Ел қалауы әділетті сайлау
Ырғыз ауданына қарасты Қарақұдық ауылының тұрғындары №229 сайлау учаскесіне келіп таңдауын жасады.
Олардың арасында Жұлдызай Көптілеуова, Бақытгүл Өтеуова, Толқын Әжіғалиева, Мөлдір Ілиясова сынды көпбалалы аналар да бар.
Сайлау учаскесінің төрағасы Болатбек Түгеловтің айтуынша, Қарақұдық ауылында 147 сайлаушы тіркелген.
— Бұл сайлауға ырғыздықтар ерекше мән беріп отыр. Сайлаудың өту барысын 3 байқаушы, 2 сенімді өкіл бақылап отыр. Денсаулығына байланысты 5 адам үйден дауыс беруге өтінім білдірген, — дейді комиссия төрағасы.
Дауыс берушілердің арасында кәсіпкер Октябрь Нұрмағанбетов те бар. Ол ауылда асылтұқымды мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
— Еліміздің ертеңі, ұрпағымыздың жақсы өмір сүруі үшін өз таңдауымды жасадым. Елдің жағдайын жақсартамыз деп жүрген азаматтарымызға тілекшімін.
Әділетті Қазақстанымыздың өркендеуіне әр азамат өз үлесін қосып, көкірегі ояу, көзі ашық жастарымыз көбейіп келеді. Мен соларға демеу болайын деп келдім, — дейді кәсіпкер.
Ақмарал МҰҚАШЕВА,
Ырғыз ауданы.