Қадірлі мамандық, қасиетті борыш

19 қазан — Құтқарушылар күні
Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қалалық әкімдікте төтенше жағдайлар басқармасының бір топ қызметкерін құттықтап, марапаттау рәсімін өткізді.
— Құтқарушы — басын қатерге тігетін, өмiрін тәуекелмен байланыстыратын мамандық иесі. Биыл — Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар органдарының құрылғанына 28 жыл толып отыр. Құтқарушы мамандығы бүкіл әлемде зор беделге ие, — деді құттықтау сөзінде қала әкімі Азамат Бекет. Одан әрі 12 қызметкерге Алғыс хат табыстады. Марапатқа ие болған мереке иелерінің әрқайсысы жарқын дауыста «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деп ант берді.
Алғыс хатқа ие болғандардың бірі — Ақтөбе қаласының төтенше жағдайлар басқармасының аға анықтаушысы Сәкен Жамбылов.
— Азаматтардың өміріне араша түсу — әр адамның парызы. Төтенше жағдайларда құтқарушылардың ортасында қызмет етіп жүргеніме қуаныштымын. Менің қызметім — төтенше жағдайдың неден болғанын, шығу себебін анықтау. Бүгінгі марапатқа рақмет, — дейді Сәкен Жамбылов.
Ақтөбе қаласының төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Айбат Жаңабергеновтің айтуынша, қаламыздағы төтенше жағдайлар басқармасы гарнизонында мыңнан астам қызметкер еңбек етіп жүр.
— Өрт, тасқын су секілді төтенше жағдайларда қызмет көрсетуге жеке құрам әркез дайын. Жыл басынан бері қала аумағында 201 өрт тіркелді. Осындай төтенше жағдайлардың салдарынан 8 адам қаза тауып, 10 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды, 75 адам құтқарылды.
Қазіргі таңда материалдық-техникалық базамыз жақсы, құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына әрқашан дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады, — деді ол.
Бұрын төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарды құтқару қызметін қоғамдық ұйымдар немесе құтқару бекеттері атқарған. Төтенше жағдайлар қызметі еліміз Тәуелсіздік алып, Конституция қабылданған соң пайда болды. Бүгінде құтқару қызметі тек қала, облыс аумағында ғана емес, өзге өңірлерде болған апатты жағдайларда да көмек қолын созып, қызметін абыроймен атқарып келеді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.





