Денсаулық

Шаш неге түседі?

Шаш түсу — адам үшін қалыпты жағдай. Өйткені 2-3 жыл сайын ескі шаш түсіп, оның орнына жаңа шаш шығады. Алайда қазір 30-50 жас аралығындағы адамдар арасында шаш түсуіне шағымданатындар қатары көбейіп кетті. Оның себебін анықтау мақсатында облыстық тері — венерологиялық диспансерінің трихолог дәрігері Жанна Мұратқызымен тілдескен едік…

Себебі мен салдары

Трихология — шаш пен бас терісін зерттейтін ғылым. Бас терісінің және шаштың түсу себебін анықтау мақсатында жылына бір рет трихолог дәрігерге жүгінген артық етпейді. Шашының шамадан тыс түсе бастағанын байқаған адам бірден трихологиялық тексеруден өтуі керек. Трихологиялық ауру түрлеріне себорея, құрғақ немесе майлы қайызғақ, псориаз, алопеция, атопиялық дерматит, себореялық дерматит жатады. Шаш аурулары жалпы асқазан-ішек жолдары, қандағы темірдің жеткіліксіздігінен, әйелдерде эндокриндік жүйелердің әлсіздігінен, ерлерде асқорыту жолдарының бұзылуынан пайда болады дейді трихолог.

— Біздің бас терімізде орналасқан шаш екі бөліктен тұрады. Біріншісі — терінің сыртына қарай өсетін шаш талшығы, екіншісі — терінің астындағы шаш түбірі. Ол қан жүретін тамыр, нерв жүйелері, май бездерімен тығыз байланысты. Егер аталған организм мүшелеріне зақым келсе, шашта түрлі аурулар пайда болады. Ғылымда шаштың түсуін «алопеция» деп атайды. Шаштың түсу себебін анықтау үшін әуелі сараптама жасау қажет. Негізінен, шаштың түсуі тұқым қуалайды. Бұдан бөлек дұрыс әрі уақтылы тамақтанбау, шаш күтіміне мән бермеу, қандағы темір деңгейінің жеткіліксіздігі, гормондық ауытқушылық, жиі күйзеліске түсу, өт жолдары мен асқазан жұмысының бұзылуы, эндокрендік аурулар да шаштың түсуіне себеп, — дейді Жанна Мұратқызы.

Елімізге трихология түсінігі 90-жылдары жетіп, мамандардың жұмыс істей бастағанына 10 жылдың көлемі ғана болды. Соған қарамастан, трихологиялық орталықтағы мамандардың басым бөлігі шетелде оқып, білімін жетілдіріп жүр.

Косметология, дерматологиядан бөлек, трихология саласын жетік меңгерген Жанна Ержанова 12 жылдан бері осы салада жұмыс жасайды. Трихологтың қабылдауына барған сәтте дәрігер көмегіне жүгінетін адамдардың көп екенін байқадық. Ол қабылдауына келген емделушіге дұрыс сусабын пайдалану керектігін айтып, кеңес беріп жатқан еді:

— Шашы тым сиреген адамдар маман ұсынған кеңеске жүгінгені дұрыс немесе арнайы сусабындарды қолданса болады. Олардың құрамында шаштың қатаюына әсер ететін заттар бар. Ал дүкен сөрелеріндегі жай сусабындар шаштың сыртқы жағын әдемі көрсеткенімен, бас терісіне жағымсыз әсер етуі мүмкін. Сондықтан бас терісін арнайы әдіспен күніне екі рет уқалап, қан айналымын жақсарту қажет. Үй жағдайында түймедақ, алоэ, қалақай, жалбыз шөптерін қайнатып, суын тұндырып, шашты жуғанда қолданса болады. Олар шаштың түсуін тежейді. Қыз-келіншектерді кератинді түзетуге жоламауға шақырамын. Себебі оның құрамындағы химиялық заттар шаштың түсуіне әкеледі, — дейді дәрігер.

Трихологтің айтуынша, қазіргі кезде 18-ге толмаған жасөспірімдерде де ақ шаш бар. Ақ шаш негізінен тұқым қуалаудан, витаминдердің жетіспеуінен (В12), жиі күйзеліске түсуден, шылым шегуден пайда болады. Сондай-ақ бастың жиі терлеуі де, қайызғақтан арылмауы да шаш ауруларына жатады. Асқазан-ішек жолдары, эндокриндік және иммундық жүйенің бұзылуы да шаштың түсуіне сеп болатын көрінеді. Одан қалса экология, шашты дұрыс күтпеу, стресс, инфекция да әсер етеді. Адамның шашы күніне 50-80 талға дейін түседі, бұл қалыпты жағдай дейді маман.

Шаштың түсі қара пигменттерге байланысты түрленеді. Мұны көбі біле бермеуі мүмкін. Егер шаш құрамында меланиндер (қара пигменттер) мол болса, шаштың түсі де қанық болады. Ал пигмент дұрыс қалыптаспаса, шаш бірте-бірте ағарып кетеді. Пигменттер қараторы, қара шашты адамның шашында көп болады. Ал керісінше, қоңыр өңді, сары шаштыларда аздау, аққұба, сары шаштыларда тіптен аз болады. Шаштың ағаруын тежеу үшін кокос майы пайдалы. Оны күнде ұйықтар алдында бас терісіне массаж арқылы жақса, жақсы әсерін тигізеді. Қазіргі таңда шаштың сиреген жерлеріне арнайы ем алып, өсіруге мүмкіндік мол. Тіпті шаш трансплантациясы арнайы жеке клиникаларда жүргізіледі, — дейді ол.

Трихологиялық емдеудегі зерттеу әдістері

Трихологиялық емдеу әдістеріне бас терісін тазарту, тітіркенген жерлерді тыныштандыру, нәрлендіру, ылғалдандыру сынды ем-дом шаралары жатады.  Оған оттегі инфузиясы, бас терісінің дарсонвализациясы, трихологиялық массаж немесе ультрадыбыстық зерттеу сынды процедуралар кіреді.

Маманның айтуынша, шаштың шамадан тыс түсуі кезінде бас терісінің қанмен қамтамасыз етілуін жақсартатын емдеу шаралары қолданылады.

Облыстық тері-венерологиялық диспансерінде арнайы трихоскопия аппараты жұмыс жасайды. Шаш түсуінің себеп-салдарын анықтайтын аппарат арқылы шаш ауруларын тексеру құны — 2400 теңге.  Ол шаш талшықтарындағы ауруларды ультрадыбыстық зерттеу секілді анықтай алады. Трихологиялық тексеру арнайы дайындықты қажет етпейді. Көптеген адамдар оларды профилактикалық түрде жасайды. Ол зерттелген аймақтарды бірнеше рет үлкейтуден және камерадан алынған кескінді талдаудан тұрады.

Трихологиялық тексеруде бас терісіне, шаш түбіріне (фолликулына) ерекше мән беріледі. Толық талдау мыналарды қамтиды: трихоскопия — бұл шаштың күйін ескере отырып, шаштың түсу себептерін анықтауға мүмкіндік беретін дерматоскоппен бас терісін талдау; аналитикалық триходиаграмма — сынау үшін шаш үлгілерін алу; трихометрия – шаштың қалыңдығына баса назар аудара отырып, шаштың әртүрлі параметрлерін өлшеу; себореялық дерматит диагностикасы үшін себореялық кератинизацияны талдау, саңырауқұлақ жасушаларын анықтау үшін микологиялық зерттеу; зертханалық зерттеулер – жағындылармен морфология, қалқанша безінің профильдік сынақтары, пролактин, ферритин және тестостерон деңгейлері, — дейді Жанна Мұратқызы.

Бояу шашқа зиян ба?

Қазіргі таңда нәзік жандылардың бәрі әдемі болып жүргісі келеді. Ешқайсысына «бұл зиян» деп шектеу қоя алмаймыз. Бірақ шашты бояу адам ағзасында бауырға қатты әсер етеді. Шашын айына 2-3 рет, тіпті одан көп бояйтындар гипертиреоз (қалқанша безі ауруы), асқазан-ішек жолдарының қабынуына, түрлі созылмалы ауруларға тап болады. Сондай-ақ аллергиялық аурулар, лейкомия, бас ауруы осы шаш бояуынан пайда болады.

Жанна Мұратққызының айтуынша, шашқа зиян келтірмес үшін аммиаксыз шаш бояуын пайдаланған дұрыс. Бірақ қазіргі таңда сән салондарда қолданылатын шаш бояуларының 75 пайызы аммиактан тұрады. Аммиак өкпенің зақымдануына, жүйке қызметінің бұзылуына әсер етеді. Сондай-ақ бояудың құрамында кездесетін парафилендиамин деген қоспа да өте қауіпті. Ол қуық жолы ісігін тудыратынын ғалымдар дәлелдеп отыр.

Трихологиялық аурулардың алдын алу үшін ең алдымен шаш күтіміне ерекше мән беруіміз керек. Ол үшін мына қағидаларды естен шығармағаныңыз жөн:

– Салқын ауа райында, әсіресе қыс бен күзде шашты салқын сумен жуған дұрыс;

– Далаға шашты толық кептіріп шығу керек, әйтпесе шашыңыз суық тиюден бөлек ұштанып кетеді;

– Шаш кептіретін құрылғыны, шаш бұйралауға немесе тіктеуге арналған құралдарды қолдануды азайту керек;

– Шашты күнде жуу оны әлсіретіп жібереді, тез майлануға әкеледі;

– Қыста баскиімсіз жүрмеу қажет;

– Бастың қан айналымын жақсарту үшін күнде қолмен массаж жасап тұрған дұрыс.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button