Денсаулық

Асқазанға абай болыңыз

Асқазан аурулары — өңеш пен он екі елі ішек аралығына орналасқан ас қорыту органының қалыпты қызметінің бұзылуы. Асқазан ауруларының ішінде: асқазанның қабынуы, асқазан жарасы, асқазан рагы жиі кездеседі.

Көпшілікке асқазан қабынуының жедел және созылмалы түрі белгілі. Жедел қабыну кейбір дәрілерден, арақ-шараптан, шай, кофені қою ішуден, тамақты өте ыстық немесе салқындатып жеуден және бұзылған тағамды жеп уланудан пайда болады. Науқастың жоғарғы құрсақ тұсы жайсызданады, жүректің айнуы, құсу және іш өту құбылыстары байқалады. Созылмалы қабыну жедел қабынудың жазылмай қайталануынан туындайды. Ол он екі елі ішек сөлінің кері ағуынан, ұзақ уақыт ішімдікті, дәрілерді пайдаланудан, бактериялық қабынудан, тағы да басқа әсерлерден болады. Науқаста кекіру, ащы запыран келу, жүрек айну, құсу, арықтау және қан аздық белгілері байқалады.

Ауруды әдетте гастродуоденофиброскоппен анықтайды. Ауру адам тағам, демалыс режимдерін сақтап, асқазан сөлін тежейтін дәрі-дәрмектер ішуі керек. Асқазанның ойық жарасы маусымға байланысты өршіп отырады. Аурудың ушығуына көңіл күйзелісі, асқазан сөлінің жоғары қышқылдығы, тамақтану режимінің бұзылуы, темекі тарту, кейбір дәрінің кері әсері мен организмнің қорғаныс факторларының (иммунитеттің) әлсіреуі жатады. Көбінесе тамақтанғаннан кейін жарты-бір сағат ішінде науқастың жоғарғы құрсақ тұсы ауырады. Емдеу үшін тұз қышқылын бейтараптайтын атропин, циметидин т.б. дәрілер қолданылады.

Халықта «Ауру — астан» деген сөз бар. Ендеше, тамақтану режимін сақтап, күнделікті демалыс, тынығу уақыттарын тиімді пайдалансаңыз, бұл да — деніңіздің сау болуының бір кепілі.

Айсұлу МАНАЛИЕВА,

«Евразия» емханасының терапевт-дәрігері.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button