Мәдениет

Ән — көңілдің ажары

Байқау

Халықаралық зағиптар күні қарсаңында Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде көру мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Жем самалы» тақырыбында республикалық ән байқауы өтті.
Бұл іс-шара қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен, қалалық қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен өткізілді.
— Ақтөбе — ән мен жырға арқау болған киелі мекен. Бұл — қазақ өнерінің қос шынары Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың, қалаберді әлем сахнасында қазақтың әнін қалықтатып, күйін тыңдатқан біздің Димаштың елі. Көз жанары көрмесе де жүрекпен сезінетін, өмірге құштар жандардың арасында республика деңгейінде ұйымдастырылып жатқан бұл іс-шараның маңызы зор. Ең басты мақсат — мүмкіндігі шектеулі жандардың бойынан жылт еткен ұшқынды байқасақ, соны үрлеп, жағуға тырысу, өнерлерін шыңдау, — деген Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева үміткерлерге сәттілік тіледі.
«Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Гүлшара Жалғасованың айтуынша, байқауға еліміздің 13 облысынан 28 өнерпаз қатысып отыр. Байқау шарты бойынша үміткерлер бірінші кезеңде Ақтөбе облысынан шыққан ақын-композиторлардың шығармаларын орындауға тиіс. Ал екінші кезеңге өткен қатысушылар еркін тақырыпта ән шырқайды.
Қызылорда облысындағы «Зағиптар қоғамы» клубының музыкалық жетекшісі Арман Хайыпұлы:
— Ақтөбе жеріне екінші рет келуім. Қызылордадағы қалалық Мәдениет үйі жанында «Зағиптар қоғамы» клубы бар. Клубтағы алты үйірменің бірі — «Қарлығаш» ән үйірмесі. Сол үйірменің өнерпаздары — Динара Ешниязова, Шұғыла Қайменова, Забира Төлегендер бұл байқауда жеке-жеке ән орындайды. Байқау шарты бойынша олар эстрадалық жанрда жанды дауыста айтады. Олардың қай-қайсысы да байқауға жоғары даярлықпен келді.
Бұл байқауға облыс атынан бір ғана үміткер қатыспақ. Ол — бұрынғы «Сәт» триосының мүшесі, қалалық Зағиптар мәдениет үйінің қызметкері Алтыбай Сапарбай.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button