Мәдениет

Мәдениет ошақтары жаңартылып жатыр

Облыс әкімі Асхат Шахаров қаладағы мәдени нысандарды аралады. Өңір басшысы Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында ашылған креавтивті орталық, «Алақай» қуыршақ театры, облыстық халық шығармашылығы орталығы және мемлекеттік архивтің жай-күйін көрді.

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында құрылған  креативті орталық биыл маусым айында ашылды. «Samruk-KazynaTrust» қоры қолдаған жоба бүгінде өз жемісін беріп отыр.

Мұнда келушілер саны бұрынғыдан үш есе артқан. Облыс әкімі орталықты аралап шығып, білімі мен дағдыларын жетілдіруге ынталы жастарды әлі де тарту керектігін айтты.

Сондай-ақ өңір басшысы креативті орталыққа жиналған Жазушылар одағының облыстағы мүшелерімен кездесті. Жоспардан тыс басқосуда Асхат Шахаров мәдениет саласындағы өзекті проблемалар, ақтөбелік ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау, аймақтың мәдени-рухани құндылықтарын насихаттау мәселелерін талқылады.

1956 жылы салынған «Алақай» қуыршақ театрының ғимараты былтыр жөнделді. Іші-сырты толық жөндеуден өтіп, материалдық базасы жаңартылған театр жаңа қойылымдарын сахналап, көрерменін қуантуда.

Қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалина облыс басшысына музейді, костюмдер сақталатын бөлмені көрсетті. Асхат Шахаров ғимаратты күтіп ұстау мәселесі бақылауда болуға тиіс деген міндет қойды.

Ал облыстық халық шығармашылығы орталығына күрделі жөндеу қажет. Бұрынғы Металлургтер үйінің жылу жүйесі мен еденін ауыстырып, ғимараттың іші мен қасбетін жаңарту керек. Жөндеу жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалған.

— Ғимараттың ескі екенін білеміз. Міндетті түрде күрделі жөндеу жүргізу керек. Жобаны қолдаймыз. Мына еденнің астында орналасқан жылу жүйесін толық ауыстыру керек. Сонымен қоса ғимараттың дизайнын да дұрыстап ойластырған жөн. Ғимарат аумағын абаттандыруды да жобалық-сметалық құжаттамада ескеру қажет, —  деді жауапты мемлекеттік орган басшыларына тапсырма берген облыс әкімі.

Асхат Шахаров облыстық мемлекеттік архивтің уақытша орналасқан ғимаратына да барды. Лачугин көшесінде орналасқан архив ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы қарастырылатынын, ал архивке салынып жатқан ғимарат құрылысын қолдайтынын айтты.

Мәдениет саласына қарасты нысандарды аралау барысында берілген тапсырмаларды салалық орган өкілдері орындауға тиіс. Көтерілген өзекті мәселелер облыс әкімінің бақылауында болады.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button