Мәдениет

«Екі езу» — жиырма бесте

Елдің езуін жиғызбауды мақсат еткен «Екі езу» сатиралық театры 25 жылдығын тойлағалы жатыр. Арнайы концерттік бағдарлама 17 қарашада Өнер орталығында өтеді.

Бүгінде республикалық деңгейдегі театрлармен иық тіресіп тұрған «Екі езу» —еліміздің батыс өңіріндегі алғашқы және бірегей сатиралық өнер ұжымы. Ондағы артистерді де көпшілік жақсы таниды.

«Екі езу» эстрадалық миниатюра театры 1998 жылы 22 наурызда облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің жанынан күлкі клубы ретінде құрылған. Сол кездегі газет тілшісі Нұрлыбек Жұбатқанның бастамасымен ашылған театр құрамына қаладағы талантты жастар тартылды. Алғашында театр репертуарында Нұрлыбек Жұбатқанның жазған әзіл-сықақ қойылымдары болды.

Бақыт Айтова, Нұрдәулет Ақжігітов,  Берік Нұрмағанбетов, Талғат Тілеулесов, Гүлсім Қаратаева сынды театрдың алғашқы мүшелері артистік шеберліктерін «Екі Езудің» жұмысының жандануына арнады.

Одан бері 25 жаз, 25 қыс өтті. Театр жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан бүгінгі таңда «Екі Езудің» құрамы жас артистермен толыққанын айтады.

— Осы ширек ғасыр ішінде театр ұжымы айтулы оқиғаларды бастан өткізді. Түрлі байқауларда үздік шығып, арнайы жүлделерге қол жеткізді.

Еліміздің үлкен облыстары мен қалаларында гастрольдік сапарларда болып,

«Тамаша», «Күлкі керуені», «Көпен келе жатыр», «Құдайберген – театр» атты әзіл-сықақ театрларынан шақыртулар алды.

Мерейтой қарсаңындағы басты жаңалығымыз — театр құрамы жас таланттармен толықты. Алғаш құрылған уақыттан бері «Екі езудің» қызығы мен шыжығын бірге көріп келе жатқан Гүлсім Қаратаева, Құралбек Құрманалиевтер бүгінде театрдың ардагерлеріне айналды. Өйткені олардың ізін жалғап келе жатқан Гүлзат Ермағамбетова, Бекбол Тәтебаев секілді орта буын өкілдері бар.

Бүгінде республикаға белгілі актер Бауыржан Орда да — осы «Екі езудің» түлегі. Бауыржанмен әлі күнге дейін тығыз байланыста жұмыс жасаймыз, — деді Нұрлыбек Жұбатқан.

Қазір «Екі езудің» ұжымы  жаңа бағдарламасымен аудандарды аралап жүр.

Қорытынды кеш 17 қарашада Ақтөбе қаласында өтеді.

— 17-сі күні күндіз сағат 12.00-де Тахауи Ахтанов атындағы драма театрының кіші залында Нұржан Тутовтың «Ит — менің досым» атты мұңды комедиясын сахналаймыз. Ал кешкісін елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертіміз өтеді. Бұл шараға Жанатбек Бәйтеков, Нұржан Тутов секілді әріптестеріміз арнайы келеді, — деді театр жетекшісі.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button