Ауыл ақсақалы Абат Ақшабаев алғашқылардың бірі болып дауыс берді

Ырғыз ауданының тұрғындары N219 сайлау учаскесінде таңдауын жасады. Аталған сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Айтқұловтың айтуынша учаскеде 941 сайлаушы бар:

— Ауыл тұрғындары таңнан бері сайлауға белсенді қатысып жатыр. 4 сайлаушы денсаулығына байланысты үйден дауыс берді. Оның ішінде алғаш дауыс берушілердің саны — 35 адам. Сайлау елімізге, біздің қоғамға жаңа серпіліс береді деп ойлаймын. Сайлау өткен сайын жаңа идеялар жүзеге асырылып, ел экономикасын жақсартуға бағытталған межелі істер орындалады, – дейді комиссия төрағасы.
Ауыл ақсақалы Абат Ақшабаев алғашқылардың бірі болып дауыс берді.

— Мен елімізде өткізіліп отырған сайлау науқанынан тыс қалып көрмеппін. Әрдайым алғашқылардың бірі болып өз дауысымды беремін. Біздің таңдауымыз көп нәрсеге себепкер. Сондықтан тұрғындарды Отанымыздың болашағы үшін өткізіліп жатқан сайлаудан тыс қалмай, дауыс беруге шақырамын, — дейді ол.
Ақмарал Мұқашева,
Ырғыз ауданы.







