Мәдениет

Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы

Тәрбие

Ақтөбе қалалық мәдениет үйінде «Бақытты ана — бақытты отбасы» тақырыбында іс-шара өтті.

Іс-шарамақсаты —  жастар арасында дұрыс орта қалыптастыру, отбасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынас, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, болашақ ана ретінде қыз баланың өмір жолындағы қателіктерге бой алдырмау, сапалы білім алу, саналы әрі салауатты ұрпақ тәрбиелеу.

Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының жанындағы Аналар кеңесінің үйлестірушісіРауза Серғалина«Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шараның жастарға, оның ішінде қыз балалар үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.

«Әке баласын тәрбиелейді, ана ұлтты тәрбиелейді» деген халық даналығынан-ақ әйелдің қоғамдағы орнын бағамдауға болады. Сондықтан қыздарымызға болашақ аналарға ұлағатты, қазақи тәрбие беруде осындай іс-шараларды өткізудің мәні зор. Бүгінде біздің арамыздағы аналар кеңесінің мүшелері қыз балалардың басын қосқан осындай шараларда үнемі ақыл-кеңестерін айтып, ойларын ортаға салып, пікір алмасады. Сондай-ақ ұлттық дәстүрімізді дәріптеу, жастар арасында насихаттау, оларды өз ортасын сыйлауға, әрі өздерінің сыйлы болуына, ата-аналарын қадірлеу тақырыбында да ғибратты әңгімелер жиі қозғалады, — деді Р.Серғалина.

Бұл жолы шараға аналар кеңесінің мүшелері, қаладағы бірқатар колледж оқушылары, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.

«Үлгі болар отбасы — қазағымның айнасы» тақырыбында сөз сөйлеген аналар кеңесінің мүшесі, мәдениет саласының ардагері Шалқия Бақытжанова:

Өзім де қыз бала тәрбиелеп отырмын. Немерелерімнің оны қыз бала. Солардың алдыстудент, мектеп қабырғасында оқитындары да бар. Меніңше, қыз бала тәрбиесіне қатысты көп жиын өткізіп, айта берудің қажеті жоқ. Себебі оларға қатты әсер етеді деп ойлаймын. Өйткені олардың өз тәрбиесі бар, өз ойы, ұстанымы болуы керек. Қазақта «санасына берсін» деген сөз бар. Сондықтан санасы бар бала қай жерде де, қандай жағдайда да адам болуды ойлайды. Қыз балалардың тәлім-тәрбиесіне, олардың болашаққа деген көзқарасын білу мақсатында өткізілетін осындай жиындардың тағылымдық мәні зор, — деді.

Сондай-ақ шара барысында аналар кеңесінің мүшесі Орынай Ідірісова «Отбасы — бақыт мекені», «Вайнах» шешендердің  этномәдени бірлестігінің өкілі Асма Билалова «Отбасы — татулық пен сыйластық отаны», Ассамблея жанындағы жас аналар кеңесінің мүшесі Рита Клютова «Ынтымағы жарасқан отбасы» тақырыбында сөз сөйледі.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button