрықша мән берілген. Жастарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер қарастырылған.

Осы бір айдың ішінде патриоттық тәрбиені қалыптастыруға бағытталған көптеген мәдени-спорттық шаралар жасалды. Мәселен, жоба аясында жасөспірімдер арасында алғаш рет спорт түрлерінен қалалық спартакиада өтті. Жоба аясындақайырымдылық шаралары да ұйымдастырылды, балалар мен жасөспірімдер өмірдің қиын жағдайына тап болған отбасыларға «Бақытты отбасы» орталығы әзірлеген азық-түлік жиынтығын апарып таратты. Шара жастардың бойында адамгершілік, ізгілік қасиеттерін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Айлық жобаның жас буынға берері мол болды.Шараларымызға бір ай бойы қатысқан жасөспірімдер өз болашақтарын айқындайтын бағыт-бағдар алды деп ойлаймын. Олар жақсы оқып, келешекте ерік-жігерімен аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайды деп сенемін.

Қымбатты жастар, өз мүмкіндіктеріңізді барынша пайдаланып, алдарыңызға мақсат қойыңыздар! Мақсатқа жету жолында сіздерге мықты денсаулық, табыс пен сәттілік тілеймін, — деді Азамат Бекет. Одан соң бір ай бойы өткен спорттық шараларда белсенділік танытып, жеңімпаз болған колледждер мен мектептерді марапаттады. Жоба аясында ұйымдастырылған қалалық спартакиадаспорттың 4 түрі — жеңіл атлетика, волейбол, үстел теннисі және үлкен теннис бойынша өтті. Оған арнаулы оқу орындарынан 6команда және  қалалық білім бөлімінен, яғни қала мектептерінен жасақталған бір команда қатысқан болатын.

Айлық жоба аясында полицейлер жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен

қалалық спартакиада, үлгі боларлық танымал тұлғалармен кездесулер, патриоттық шаралар, жастарды қайырымдылық жұмыстарына тарту, тарихи орындарға апару, оның ішінде, қазақ тарихында ерекше орны бар батыр бабаларымыздың рухына тағзым ету шараларын өткізді. Мәселен, мектеп оқушылары мен колледждің білім алушыларыТ.Ахтанов атындағы драма театрына барып, «Мұғалім» қойылымын көрді. Сондай-ақ жасөспірімдер жекпе-жектен Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионы, Еуропа чемпионы Ардақ Назаровпен кездесті. Біраз бала Ақтөбеде өткен Отанды сүюді дәріптейтін «Бүркіт» кинофильмінің көрсетіліміне барды. Одан кейін жастардың бір тобы Бестамақ ауылына барып, қазақтың әйгілі батыры Есет Көкіұлының рухына тағзым етіп, ғибраты мол тарихи дәріс тыңдады.

Бес мыңнан астам жеткіншекті қамтыған бір айлық шараның басты мақсаты —жастарды салауатты өмір салтына баулу, балалардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру, теріс әдеттерден қашық болуға тәрбиелеу,кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, өмірде

өз орнын табуға бағыт-бағдар беру.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда жастар арасында қылмыс саны артып отыр. Жыл басынан бері облыста кәмелетке толмағандардың қатысуымен 99 қылмыс жасалыпты. Оның 58-і — студенттердің үлесі.

— Жастардың синтетикалық есірткі қылмыстарын таратуға, алаяқтық схемаларына, оның ішінде дропперлікке тартылуы тәртіп сақшыларын ерекше алаңдатып отыр. Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда, «Жастық шақ — нағыз ерлік жасайтын уақыт». Біз, полиция қызметкерлері, жастарды нағыз жалынды шағында жақсы істер жасауға ұмтылуға, еңбекқор және қайырымды болуға, ата-аналарының үмітін ақтауға, Абай атамыз айтқандай, өз өмірлерінде қандай да бір шешім қабылдар кезде ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі басшылыққа алуға шақырамыз,— деді облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов.

Осы тұста сахнаға Азат есімді кейіпкер шығып, отбасы, қоғам, мейірім, спорт, ғылым туралы ойларын ортаға салды. Отбасы туралы өзі айтпай, сахнаға театр ардагерлері, шаңырақ көтергендеріне елу жылдан асқанөнегелі отбасы — Мағзом-Шалқия Бақытжановтарды шығарып, олар жастарға отбасының беріктігі  сүйіспеншілік пен сыйластықта, кешірімді болуда екенін атап айтты. Әбілсейіт пен Маржан отбасылық дуэті «Бақытты болайық» әнін қосыла шырқады. Концерт барысында А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің хор ұжымы Жаяу Мұса, Біржан салдың әндерін орындаса, «Самұрық» тобының бишілері де өнерлерін ортаға салды.

Шараға қатысқан белсенді жастар бұл күні кеш қонағы — қазақ эстрадасының әншісі, «Құрмет» орденінің иегері Мөлдір Әуелбекованың өнерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Ата-аналар қанатқақты жобаны әр мектеп, әр оқу орны жалғастырса екен деген тілегін жеткізді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button