Пікір

Халық саны көбейсе, тұғырымыз беки түседі

Зульфия МҰҚАШЕВА,
13 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.
Осы аптада еліміздегі халықтың саны 20 миллионға жетті. Бұл — маңызы зор тарихи оқиға. Сонау еліміз тәуелсіздік алған жылдарда халқымыздың саны 16,4 миллион адам болса, міне, отыз жыл ішінде қазақстандықтардың саны едәуір артып отыр. Қашан да жақсы жаңалыққа құлақ түріп, бар қуанышын бөлісе білетін халқымыз үшін бұл тарихи оқиға қай-қайсысымызды да ерекше қуантты.
Кез келген отбасы үшін баланың өмірге келуі, жақсы жетістіктерге қол жеткізуі — ерекше жаңалық. Балалы болу, ұрпақ жалғастыру — әр отбасының бақыты ғана емес, мемлекеттің де байлығы. Халық саны көбейсе, дербес ел ретіндегі тұғырымыз да беки түседі. Халқымыздың санының артуына өз үлесін қосқан, осы аптада дүниеге келген сәбилер алдағы уақытта болашағы жарқын, ел дамуы жолында адал
қызмет ететін азаматтар болады деп сенеміз.
Мен 12 жылдан бері білім саласында үздіксіз еңбек етіп келемін. Осы уақыт аралығында жүздеген түлекті білім ордасынан ұшырып, жаңа өмірге қадам бастырдым. Сондықтан мен үшін жас ұрпақтың көбейіп, сапалы білім алып, тәрбиелі, ұлтшыл, намысшыл болып өсуі өте маңызды.
Қазіргі таңда елімізде жаңадан өмірге келген сәбилерге де, жас аналарға да, мектепте білім алып жүрген балаларға да мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық орасан. Алысқа бармай-ақ, мектепте оқып жүрген өз оқушыларымды алып қарасам, қазір бәрі тегін оқулықпен, ыстық тамақпен қамтылып отыр. Жыл сайын әртүрлі байқауларға, олимпиадаларға қатысып, білімдерін арттыруға мүмкіндік алады. Дарынды оқушыларымыз шетелге жолдама алып, биік белестерді бағындырып жүр. Осының бәрі — еліміздің болашағы — жас ұрпаққа жасалып жатқан қамқорлық пен жақсылықтың айқын дәлелі. Сондықтан сөз соңында ұлтты құраушы халықтың саны мен сапасы артып, жас ұрпағымыз әрдайым өзгелерге үлгі бола берсін демекпін.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button