Тарих

Аудандық газеттің жауапты хатшысы

Тағылым

Қай өңірде де аудандық басылымдардың орны бөлек. Өйткені жергілікті газеттер — сол өңірдің шежіресі.

Бұл ретте Байғанин аудандық «Жем-Сағыз» газетінің тарихы тоқсан жылға таяу мерзімді қамтиды. Ол 1935 жылы бастапқыда «Социалды ауыл» болып шыға бастаған.

Журналистер одағының мүшесі Қарабай Досқұлов — өзінің саналы ғұмырын осы газетке арнаған адам. Ұзақ жылдар газеттің жауапты хатшысы қызметін атқарып, өзінің қалам қарымын танытқан, азаматтық ұстанымымен талайға үлгі болған Қ.Досқұловтың туғанына биыл тоқсан жыл толады.

Бүгінгі әңгімеміз — аға буын сапындағы қаламгердің өмір жолы, шығармашылық еңбектері туралы болмақ.  

Үлкен өмір бастауы

Қарабай Досқұлов — өзінің саналы ғұмырын газет қызметіне арнаған адам. Кейде жұмысына әбден берілген қызметкерді сол ұжымның қара нары ғой деп жатады. Осы атауға әбден лайық ол ұзақ жылдар бүгінгі аудандық «Жем-Сағыз» газетінің қандай да шаруасына иығын тосып, мойнымен көтереді.

Қарабайдың әкесі Қажым ауданда алғашқы басқармалардың бірі болған. Осы қызметінде жүргенде 1941 жылы елге керек деп соғысқа жібермей бронмен алып қалады. Бірақ 1942 жылы елге жаралылар орала бастағанда шаруаның басындағы азаматты да соғысқа алып кетеді. Сол тұстары Қажымның төрт ер баласы болады. Үлкен ұлы Мұханбетхафиз негізінде Қарабайдың азан шақырып қойған аты екен. Құжатты кейінірек толтырғанда ауылдық кеңестегілер Жем бойында жүгіріп жүрген қара баланы сыртынан Қарабай деп жазып жіберсе керек.

Сол Қарабай алты жастан қырманға шығып, ауыл адамдарына қолғабыс етеді, мал бағысады. Әйтеуір, істемеген тірлігі қалмайды. Сөйтіп жүріп жетіледі, шынығады. Осылайша ол өзін жастайынан үлкен өмірге дайындайды.

Әріптес іні лебізі

Аудандық газеттің бүгінгі шежірешісі Тұрлыбай Құлынбайұлы ағамыз да біраз тарихты ақтарып бере алады.

Ол кісі 1969 жылы мұғалімдік мамандығынан аудандық «Ленин туы» газетіне бөлім меңгерушісі болып келеді.

Енді Тұрлыбай ағаның естелігін сол қалпында келтірейік.

«Сол кезде газеттің редакторы Жасар Қойшығұлов, редактордың орынбасары Есенбай Дүйсенбаев, жауапты хатшысы Қарабай Досқұлов екен. Бұлардың қай-қайсысымен де сырттай болар-болмас таныстығым бар болатын. Мәселен, Есенбайды Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүргенде білетінмін. Ал Жасарды осы университетте сырттай оқып жүргенінде  көргенмін. Қасында тағы бір сары жігіт бар еді. Кейіннен білсем, ол Кәдірбай Бекпағамбетов болып шықты. Нығмет Айымбетов, Қайролла Тәжібаев —  белгілі журналистер.

Қарабай туралы айтсам, оның аты-жөнін 1958 жылдан білемін. Олай дейтінім, сол жылы мен осы Қарауылкелдідегі онжылдық мектепті бітіріп, кәмелеттік аттестат алғанмын. Оқуды аяқтағаннан кейін кластастарымыз бірігіп, мектеп бітіру кешімізді өткізбек болдық. Мектеп директоры Нұрман Қорбин ағай біздің осы ниетімізді білген соң, бір топ кластасты жинап алып, ақыл-кеңесін айтты. «Мен сіздердің кеш өткіземін дегендеріңе қарсы емеспін. Бірақ тәртіп бұзуға болмайды. Өткен жылғы мектеп бітірушілердің кешін өткізу кезінде бірқатар тәртіпсіздіктер орын алыпты. Бұл жағдай ауданға белгілі болып, газетке мақала жазылыпты», — деді ағайымыз.

Әлгі газетте жарияланған мақаланың авторы Қарабай Досқұлов екен. Сол кезде Қарекең аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарған ғой. Сондықтан оның аудандағы бар болғаны үш орта мектепте не болып жатқанын біліп отыруы заңды еді. Кейіннен Қарекең газет жұмысына ауысты. Әуелі Байғанин аудандық «Социалистік ауыл» газетінде тілші болса, одан әрі территориялық басқарманың орталығы Темір қаласынан шығып тұрған «Жаршы» газетінде еңбек еткен».

Қазақта көз көргендер сөйлесін деген тағылымды сөз бар. Сондықтан да біз Тұрлыбай ағаның естелігін кешегі күннің нақты көрінісі деп қабылдадық.

1965 жылдың басында екі жыл бұрын таратылған Ойыл, Темір, Байғанин аудандары өздерінің бұрынғы қалпына қайта оралып, жеке-жеке шаңырақ көтереді. Осыған орай әр ауданда өзінің газеті мен оның баспаханасы өмірге келеді. Аудандық газеттің атауы «Ленин туы» болып белгіленеді. Қарабай Досқұлов осы газеттің редакциясы мен баспаханасының қалыптасуына белсене үлес қосады.

Газеттің жауапты хатшысына қойылатын талап жоғары. Бұл орынды әдетте журналистер майдандағы бас штабқа теңеп жатады. Оның басты көмекшілерінің бірі — фототілші. Өйткені газеттің ажарын мағыналы мақалалармен бірге, фотосуреттер де ашып тұрады. Бұл ретте фотоаппараты қолынан түспейтін Жалғас Ерғалиевтің еңбегі ұмытылмайды. Сондай-ақ ауданның белгілі фотографі Құлтан Мектепов те газет жұмысына белсене қатысып тұрады.

«Қарекең – ақкөңіл, әзіл-қалжыңның адамы еді. Оның нағашы-жиен, балдыз-бажа, жезде, құрдас адамдармен әзілі ерекше болатын. Ондай адамдардың бірқатары Қарабайдан ығып жүреді деп айтсам, артық айтқандық болмас деймін. Өйткені әзіл-қалжың барысында Қарабай әлгілердің басынан өткен күлкілі оқиғаларын тосыннан айтып салып, әрі қарай сөйлетпей қоятын.

Қарабай — өте сергек адам. Айналада болып жатқан қызықты оқиғалар мен келеңсіз жайттар оның көзінен таса қалмайтын еді. Қызықтыларын бізге әңгімелеп беріп, тыңдаушыларды қыран-топан күлкіге батыратын. Ал кісіге қол жәрдемін берудегі елгезектігі ерекше мақтауға тұрарлық.

Қарекең туралы әңгіме қозғағанда, айтпай кетуге болмайтын бір қасиеті — оның патриоттық сезімі еді. Елге, халыққа жаны ашып отыратын. Ұжымда ұзақ жыл кәсіподақ комитетін басқарғанда журналистердің жағдайын жасап, жемшөбіне дейін алдырып беруші еді» деп тұжырымдады сөзін ардагер аға.

Жауапты хатшының жары

Аудандық газеттер кешегі күндері ұзақ уақыт бойы аптасына үш рет шығып келді. Ол кездің оқырмандары басылымның әрбір санын асыға күтіп отырады және әр бетін ақтара оқып, өз пікірлерін білдіреді. Жұртшылық көңілінен шығу үшін газеттің санаулы журналисі бірі ауыл-елді аралап келіп, қолына қаламын ұстап, қағазға үңіліп жатса, екіншісі түн қатып кезекшілік қызметін атқарады. Сондағы мақсаттары — сапалы газет шығару. Ал газеттің жауапты хатшысы солардың барлығының жұмысын үйлестіріп, үнемі от пен судың ортасында жүреді.

Өкінішке қарай, газет шығару шаруасында бәрі бірдей үнемі үйлесе бермейді. Олай болатын себебі бірде газет беті толмай қалып, жарты бет қағаз үшін жаға жыртысып жататын кездер болады. Ал газет редакциясы мен баспахана арасында сырттай қарағанда жарасты тіршілік қалыптасқандай болғанымен, мұнда да көзге көрінбейтін майдан толассыз жүріп жатады. Соның бәріне иығын тосатын — жауапты хатшы. Оның жұмысы ешқашан сегіз сағатпен өлшенбейді. Кейде таң бозарып атып келе жатқанда, ал енді бірде ауыл адамдары малдарын өріске шығарып жатқанда ұйқы көрмей, маужыраған күйде үйлеріне келеді. Бірақ шаршамайды. Шаршамайтыны — оқырмандары асыға күтіп отырған газеттің жаңа санын шығарып, соған жаны жадырап келе жатады.

Ал үйде… журналистің зайыбы да ұйықтамайды бұл түні. Шай дастарқанын қайта-қайта жаңартып, есік сықырына көз тігіп отырады ол.

Сондай сәттерді басынан талай өткерген Ақсәуле апаның лебізін келтіре кетсек, артықтығы болмас.

— Біз сөз байласып, шаңырақ көтергенге дейін ол Қобда ауданындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет жасаған. Бұл — 1954 жылдың тамызы мен 1955 жылдың қазан айлары аралығы. Оның алдында Ақтөбедегі Комсомолдың 30 жылдығы атындағы педагогикалық училищені бастауыш кластар мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. 1955-1957 жылдары Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келді. Кейін ауылда қалған анасы мен өзінен кейінгі бауырларына қарайлап елге келіп, осында жұмысқа тұрған. Ол кезде Жарқамыс — аудан орталығы. Осында аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болып бірнеше жыл қызмет атқарды. Бұл — оның жастық жігерін еңбекке арнаған, бір жағы тәжірибе жинаған, әрі жан аямай қызмет еткен жылдары еді. 1959 жылы біз шаңырақ көтердік, — дейді Ақсәуле Бекетауова

Комсомолда шыңдалған Қарабай аға жастар ұйымы жұмысымен қоштасып, журналистикаға жол салады. 1961 жылдан бастап аудандық «Жаңа өмір» газетінің хаттар бөлімінің меңгерушісі қызметіне кіріседі.

Алайда комсомол өзінің білікті кадрын көзден таса қылмайды. Арада бір жыл өткен соң өз қатарына қайта тартып, оны аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп сайлайды.

Кейін аудан орталығы көрші өңірге қоныс аударғанда Темір аудандық газетінде қызмет істейді.

Одан кейін 1965 жылы Қандыағаштағы аудандық газетте бес-алты ай жұмыс жасайды. Біз осы деректің дәлелдемесін мына бір мақаладан да тауып алдық.

Ұзақ жылдар Темір ауданындағы «Социалистік майдан» газетінде әдеби қызметкер, ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі, ауданаралық «Жаршы» газетінде радист және газет шығарушы, Қандыағашта аудандық «Октябрь туы» газетінде бөлім меңгерушісі, «Октябрь туы»-«Знамя Октября» газеті редакциясында жауапты хатшы қызметтерін атқарған байырғы журналист Жақып Тоқтағұлов өз естелігінде былай деп жазыпты: «1958 жылғы 1 шілдеде Ақтөбе қаласынан журналист Мұздыбай Тотаев екеуміз Темір қаласында шығатын «Социалистік майдан» газетіне облыстық партия комитетінің жолдамасымен келдік. Редактор Нұрғали Тастанбаевтан басқасының бәрі журналист емес, аудандық партия комитетінің ұсынысымен келгендер екен. М.Тотаев редактордың орынбасарлығына, мен әдеби қызметкерлігіне тағайындалдым. 1962 жылғы 1 мамырдан «Социалистік майдан» — «Коммунизм жолы» болып аталды. Ойыл, Байғанин, Темір, Жұрын аудандық партия комитеттері Темір территориялық өндірістік басқармасына қарайтын еді. Байғанин ауданынан журналист Мыңбай Төлегенов, ақын Есенбай Дүйсенбаев, Жұрын ауданынан Жаңылша Балмағамбетова, Ойыл ауданынан Табыл Құлиясов, Шалқар ауданынан Тауман Төреханов келді.

1965 жылдан бастап көптеген аудандар қайтадан ашылып, жабылып қалған аудандық газеттер қайтадан шыға бастады. Аудан орталығы Темір қаласынан Қандыағаш станциясына көшті. Байғанин ауданынан келген Қарабай Досқұлов редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, мен әдеби қызметкер болып тағайындалдым».

1965 жылдың маусым айынан Байғанин ауданының «Ленин туы» газетінің редакциясында ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі жұмысын атқарған Қарабай аға 1966 жылдың тамызынан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін газеттің жауапты хатшысының қызметінде болады.

Осы қызметте табан аудармастан ұзақ жыл еңбек еткендіктен болар, Қарабай Досқұлов көпшіліктің жадында газеттің жауапты хатшысы ретінде есте сақталып қалғандай көрінеді.

Жұртшылыққа жақсы танымал, қаламы жүйрік журналистің отбасында сегіз перзент дүниеге келеді.

Тұңғыштары Тәттіғали үш жасында шетінеп кеткені көңілдеріне қаяу түсіргенімен, қалған балаларының амандығын тілеп, соларды өсіріп-өндіруге күш жұмсайды ерлі-зайыпты екеуі. Қуаныштысы, балалары да сабақтарын жақсы оқып, әке-шеше мерейін көтере түседі.

«Қарабай өте балажан болды, жұмыстан үйге келгенде соларға қарайлап, асты-үстіне түсіп қалатын. Қызметіне беріліп істейтін. Тура мінезді адам ғой, кемшілікке төзбейтін. Газет бетінде көбіне сын мақалалар жазды, — деп азаматының тағы бір қасиетін аша түскендей болады Ақсәуле апа. — Бірақ, не жазса да әбден ой елегінен өткізіп барып жазатын, өз жазғанына толық жауап бере алатын, оған қарсы дәлел айтатындар сирек еді. Кейінгі уақытта әсіресе жасы ұлғая бастаған тұста «Сенен басқа адам газетте сын жазбай ма, біраз жаздың ғой…» деп жайлап тоқтам салғым келген. Ондайда «Сен араласпа, сын мақала жазылмаса газеттің айдыны шықпайды», — деп өз ұстанымынан қайтпайтынын білдіретін».

…Осылай деп әңгіме желісін өрбіткен Ақсәуле апа ешқашан да журналистің жары болғанына өкініш білдірген емес. Қазір де немерелеріне атасы туралы әдемі естеліктерін жүйелеп жеткізіп отырады.

Қарабай аға еңбек еткен жылдарда жалпы журналист қауымына мемлекеттік марапаттар көп беріле бермейтін. Ол 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалін, 2005 жылы «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл» мерекелік медалін, жоғары органдардың бірсыпыра Құрмет грамоталарын алған.

Серғали айтқан сыр еді…

Әке — бала үшін қашанда асқар тау. Оның өзі өмірден өтсе де, алып тұлғасы аласармайды, қайта ұрпағы үшін биіктей түседі.

Қарабай ағаның балалары да асыл әкенің бейнесін ардақтап, үнемі еске алып отырады. Бүгінде әке шаңырағын ұстап отырған Серғали бізбен әке туралы көп ойларын бөлісті. Оның әңгімесінен өзі пір тұтқан ардақты жанға деген сағыныш лебі сезіледі. Бала айтқан сол сырларға сіз де ортақ болыңыз, қадірлі оқырман.

Қарекең газетте қызмет істеген уақытында малшылардың арасында жиі болады екен. Содан ба, малдың жағдайын да жақсы білуші еді дейді баласы.

Бұрынырақта Байғанин ауданының шаруашылықтары бағымдағы малын қыстату үшін алыстағы Самға айдап, жазда елге қарай қайта келетін болған ғой. Ауылда малға қай уақытта күйек салу керек, қай уақытта тоғытады, қарапайым журналист соның бәрін білген, жастарға жөнін айтып, үйретіп отырады екен.

«Әкеміз мықты қырағы адам болатын. Бір көрген затын ұмытпайтын. Елде ерте көктемде жұрт малын далаға, жайылысқа жібереді. Күзге дейін еркін жайылады. Күзде мал ортаға келген тұста көбісі өз малын танымай жататын. Сол кезде әкеміз елдің малын өз иелеріне таратып беретін. Әдетте кейбіреулер өз түлігін танымағаны өз алдына, алдынан өткен семіз малға жабысып жатады. Сол кезде әкеміз ел алдына шығып, малдың иелеріне ендері мен түр-түсіне дейін айтып, нақ иелеріне бергізетін. Сол кездегі ауыл тұрғындары оның айтқанына тоқтайтын. Осы қасиетімен де ел арасында зор беделге ие болды» дейді Серғали сол күндерді еске алып.

Оның айтуынша, талантты жазушы Тобық Жармағамбетов Қарабай ағаның немере інісі екен, аралары бір жас. Олар кішкентайынан Жем жағасында бірге өскен, қызықты балалық шақтарын бірге өткізген. Тобық өмірден өткенде Ақтөбеден Жарқамысқа әкеліп қойғанда ол басы-қасында жүреді.

«Әкем Темірде жастық шақтарын жазушы Табыл Құлиясовтармен бірге өткізген ғой. Белгілі ақын Есенбай Дүйсенбаевпен қызметтес болды.

Біздер үшін әке туралы қандай да бір жылы лебіз ыстық, естісек марқайып қаламыз. Әкеміз жақсы адамдармен араласып, талай адамға қолынан келгенше жақсылық жасаған.

Әріптестері — журналистермен жақсы қарым-қатынаста болды. Бірде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұқанбетқалиев ағамыз елге келгенде мені тоқтатып: «Қарекеңнің баласы, менің саған айтарым бар. Онымен жұмыстас болдым, қамқорлығын көрдім. Қарекең жөнінде естелік жазып беремін» деген-ді. Ол кезде жастаумыз, оған көп мән бере қойған жоқпыз. Содан кейін Қажығали ағамызбен кездесудің реті келмеді», — деп бір өкінішін де айтып қалды Серғали Қарабайұлы.

Тоқсаныншы жылдары «әрбір жанұяның кіріс көздері жоқ, жағдайлары төмен, сол жанұяларға көмек беріңдер» деп әкімдерге ескертіп жүреді екен. Айына бір рет елге шығып, халықтың жағдайын біліп, әл-ауқаты төмен отбасыларға әдейі соғып, көмек жасаудың ретін қарастыру ол кісінің дағдысына айналған. Талай отбасыларына тірлігін дұрыстауға солай септігін тигізіп отырады.

«Маған елдің жағдайын біле тұра, тиісті орындар алдында айтпасам, азаматтығыма сын» дейтін. «Ашаршылықты да, молшылықты да көрдік, маған елдің тыныштығы керек» дейтін. Жағымпаздану дегенді ол кісі жек көретін» деп әңгімесін аяқтаған Серғалидың өзі де әке тағылымын жалғастырып келе жатқаны байқалады.

Кейінгі буын құрметі

Ардагер журналист есімі бүгінде де көптің құрметіне ие. Оның қазірде қатары сиреп қалған замандастары жас буынға естеліктерін айтып, ауданның баспасөз тарихында жақсы аты қалған қаламгердің еңбектері туралы кейінгіге жеткізуді парыздары санайды.

Биыл «Кітаптайм» оқырмандар клубы мен аудандық «Жем-Сағыз» газеті редакциясы бірігіп, Байғанин ауданының ақпарат саласының ардагері Қарабай Досқұлов атындағы шығармашылық байқауын өткізуді қолға алды.

Бұл байқаудың мақсаты ретінде аудан баспасөзінде ұзақ жыл қызмет еткен байырғы журналист есімін ұрпақ жадында қалдыру, жас буынды ел үшін қызмет еткен еңбек ардагерін құрметтеуге үндеу бағыттары белгіленді.

Екі жарым ай уақытқа белгіленген шара барысында оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдау, ізденуге, қаламдарын қалыптастыруға қызығушылығын арттыру көзделді. Байқауға аудан аумағындағы 5-11 кластар аралығындағы мектеп оқушылары қатыстрылды. Жас талаптар эссе, мақала жазу бойынша сайысқа түсті. Олардың мақалалары «Айтарым бар» айдары аясында аудандық газетте жарияланып отырды. Осылайша қолға алынған шығармашылық сайысқа оқушылар ынтамен қатысты.

Қарабай Досқұловтың балалары жүлдегерлерге қомақты сыйақылар әзірледі.

* * *

Елінің патриоты болған Қарабай Қажымұлы Досқұлов 2013 жылы 9 тамызда дүниеден озды. Оның ғибратты ғұмыры ұлағаты дарыған ұрпақтарымен жалғасуда.

Оның Тәжіғали, Серғали, Нұрғали атты балалары мен Раушан, Райхан, Райлан, Айна есімді қыздары әке өнегесін үлгі тұтып, өздері де жапырақ жаюда.

Қара шаңырақты ұстап отырған ұлы Серғали мен келіні Индира аяулы аналарын ардақтап, күн сайын батасын алады.

Бұл әулеттегі тағы бір жақсы дәстүр — Қарабай ата немерелеріне арнап қолдан қамшы өріп, мұра етіп тастап кеткендігі.

Солардың бірі Алматыдағы немересі Асылханның үйіндегі қамшы Қарабай шөбересі Мирастың отбасында сақталған. Ата-бабадан келе жатқан осындай таным мен тағылым жалғасын таба бермек…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button