Пікір

Шаңырақтың шаттығы үзілмесін

Бибігүл ӘБІЛДАЕВА,
көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері.
Елімізде 20 миллионшы тұрғын өмірге келді. Мұндай ақжолтай хабарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми хабарламасынан көрдік. Біздің халықта «қуанышты бөліссең, көбейеді» дейді ғой, сүйінші хабар ел ішіне тез тарады. Халқымыздың саны өсіп жатқанына біз де қуандық, сүйсіндік.
Қазақ отбасында бұдан да қиын заманда бала саны көп болған және ата-әжелеріміз оның санын айтпаған. «Әр бала өз несібесімен туады» дейтін біздің халық. Ата-бабаларымыз әр баланың дүниеге келуін үлкен үмітпен күткен. Ұмыт болған «құрсақ шашу» тойы — соның дәлелі. Ақсақалдарымыз ең әуелі бата берген кезде жастарға «жапырағың жайылсын!», «тұқымың көбейсін», «ұрпағыңмен мың жаса!» деп жататыны тағы бар.
Халық санының өсуі, жас ұрпақтың көбеюі — ел мерейі. Сондықтан денсаулық көтерсе, Алланың берген перзенттерін дүниеге әкелгенге не жетсін!
Жас отау иелеріне шаңырақты шайқалтпау үшін, екі ортада бейкүнә сәбиге зардап шеккізбеу үшін отбасын мұқият жоспарлау қажеттігін айтқым келеді. «Бір күн ұрыстың қырық күн кесірі бар» деген аталарымыз. Осыны ескерсеңіздер екен. Медиатор ретінде байқағаным, өңірдегі қазақы аудандардың демографиясы жақсы дамып келе жатыр. Салыстырмалы түрде ол жақтарда ажырасу аз.
Жыл сайын еліміздің демографиялық дамуына үлес қосып отырған көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар артып келеді. Біреу білсе, біреу білмес, бірақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері бірқатар салықтар мен мемлекеттік баждарды төлеуден босатылған. Мәселен, көпбалалы аналар көлік құралына салынатын, үй маңындағы жер учаскесіне салынатын, жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салықтарды, сондай-ақ нотариаттық операциялар кезінде мемлекеттік бажды төлемейді.
Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында 13 мың көпбалалы отбасы бар. Өткен айда Президент Жарлығына сәйкес ақтөбелік аналардың 14-і — «Алтын алқаға» және 30-ы «Күміс алқаға» ие болды. Отбасының берекесін кіргізіп, түн ұйқысын төрт бөліп, бесік тербетіп, бала тәрбиесінде ерекше рөл атқарып отырған аналарымыз да, ел қорғаны, отбасының қамқоршысы — азаматтарымыз да аман болсын!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button