Мәдениет

Қазанғаптың ізімен

Дәулескер күйші  Бақыт Басығараевтың 95 жылдығына арналған «Қазанғаптың ізімен» атты ән-күй кеші өтті. Оған күйшінің шәкірті Әбілахим Шаншаров, жыршы Демеу Жолымбетов, ҚР мәдениет саласының үздігі Еділ Басығараев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ерсайын Басықара, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жайлау Асылханов сынды күйшілер мен өнер ұжымдары да қатысты.

Күй кешінің өтуіне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы мен Құдайберген Жұбанов атындағы университет қолдау көрсетті.

Бүгінгі жастарымыз дәулескер күйшінің шығармаларын, әуендерін жаңаша орындап, әртүрлі байқауларда насихаттап жүр. Мен Бақыт Басығараевты бала кезден танимын. Ол кезде дәулескер күйші 18-19 жас шамасындағы сұңғақ бойлы, пайым парасаты мол жан еді. Ұстазымыздың ізгі жолын жалғастыратын өнерлі жастарымыз өсіп келе жатқанына қуаныштымын, — дейді күйшінің шәкірті Әбілахим Шаншаров.

Ән-күй кешінде Қазанғаптың күйлерінен бөлек, Бақыт Басығараевтың «Толқында», «Аманғосым, аман бол» күйлерін Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі орындады. Оркестрді ҚР мәдениет саласының үздігі Мадина Қабижанова сүйемелдеді.

Қазанғаптың күйлері бізге қаншама күйші ата-бабаларымыз бен олардың шәкірттері арқылы жетті. Солардың бірі — күйші Бақыт Басығараев Қазанғап күйлерін үйреніп, тірнектеп жинауға бүкіл өмірін сарп еткен адам. Ол күйшіліктен бөлек, ән өнерінде өзіндік із қалдырды. Оның 16 әні нотаға түсірілген. Алдағы уақытта атамның терме өнеріне қосқан үлесін зерттеп, ауқымды кеш ұйымдастырғым келеді, — дейді күйшінің немересі, өнертану ғылымдарының магистрі Бексұлтан Бақыт.

Күйші ұрпақтары өнердің да ауылынан алыс емес. Өнер жолын қуған ұл-қыздары Ақтөбе, Алматы музыкалық училищелерін, Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясын бітірген. Қазіргі кезде Алматы мен Астанадағы өнер ордаларында ұстаздық қызметтерін жалғастырып жатыр. Күй кешінің соңында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Басықара сөз сөйлеп, өңір жұртшылығына ризашылығын білдірді:

Әкеміздің арманы күй өнерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, ұлттық өнерді ұлықтау еді. Жуырда Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде күйшінің шығармашылығын дәріптеу мақсатында кабинет ашылды. Себебі талант иесі көзі тірісінде аталған колледжде қызмет етті. Игілікті іс-шараның ән-күй кешімен жалғасын тапқанына қуаныштымын. Кеште өнер көрсеткен Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне, «Достық сазы» фольклорлық ансамбліне, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің домбырашылар ансамбліне, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының дәстүрлі әншілеріне, басқа да өнер ұжымдарына алғысым шексіз,  — дейді күйшінің ұлы.

Айта кету керек, Ерсайын Басықара Ақтөбенің мәдени өміріне белсене араласып қоймай, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық концерваториясына арнайы шақыртумен барып, студенттерге Қазанғаптың күйлерін үйреткен.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button