195 мұғалжарлық жас жұмысқа орналасты
Жастар практикасы
«Жастар практикасы» — белгілі бір оқу орнын тәмамдаған жастарға уақытша жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаудың жақсы мүмкіндігі. Бір жыл бойы жұмыс істеген уақытында жас маманға ай сайын 103500 теңге көлемінде жалақы төленеді. Егер жас маман осы уақыт аралығында жұмысында өзінің іскерлігін көрсете алса, тұрақты жұмысқа қалуына да мүмкіндігі бар.
Аудандық мансап орталығының мәліметінше, биыл 195 мұғалжарлық «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмыспен қамтылды.
«Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасы жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында ұйымдастырылып келеді. Бағдарламаға 35 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы бес жыл ішінде жоғары оқу орны мен колледж бітірген,техникалық және кәсіби білімі бар түлектері бір рет қана қатыса алады.
Былтыр аудан бойынша 261 жас маман аудандағы түрлі мекемелер мен кәсіпорындарда «Жастар практикасы» бағдарламасымен еңбек етті. Оған қатысу үшін «Ашық әкімдік» ғимаратында орналасқан Мұғалжар аудандық мансап орталығына хабарласуға болады.
Жандос АЙТЖАН,
Мұғалжар ауданы.