МерекеПікір

Тыныштықты сақтау — борышымыз

Марат ҚОЙЛЫБАЕВ,

республикалық «Ауғанстан соғысы ардагерлерінің кеңесі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты.

Баршаңызға белгілі, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларациясы қабылданып, әлем картасында жаңа мемлекет — Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Осылайша 25 қазан — Республика күні мәртебесін алып, қазақ елі жаңа кезеңге аяқ басты.

Біз ұлт ретінде тәуелсіз ел болып, Мемлекеттік рәміздерімізді, тарихымыз бен мәдениетімізді, тұтас болмысымызды қайта пайымдап, ұлысымыздың шекарасын шегендедік. Әсте бұл оңай әрі оңынан бола қоймағаны белгілі. Бүгінде қазақтың саны артып, санасы өсіп келеді. Әлем мойындаған әл-ауқаты зор мемлекетке айналдық.

Ауған соғысы ардагері ретінде қай кезде де ел бірлігі мен ұлт тұтастығын бірінші орынға қоямын. Майдандастарымқай уақытта да елдің керегіне жарауға тырысты. Әлі де мүмкіндігінше қызмет етуге әзір. Отанға деген ең үлкен қызмет — қазіргі тыныштықты сақтауға үлес қосу. Жер жүзінде геосаясаттың дүлей дауылы қанша соқса да, тыныштығымыз бен тұрақтылығымызға нұқсан келтіре алмады. Дегенмен бірлігімізге сына қағып, бекемдікке тексеру әлі де жүріп тұрған уақыт. Оны биік парасаттылықпен түсінуіміз керек. Бір күн тіліңді, келесіде дінің, діліңді сынап, саудаға салғысы келетін жікшілдердің сырттан емес, іштен табылатыны күйзелтеді.

Бұрынғылар:

«Бетеге кетсе, бел қалар,

Бектер кетсе, ел қалар.

Береке мен бірлігің кетсе,нең қалар?» — деген екен. Осы ұлағатты сөз әркімнің көкірегіне құйылса екен, жастардың жадында жатталса деген арман-тілек бар.

Бүгінгі жастар біз сияқты соғысты көрмесін, бейбіт күннің батырлары болсын. Осы Ақтөбеде «Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубымыз бар. Клуб мүшелерімен және Ауған соғысына қатысқан майдандастарыммен бірге жастарды спортқа, отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелейміз. Тәуелсіз еліміздің дамуы жолында жастар тәрбиесіне қосқан кішкене үлесіміз еленіп, Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» және «Парасат» ордендеріне ие болдым. Осының бәрі —еліміздің Тәуелсіздігінің арқасы. Республика күні — Тәуелсіздігімізді ұлықтайтын мереке!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Республикамыз гүлдене берсін!

Баршаңызды еліміздің ұлы мерекесі — Республика күнімен құттықтаймын!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button