Гауһардың алғашқы көрмесі
Көрме
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ақтөбе қаласындағы №40 орта мектептің көркем еңбек және бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Гауһар Мурзалинованың «Әсемдік әлемінде» атты шығармашылық көрмесі ашылды.
Гауһар — Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, республикалық «Бабалар аманаты» жинағына туындылары енген қолөнер шебері. Халықаралық көрмеге қатысып, Түркия мемлекетінде Дінмұхаммед Қонаевтың 110 жылдығына арналған «Бабалар аманаты» халықаралық жобасына қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталған. Шәкірттеріне бейнелеу өнерінің қыр-сыры мен құпияларын үйретуден жалықпай еңбек етіп жүрген ұстаз.
Шарада дизайнердің өнер жолындағы және бірге еңбек ететін әріптестері Гауһардың еңбегін жоғары бағалап, шығармашылық табыстар тілеп, алғашқы шығармашылық көрмесінің өтуіне қолдау көрсеткен музей ұжымына алғыстарын білдірді.
Көрмеге Гауһардың қолынан шыққан жиырмадан астам сәндік-қолданбалы бұйымдар қойылды.
Сегізінші қарашаға дейін жалғасатын көрмені келіп, тамашалауға шақырамыз.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің менеджері.