Мәдениет

Музыка апталығына бардыңыз ба?

Ақтөбеде алғаш рет музыка апталығы өтіп жатыр. Мәдени іс-шара Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 80-ші мерекелік маусымына орай камералық оркестр ұжымының «Болашаққа қадам» жобасы аясында ұйымдастырылған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте филармония директорының міндетін атқарушы Айбек Кемал аталған іс-шара туралы айтты.

1944 жылы — Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қамкөңіл халықтың көңілін көтеріп, қасіретті жүректерді тазарту мақсатында жер-жерде мәдени ошақтар ашылған. Біздің филармонияның тарихы да сол жылдан басталады. Ал тоқсаныншы жылдардың аяғында филармонияға Қазақстан Республикасының белгілі өнер қайраткері, КСРО халық артисі, композитор Ғазиза Жұбанованың есімі  берілді.

Биыл 80-ші маусымын ашқан мәдени мекемеде бүгінде он шақты ұжым еңбек етеді.Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, қазақ камералық хоры, камералық оркестр, «Аққу» би ансамблі, «Саз» балалар студиясы, классикалық музыка ансамблі, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, «Екі езу» сатира театры, Қазақстан Республикасы Композиторлар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Оралұлының шығармашылық орталығы, «Достық сазы» фольклорлық ансамбльдері — бүгінде бай репертуары бар, соған сай өз аудиториясы қалыптасқан кәсіби ұжымдар.

Биыл камералық оркестрдің құрылғанына  — 20 жыл. 30 қазан мен 4 қараша аралығында өтетін музыка апталығы осыған орай ұйымдастырылып отыр, — деген Айбек Кемал іс-шара барысында республикамызға танымал кәсіби музыка мамандары шеберлік дәрістерін өткізіп, жоба аясында концерт ұйымдастырылатынын айтты.

Бұл шараны өткізудегі мақсат — түрлі аспаптарда ойнайтын жас музыканттардың шеберлігін шыңдау, жаңа бағыттағы музыка өнерінің дамуына үлес қосу, дара таланттардың өнерін таныту. Музыка апталығына жас өнерпаздар мен әуесқой музыканттар қалауынша қатыса алады. Мамандардың шеберлік дәрістерін тыңдап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін ортаға көрермен ретінде келуіне де болады. Өнерсүйер қауым үшін апталық  аясындағы барлық шараларға кіру тегін, — деді ол.

Апталық шымылдығын «Достық сазы» ашты

Барлық шеберлік сағаттары Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж ғимаратында, ал концерттер Өнер орталығында өтіп жатыр.

30 қазан күні апталық аясында ақтөбеліктер ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазанғантанушы-күйші Жайлау Асылхановтың шеберлік сағатына қатысып, Қазанғап күйлерінің ерекшеліктерін үйренді.

Ал кешке қарай Өнер орталығына  «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің концертін көруге барды. Кешке қонақ ретінде Ақтөбе қаласындағы №1 балалар музыка мектебінің «Көңілашар» ансамблі қатысып, аға буын әріптестерімен бірге танымал әндерден попурри-айтыс өткізді.

—Көрерменге ерекше ұнағаны попурри-айтыс болды. Сексен жылдық мерейтойын тойлағалы отырған «Көңілашар» балалар фольклорлық ансамблі деңгейінің кәсіби ұжымдардан кем емес екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. «Достық сазы» 80-90 жылдары хит болған әуендерді ойнаса, «Көңілашар» балалар арасында сұранысқа ие мультфильмдердің саунтрегін аспаптар арқылы көрермен назарына ұсынды, — дейді «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісіБақытбек Зейнелов.

Ал 31 қазанда Скрипка кеші өтті. Сол күні күндіз ақтөбелік өнерсүйер қауым халықаралық конкурстардың лауреаты Қаламқас Жұмабаеваның шеберлік сағатына қатысып, кешке Астана қаласынан арнайы келген скрипкашының сырлы да сазды музыкасын тыңдады. Бұл кештегі концертмейстер ҚР мәдениет саласының үздігі Дина Ниязова болды.

Музыка апталығына  халықаралық конкурстардың лауреаты, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік  консерваториясының түлегі Ұлан Кульмаметов те арнайы келген болатын. Ақтөбеге сапары аясында ол өзінің жеке шеберлік сабағын өткізіп, 1 қараша күні Өнер орталығында өткен фортепиано кешіне қатысты.

Апталықтың төртінші күні, яғни 2 қараша үрлемелі аспаптарға арналды. Бұл күні

халықаралық конкурстардың лауреаттары Алмаз Тоқпанов (кларнет) пен Думан Орынғалиұлының  шеберлік сабақтары өткізіліп, кешке ақтөбелік көрерменнің алдында өнер көрсетті. Үрлемелі аспаптар кешінің концертмейстері — Астанада келген  Халықаралық конкурстардың лауреаты Зәру Жазықбаева болды.

Мәдени іс-шаралар бүгін де жалғасады. Түске дейін ақтөбеліктердің Кұрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының ішекті аспаптар бөлімі кафедрасының оқытушысы Корлан Халилованың вокал сабағына қатысуға мүмкіндігі бар. Ал кешке өтетін Вокал кешінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат  Жылтыргөзов,  Корей академиялық театрының солисті Ангелина Югай өнер көрсетеді.

Ал ертең шеберлік сағаттары ұйымдастырылмақ.

Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының камералық оркестрінің 20 жылдығына арналған «Vivat, классика!» кеші  4 қарашада Өнер орталығының концерттік залында өтеді.

Камералық оркестрге — 20 жыл

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының камералық оркестрі 2003 жылы 15 қазанда облыстық мәслихаттың шешімімен, сол кездегі облыс әкімінің қолдауымен құрылған. ҚР Мәдениет саласының үздігі Әлімжан Ермекбаев жетекшілік ететін камералық оркестр репертуары тұрақты түрде қазақ, шетел композиторларының шығармаларымен толықтырылып тұрады.

Биыл жиырма жылдығын атап өтіп жатқан ұжым осы жылдар ішінде 400-ден астам концерт қойыпты. Қазақстанның халық артистерімен тұрақты түрде бірігіп жұмыс істейді. Оркестрдің реперуарында 10 шақты тақырыптық бағдарлама, әртүрлі жанрдағы 300-ден астам шығарма бар.

— Алғашында камералық оркестр құрамы 24 адамнан тұрды. Кейін ұжым үлкейіп, 10 адамға толықты. Кіші симфоникалық оркестр құру үшін кем дегенде штат саны 64 болуы керек.

Оркестр құрамында Алматы, Баку консерваторияларының, Астана қаласындағы Ұлттық өнер академиясының түлектері еңбек етеді.

Жоғары және орта оқу орындарында, музыкалық мектептерде, балабақшаларда, қайырымдылық концерттерінде белсенді шығармашылық және ағартушылық қызметтерін жүргізіп тұрамыз, — деген Әлімжан Ермекбаев кадр тапшылығы мәселесі барын алға тартты.

— Қалада ваканттық орындар бар. Бірақ оған сәйкес келетін мамандар жоқ. Мен бұл мәселені мәдениет министрінің де алдында көтеріп, ондай олқылықтың алдын алу үшін дарынды балаларға арналған музыка мектебін ашу керектігін айттым. Үлкен оркестрі бар қай қаланы алып қарасаң да — барлығында балаларға арналған музыка мектептері бар. Баланың музыкаға деген қызығушылығын жастайынан оятып, бейімдеген жөн, — деді ол.

Әңгіме барысында камералық оркестрдің жетекшісі облыс тұрғындарының классикалық музыкаға деген қызығушылығы жоғары екенін айтты.

— Біз жыл сайын облыстың аудандарын аралап, тыңдармандарымызбен қауышып тұрамыз. Репертуарымызда Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков сынды қазақкомпозиторларының әндері бар. Әр концерт сайын көрермен қошеметі мен ықыласы ерекше сезіледі. Халық арасында саф алтындай өнерді шын бағалайтындардың көп екендігі қуантады, — деді Әлімжан Ермекбаев.

Дәстүрлі байқау жалғасын тапты

Айтпақшы, музыка апталығы аясында 3-4 қараша күндері Өнер орталығында жас таланттардың «Классика-2023» атты облыстық фестиваль-байқауы өтеді.

Биылғы байқауға қатысуға 80-нен астам бала өтініш берген.

Биыл 19-рет өткізіліп отырған «Классика» байқауы да Әлімжан Ермекбаевтың жобаларының бірі.

— «Классиканың» ұйымдастырылуына себеп болған «Шабыт» фестивалі еді. 2001 жылы сол байқауда лауреат атанғаннан кейін классикалық өнерді сүйетін қауым үшін жаңа бір жоба дайындау керектігін түсіндім. Осылайша жас таланттарға арналған байқау өткізуге болатынын құзырлы басқармаларға айтқанмын. Жобам бірден қолдау тапты. Облыс әкімдігінің қолдауымен 2004 жылы алғаш рет «Классика» байқауын өткіздік. Биыл 19-рет ұйымдастырып жатырмыз. Қатысуға ниет білдірушілер қатары жыл сайын көбейіп келеді, — деді ол.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button