Еңбек қауіпсіздігі және қарызсыз қоғам
Өзекті
Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен отырыста қаралды.
Ақтөбе өңірінде тау-кен өндіру саласында жұмыс істейтін 37 кәсіпорын тіркелген. Оның төртеуінде жұмыс шахталарда жүзеге асырылады.
Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Абдухат Мырзалиннің айтуынша, соңғы үш жылда өндірістік жарақаттану деңгейінің төмендеуі байқалып отыр.
Қазіргі уақытта басқарма «Халықтық бақылау», «Тікелей бақылау» және «VisionZero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасы сияқты өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі жобаларды енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жобалар өңірдегі көптеген кәсіпорында енгізілген.
— Адам өмірі мен денсаулығы – мемлекет үшін ең басты құндылық. Жақында орын алған қайғылы оқиға өндірістегі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдары екенін көрсетті. Өңірде жұмыс істейтін тау-кен және мұнай өндіру салаларының барлық кәсіпорнында бұған дейін көтерілген және күн тәртібіндегі мәселелерді қайта қарау қажет. Анықталған кемшіліктер болса, жою шарт. Еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылау күшейтілуге тиіс, — деген Асхат Шахаров жауапты мемлекеттік орган басшыларына тапсырма берді.
Сондай-ақ отырыс барысында халықтың шамадан тыс несие алуын азайту бойынша шараларды іске асыру барысы, шағын және орта бизнес пен туризмді дамыту мәселелері қаралды.
Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Асылбек Қалменов өңірде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заңның нормаларын жүзеге асыру туралы айтты. Биылғы қаңтар айында облыс әкімдігімен бірлесіп бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда облыста соттан тыс банкроттықты қолдану туралы жеке тұлғалар 2600-ден астам өтініш берген. 190 борышкер банкрот деп танылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы іске асырылып жатыр. Ақтөбе облысы бойынша жоба жетекшісі Гүлнар Сейітжаппарова биыл мамыр айында басталған жоба аясында Ақтөбеде 7,3 мыңнан астам тұрғын қамтылғанын айтты. Көбісі қаржылық сауаттылық курстарынан өтіп қана қоймай, өз несиелері бойынша проблемалық мәселелерді шешуде заңгерлік, консультациялық көмек алды.
Отырыс барысында облыс әкімі шағын және орта бизнес пен туризмді дамытуға қатысты нақты міндеттер қойды.Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қонақүй, хостел, кемпинг сияқты орындарға келушілер саны 7 пайызға артып, 85 мың адамға жеткен. Туризм саласындағы инвестициялар көлемі қазан айының басында 15,5 млрд теңге болған. Қазіргі уақытта бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасуда. Мысалы, Қарғалы ауданында тау шаңғысы базасын, санаторий, ипподром және т.б. қамтитын экостильдегі қонақүй салу жоспарланып отыр. Былтырдан бастап туризм саласында мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері қолға алына бастады. Кәсіпкерлік субъектілеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және консультациялар ұйымдастырылды.
Ақтөбе облысы —шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жетекші өңірлердің қатарында. Жыл басынан бері 1277 жоба мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. 2023 жылы іске қосылған Хромтау моноқаласының шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі өңірлік бағдарламасы аясында 33 жоба қолдау тапты. Сондай-ақ облыста әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға қатысты бірқатар шаралар жүргізіліп келеді. Нәтижесінде жыл басынан бері тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,9 пайызға, жұмыс істеп тұрғаны 13,1 пайызға өсті.
ҚР жоғары аудиторлық палатасының бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингісіне сәйкес 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы республикада көшбасшылардың бестігіне кіреді.
Сонымен қатар аппараттық жиында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев жылыту маусымының өтуі туралы баяндама жасады. Қазіргі уақытта өңірде жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Халықтың қажеттіліктері үшін көмір жеткізу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде қажетті көлемнің шамамен 70 пайызы жеткізілді. Сонымен қатар елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Жарық, Еңбекші және Әлімбет ауылдарын газдандыру — қатаң бақылауда.
А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.