«Қанша тіл білсең, сонша адамсың»
Тоғыз жолдың торабындағы Ұлы даланы мекен еткен қазақ халқы: «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл», «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» — деп, тіл білудің маңызын ертеден түсінген. Бүгінгі жастар тек өз еліміз ғана емес, әлемнің әр қиырынан білім алғысы келеді.
Сондықтан халықаралық тілдердің ішіндегі ең кең таралған тіл — ағылшын тілін үйренуге тырысатыны түсінікті. Осы ретте Ақтөбедегі бұрын Білім және ғылым министрлігі мен Cambridge Assessment English арасындағы«50 пилоттық мектеп» жобасына қатысқан «5ke ағылшын тілі мектебі» әлі де Кембридж университетінің емтихан кеңесімен бірлесе жұмыс жасап отыр.
Дүйсенбі күні осы мектепте ағылшын тілін үйреніп, емтихандар тапсырған педагогтер мен жастарға, оқушыларға сертификаттар табысталды.
Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалының директоры Нұргүл Әбішева, белгілі спортшы, самбодан 2007 жылғы әлем чемпионы, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Раиса Байлиева қатысып, сөз сөйледі.
— Тек спортшылар ғана емес, білімді жастарымыз бен ғалымдар да өз жетістіктерімен елімізді әлемге танытса екен дейміз. Сол тұрғыдан келгенде, оқушылар мен жастардың тіл үйренуге деген ықыласын айрықша құптаймын. Сондықтан осы жиынға шақыруды қабыл алдым. Тіл үйренген жастарымыз әлемнің беделді оқу орындарында білім алып жүр. Ең бастысы, сол білімді еліміздің игілігі үшін жұмсаса деп тілеймін, — деді Раиса Байлиева.
«5ke ағылшын тілі мектебінің» директоры Нұртас Жұмағазиев өз сөзінде тіл білудің артықшылықтарына тоқталды.
Шара барысында «Ақжелең» ансамблі өнер көрсетіп, домбыра мен жетігеннен күй төгілтті.
А.САРЫБАЙ.