Әкімдер сайлауы – саяси жаңғырудың жемісі
Ырғыз ауданы Қалыбай ауылындағы №223 сайлау учаскесінің жұмысы әдеттегідей таңғы сағат жетіде басталды. Мұнда сайлаудың өту барысын 5 байқаушы бақылап отыр.
Сайлау учаскесінің төрағасы Амангүл Орынбасарованың айтуынша, бұл аймақта 6 жас сайлаушы алғаш рет таңдауын жасайды. Аймақта 3 адам денсаулығына байланысты үйден дауыс беруге өтініш берген. Қалыбай ауылында 162 сайлаушы тіркелген.
— Халық сайлаған әкім – ол халықтың мүддесі үшін және халықтың шешілмеген түйінді мәселелерін шешу үшін жұмыс істейді деген сенімдемін. Сайлаудан соң елдің дамуы жолында оңтайлы қадамдар жасалып, азаматтардың мемлекетті басқару ісінде белсенділігі мен рөлі арта түспек
— дейді комиссия төрағасы Амангүл Қуанышбайқызы.
Дауыс берушілердің арасында Дина Мимықова, Сәуле Баудиярова, Күлән Әбділдина сынды көпбалалы аналар да бар. Солардың бірі 74 жастағы ауыл тұрғыны, көпбалалы ана — Күлән Әбділдина.
— Мен 1971 жылдан бері Қалыбай ауылында тұрамын. 8 баланың анасымын. Бүгінгі сайлау қазақ елі үшін үлкен мереке ғой. Әрбір қазақ азаматы өз еркімен, ынтасымен елі үшін, халқы үшін дауыс беруі керек. Сайлауға түсіп жатқан үміткерлер халықтың мүддесін ойласа екен деген тілегіміз бар. Сайлау әділ өтсе екен, – дейді Күлән Әбділдина.
Ақмарал МҰҚАШЕВА,
Ырғыз ауданы.