Мәдениет

Жас артистер

Фестиваль

«Алақай» қуыршақ театры сахнасында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына орай «TEATRALІ» облыстық театр фестиваль-байқау өтті.

Байқауға қала және аудандағы орта мектептердегі өнерлі оқушылардан жасақталған 12 ұжым қатысты.

Еркін тақырыптағы қойылымдар мен миниатюраларда жас өнерпаздар қазақ өмірінің тыныс-тіршілігін, отбасы құндылығын, ұлттық рухты, тарих пен патриотизмді көрсетуге тырысты. Мектепішілік шараларға белсене қатысып жүрген оқушылардың көпшілігі үлкен сахнаға алғаш рет шығыпты. Соның бірі —  Хромтау ауданынан келген Тассай орта мектебінің командасы.

— Мектепте драма үйірмесі жұмыс істейді. Балалардың бәрі дарынды: бірі музыкалық аспапта ойнаса, бірі ән салады. Бәрі де сахнаға шыққанды жақсы көреді. Шағын қойылымда экология, отбасындағы және құрдастар арасындағы қарым-қатынас мәселелерін көтеруге тырыстық. Қойылымға қатысқандар — 7-9 сынып оқушылары. Жас өнерпаздар қойған «Дайындық» қойылымының сценарийін мен жазып бердім. Оқушылар байқауға Гүлжайна Ахметтің жетекшілігімен дайындалды, — дейді Тассай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самат Есқожаев.

Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №5 орта мектептің «Дионис» оқушылар театрыДинара Жұмашеваның жетекшілігімен «Алжир» тарихи драмалық қойылымын қойды. Мұнда гимнастерка киген ұлдар мен шарқат тартқан қыздар шынайы ойын көрсетіп, көрерменге өз кейіпкерлерінің сезімі мен эмоциясын әдемі жеткізуге тырысты.

Байқау барысында театр өнеріне қызыққан оқушылар өздерін трагедия, комедия, драма жанрларында жан-жақты көрсетті.

Төрешілер өнерлі өрендердің актерлік шеберліктерін ғана емес, сахналық образын, музыкалық сүйемелдеуін, сахнаның көркем безендірілуін де бағалап, үздікті анықтады.

Фестиваль-байқаудың қорытындысында бірінші орынды Дулат Исабековтің «Әпке» драмасын сахналаған Темір ауданы Шұбарқұдықтағы №4 орта мектептің «Dejavu» оқушылар театры жеңіп алды. Қарғалы аудандық Мәдениет үйінің жанындағы «Ұшқын» жастар театрыбайқауға Төлен Әбдіктің «Оң қол» трагедиясымен қатысып, екінші орынға ие болды. Ал үшінші орынға Қандыағаш қаласының №5 орта мектебінің «Дионис» оқушылар театры ие болды.

Сонымен қатар бес номинация иегерлері анықталды. Мұнда Ақтөбе қаласындағы №37 орта мектептің «Жалын» театрының жетекшісі Ақниет Жалғасова «Үздік жетекші» номинациясына ие болды. Жалындықтар байқауға Нұрсұлтан Кемаловтың «Отан үшін от кешкен ару Әлия» атты шығармасын әкелген болатын.

«Үздік ер адам рөлі» номинациясынаТөлен Әбдіктің «Оң қол» хоррор  драмасында актерлік шеберлігін көрсеткен Темір ауданының Н.Байғанин атындағы Темір аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған театр актеріСәндіғали Арғын лайық деп танылды.

«Үздік әйел рөлі» номинациясыРоза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі» спектаклінде кейіпкер образын шебер сомдағанМұғалжар ауданы Жаңажол орта мектебі драма үйірмесінің мүшесі Айару Қалелге табысталды.

«Үздік сахналық костюм» номинациясын Қадыр Мырза-Әлінің «Төле би» драмасындағы сахналық костюмдері үшін №30 қазақ орта мектебіндегі Алтын Ғабдешова жетекшілік ететін «Шабыт» драма үйірмесі жеңіп алды.

Жеңімпаздарға дипломдар, бағалы сыйлықтар және драмалық шығармалар жинағы, сондай-ақ номинация иегерлеріне Алғыс хат, арнайы статуэтка және бағалы сыйлықтар табысталды. Белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы Алғыс хат және кітап жинағы берілді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button