Сайлау

Талдысайлықтар белсенділік танытып жатыр

Талдысай ауылындағы №421 сайлау учаскесінде дауыс беру өз уақытында басталды. Аталған учаскеде 549 сайлаушы бар.
—Дауыс беру басталған бір сағаттың ішінде елуге жуық адам келді. Халықтың белсенділігі жоғары. Түске таман бұдан да көбейеді деп ойлаймын. Себебі таңертеңгі уақытта көпшілігі мал шығарып, түске таман қолдары босайды. Ал денусаулығына байланысты келе алмайтын үш адам үйден дауыс береді. Ал бес адам ең бірінші рет сайлауға қатысқалы отыр, — деді сайлау учаскесінің төрағасы Жәдігер Досымов.
Таңғы уақыт болса да талдысайлықтар белсенділік танытты. Ауыл ақсақалы Қазбек Кенжебаев өз таңдауын жасағанын айтып, жастарға сәттілік тіледі.
— Осы ауылда туып, өстім. Ұзақ жыл жүргізуші болдым. Бүгін ауданымыз үшін маңызды шарадан қалыс қалмай, таңертең ерте келіп таңдауымды жасадым. Жалпы ауылымызда барлық жағдай бар. Жол сайрап жатыр. Дегенмен қоғамдық тәртіпке баса назар аударылса деген тілегім бар, — деді зейнеткер.

Ал ауыл тұрғыны Атлас Қартжанова да сайлаудан үлкен үміт күтетінін айтты.
— Аудан әкімдерін сайлау — тәуелсіздік тарихындағы маңызды белестің бірі. Бұны демократияға тағы бір маңызды қадам деуге болады. Сондықтан сайлаудан қалмай ерте келіп, өз таңдауымды жасадым, — деді ол.
Дауыс беруге келгендердің ішінде жастардың да қатары көп болды. Солардың бірі — Аболат Баянасов.
— Ауданымыз, еліміз үшін маңызды саяси науқанда өзімнің таңдауымды жасадым. Бұл басқа сайлауларға қарағанда өзгеше. Алғаш рет аудан әкімдерін өзіміз сайлап жатырмыз. Халық сайлаған әкім халықтың мүддесі үшін қызмет етеді деп сенемін. Сондықтан өзім қатарлы жастарды сайлауға белсенді қатысуға шақырамын, — деді ол.
Талдысай — облыс орталығына жақын ауылдың бірі. Ауыл халқы қалаға еш қиындықсыз жетеді. Мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға тіпті қолайлы. Дегенмен талдысайлықтар жаңадан сайлайтын әкім ауылды одан әрі көркейтсе деген тілектерін жеткізді.
— Ауылда бәрі бар. Жол жақсы. Дегенмен жастар үшін демалыс орталықтары салынса деген тілегім бар. Кешкі уақытта жастар баратын саябақтар болса тіпті жақсы болар еді. Қазір бұрынғыдай емес ауылда бала саны көбейіп жатыр. Замануи балабақша ашылса артық етпейді, — деді Айнагүл Аманшиева.
Аталған учаскеге жақын маңдағы қыстақтардан да келіп дауыс беріп жатандар бар.

Кәмшат Қопаева,
Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button