Мәдениет

Ерлік пен елдік

Конференция

«Сартай батыр — жаужүрек мың бала» деп аталатын бағдарлама аясында Ақтөбеде өткен шара ел қорғаған ер рухына тағзым етудің игілікті қадамы болды.

Сартай Байжанұлы он алты жасында өзі қатарлас мың баладан жасақ құрып, 1726-28 жылдары Әбілқайырдың әскеріне қосылып, жауға қарсы шапқан.

Осы жайлар «Алақай» қуыршақ театрында өткен ғылыми-теориялық конференцияда кеңінен айтылды. Онда белгілі қаламгер Мырзан Кенжебай, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, философия ғылымдарының докторы, академик Алтай Тайжанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұма-Назар Асан, тағы басқалары Сартай батырдың келбетін кестелеп, ерлік пен елдік, батырлық рух, бабалар үлгісі,бүгінгі жас буынға патриоттық тәрбие беру төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Белгілі халық ақыны Нұрмағамбет Қосжанұлының батыр туралы жазылған дастаны бүгінде дүниеге айналып отырғаны айтылды.

Конференцияға жиналғандар Сартай батырдың бала кезіндегі ашамай ерін тамашалады. Оны бұл ортаға Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері алып келіпті. Бұл жәдігер осыдан үш ғасырдай уақыт бұрын жасалған. 1985 жылға дейін Арал өңіріндегі мектеп директорының отбасында сақталып келген бұл құнды мұраны сол уақытта оралдық музей қызметкерлері арнайы қолқа салып, сұрап алып кеткен екен.

Сартай батырдың қолға ұстаған қасиетті Құран кітабы да сақталған. «Бұл кітапты менің атам әкеме берген, әкемнен мен алдым. Бүгінде Сартай бабамыздың қолы тиген дүниені қастерлеп ұстап отырмыз», —  дейді құрметті зейнет жасындағы Ерсайын Әбділдаев.

Жиналғандар назарына қаламгер Мырзан Кенжебайдың Сартай батыр туралы жазған драмалық туындысы негізінде спектакль ұсынылды. Дарынды актер Елтай Кемалдың режиссерлігімен сахнаға жол тартқан туынды көрермендерді бейжай қалдырған жоқ.

Ендігі бір алда күтілетін үлкен шара — ел тәуелсіздігі күніне орай Ақтөбеде «Сартай батыр — жаужүрек мың бала» мемориалды ескерткішінің ашылуы болмақшы.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Гүлсамал Аймаханованың құрастыруымен «Сартай батыр — жаужүрек мың бала» кітабының жарыққа шығуы да үлкен асқа жиналғандар үшін ерекше сый болды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button