Мереке

Ұлы қызмет

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай айтқандай, шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген мұғалім ғана нағыз ұстаз атағына лайық. Облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының математика пәні мұғалімі, зейнетке шықса да, ұстаздық қызметінен қол үзбеген Орынбасар Саржанов —осындай білікті маман.

Саналы ғұмырының 39 жылын жас ұрпаққа білім беріп, жаңа буынға тәрбие үйретуге арнаған, көргені мен көңілге түйгені көп ұстазымыздың өткен өмір белестері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Орынбасар Саржанов 1979 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының физика-математика факультетінің  математика бөліміне түсіп, 1983 жылы үздік дипломмен тәмамдаған.Еңбек жолын 1983 жылы Қарабұтақ ауданы Талдық орта мектебінен бастаған. Кейін оған осы мектептің директоры қызметі сеніп тапсырылып, 1986-1992 жылдар аралығында өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарады. 1993-1997 жылдары Алға ауданы Қарақобда орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі,  оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп директоры қызметін атқарған.

1997 жылдан бастап облыстық физика-математика мектеп-интернатында математика пәнінің мұғалімі, аға тәрбиеші, директордың бағдарлы пәндер жөніндегі орынбасары  міндеттерін атқара жүріп, оқушылардың терең білімімен шығармашылық қабілеттерін ұштастыра білді. Осы білім беру ұйымында еңбек еткен жылдарда  көптеген шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық  олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының жүлдегері ретінде үлкен биіктерден көрінді.

Облыс көлемінде бірнеше оқу-әдістемелік құралдары жарыққа шығып, оқырмандарын қуантты. «Математика және логика», «Прогрессиялар қасиеттерінің қолданулары», «Теңсіздіктерді дәлелдеудің әдістері», «Іштей және сырттай сызылған шеңберлердің кейбір қасиеттері» тақырыбындағы электрондық орталар,  «Мектептегі математика курсында теңдеулер тақырыбын оқыту», «Функцияның шегі» атты оқу-әдістемелік құралдары мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдауға зор ықпалын тигізіп келеді.

Үздіксіз еңбек еткен ұстаздық жолында  Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісіне, 2008 жылы республикалық «Дарын» ғылыми-тәжірибелік  орталығының 10 жылдығына арналған төсбелгісіне ие болды. 2009 жылы «Облыстың үздік мұғалімі» педагогикалық жетістіктердің конкурс-марафонының жеңімпазы атанды. 2011 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иеленді. Орынбасар Саржанов — республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы.

Бүгінде білікті ұстаздың шәкірттері әр өңірде еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жүр.

Іңкәр АЛТАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button