Ауыл

Ауыл тұрғындары азаматына сенеді

Ауыл әкімі

Үлкен жолдың бойындағы Бөгетсай ауылы өзеннің жағасында орналасқан. Бұрыннан өзіндік шаруа-тірлігі қалыптасқан, ұрпақтар сабақтастығы жалғасып келе жатқан елдімекен.Оның үстіне «Батыс Еуропа-БатысҚытай» халықаралық дәлізінің салынуына байланысты бұл жердің жан-жақпен қарым-қатынасы арта түсті. Ауыл адамдары жеке көліктерімен Астанаға да шығатын болды.

Бір кездері мал шаруашылығы мен егіншілігі қатар дамыған шаруашылық ізінде қазір жеке қожалықтар бар. Қожалық иелері мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, мүмкіндігінше өз шаруаларын жүргізуде.

Бөгетсай ауылдық округінің әкімі Махамбет Сүйіналин осындай жоспар-жобалардың үйлесімді жүруіне ұйытқы болып, көптеген жаңа бастамалардың жетекшісі болуда. Ол — осы ауылдың перзенті. Жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастады. Өзінен кейінгі жас буынға жақсы тәрбие, сапалы білім беру жолында заман ағымына сай ізденістерімен көзге түсіп жүрген маманды көпшілік ел басқару ісіне лайықты азамат деп есептейді.

Әкесі Арғынғазы марқұм осы баласына үнемі сенім артып, келешегінен үміттеніп отыратыны жадымызда. Әке сенімі алдамайды ғой. Бүгінде Махамбет баламыз ауылдастарының арқасүйер азаматына айналды.

Ол Мемлекет басшысының ауылды дамыту тұрғысындағы бағдарламаларын күнделікті іс барысында жүзеге асыруға қызмет етеді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, олардың шаруаларының өнімді болуына қолдау көрсетеді. Сонымен бірге оларды ауылдағы мұқтаж жандарға, жағдайы қиын адамдарға көмектесуге де жұмылдырады. Мәселен, бір жылдары ауылдағы осындай отбасыларға отын-шөп алу үшін арнайы сертификат бергізді. Бұған ырза болған қариялар әкім балаға батасын берді.

Ауыл шаруасы қай кезде де азаймайды. Кейінгі жылдары көшелер ретіне қарай асфальтталып, тротуар жүргізіле бастады. Көп уақытқа дейін проблема болып келген су құбырының жұмысы жолға қойылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Жазғытұрым тал егу, көшет отырғызу жұмыстары басталды. Биржаның есебінен ақша төленіп, ауыл тұрғындары, оқушылар талдарды суару, күтіп-баптау жұмыстарына тартылды.

Бөгетсай ауылы үлкен жолдың бойында болғандықтан жолаушылар ағылып өтіп жатады. Солардың аялдап, тамақтанып алуы үшін екі шайхана ашылды. Бұл біржағынан жұмыс орындарының көбеюіне де әсерін тигізді.

Спорт кешенінің салынуы ауылдағы жақсы жаңалықтардың бірі болды. Қазіргі уақытта жастар бос уақыттарын осында өткізеді: олар өздері қалаған спорт түрлерімен жаттығады, сондай-ақ жиі ұйымдастырылып тұратын түрлі жарыстар мен сайыстарға қатысады.

Ауылдағы өзен арнасынан арғы бет пен бергі бетке қатынау жергілікті тұрғындар үшін көпке дейін шешімін таппаған күрделі мәселе еді. Қазір көпір салынып, ауыл адамдары іс басындағы азаматтарға алғысын күнде айтады.

Ауылдағы тойхана да халық игілігіне қызмет етеді. Қуанышта да, қайғыда да дастарқаны жайылатын халқымыздың игі дәстүрі мұнда ретімен сақталады, жастар үлкендердің алдына шықпайды, ақсақалдар кейінгілерге жол көрсетіп отырады.

Ауылдық округтің Қарлау бөлімшесінде кәсіпкер Жұмабай Бекмағанбетовтің бастамасымен және тікелей араласуымен бастауыш мектеп үйі салынғанда да Махамбет әкім күні-түні сол жерден табылды.

Махамбет баламыздың бір ерекшелігі, көргенін көңіліне түйіп, ескерілуге тиісті жайларды үнемі назарда ұстап жүреді. Сөйтіп жүріп бір ыңғайлы шешімін табады.

Аудан орталығынан алпыс шақырымдай қашықта, Ор өзенінің бойында орналасқан ауылдың келешегі кемелді деп ойлаймыз.

Менің өзім денсаулық жағдайымызға байланысты қазір Ақтөбеге қоныс аударғанымызбен, ауылға елеңдеп отырамын. Әрбір хабарласқан сайын жақсы жаңалық естимін.

Махамбет балам осы аптада бір ауылға газ кіргіземіз деп қапылып жүргенін білдім кеше.

Ауыл тұрғындары азаматына сенеді. Халыққа қамқор болатын, ел игілігі үшін ерінбей қызмет ететін Махамбет Сүйіналин секілді іскер әкімдеріміз көбейе берсін деп тілейміз.

                                                                                                                                                  Қуаныш НҰРПЕЙІСОВ,

еңбек ардагері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button