Мереке

Мұғалімдері мықты мектеп

Биыл Ақтөбе қаласындағы №47 орта мектептің құрылғанына — 25 жыл.

Мектеп директоры Жадырасын Ашықбаеваның айтуынша, жас ұрпаққа білім беруде аянбай қызмет етіп келе жатқан Ақтөбе қаласындағы алдыңғы қатарлы мектептің негізгі іргетасы 1941 жылы қаланған.

Мектеп тарихына үңілсек, 1941-1977 жылдар аралығында №8 орыс мектебі болып, 120 оқушымен жұмыс бастаған. Алыстан қатынайтын оқушыларға арналған мектеп жатақханасы болған. Мектеп табалдырығынан мемлекет қайраткерлері, дүниежүзіне танымал әйгілі адамдар білім алған. 1977-1998 жылдар аралығында кәсіптік мамандыққа даярлайтын оқу комбинаты болып қайта жұмыс істеген.

1998 жылдың 12 шілдедегі №558 бұйрығымен №47 жеке пәндерді тереңдетіп оқытатын арнайы мектеп болып қайта құрылды. Ақтөбе қаласы әкімдігінің 2013 жылғы №1880 қаулысымен «Ақтөбе қаласының №47 жалпы білім беретін орта мектебі» болып атауы өзгертілді.

 

Қазақ тілінде оқытылатын №47 мектеп болып құрылғанынан бастап әр жылдары мектепті Жанат Самұратова, Сәуле Жанқұлова, Төлебике Байсингарова, Ардақ Бекниязова, Айсұлу Жақсыбаева, Әліби Латып, Тазагүл Әбдиева басқарды.

2020 жылдан бері Жадырасын Ашықбаева басқарады.

Бүгінгі таңда №47 орта мектептің екі оқу ғимараты бар. Жалпы сынып жиынтығы — 24.Қазіргі таңда мектепте 642 оқушы білім алып жатыр. 25 жыл тарихында мектеп 891 түлек ұшырды. 300-ден астам түлегіміз өз білімін дәлелдеп, мемлекеттік білім гранттары арқылы республикамыздың түпкір-түпкіріндегі таңдаулы университеттерде оқыса, бірқатары Чехия, Түркия, Қытай елдерінде өз білімін жалғастырды. Бүгінде білікті маман, белді кәсіпкер болған, мақтанышпен айтатын шәкірттеріміз қаншама?! Мектебімізде 68 педагог жұмыс істейді. Оның 17-сі — педагог-зерттеуші, 13-і — педагог-сарапшы, 17-сі — педагог-модератор. Сондай-ақ  магистр дәрежесін алған 7 мұғаліміміз бар, — дейді мектеп директоры Жадырасын Ашықбаева.

Ширек ғасыр шежіресі бар құтты ұя туралы ардагер ұстаз Балзира Малаева естелігімен бөлісті.

— Ұстаздық — ұлы нәрсе. Ұстаздық — мамандықтың ең асылы. Білім негізі — бастауышта демекші, қасиетті жолымның елеулі бөлігі Ақтөбе қаласындағы №47 жалпы білім беретін орта мектебінде өтті. Осы қара шаңырақты 25 жылдық мерейтойымен, асқан қуанышпен құттықтай отырып, өзімнің ұстаздық еткен жолдарымды, әріптес болып көп жылдар бірге қызмет жасаған ұстаздарды, өнегелі де өнерлі шәкірттерімді еске алып отырмын.Бұл білім ордасына мен 2007 жылдың күзінде келдім. Ол жылдары мектеп тереңдетіліп оқытатын білім ордасы болатын. Мектеп қабырғасында бес сыныпқа жетекшілік етіп, түлек шығардым. Еңбек жолымдағы кәсіби жетістіктер мен шығармашылық ізденісім ескеріліп, түрлі деңгейдегі Құрмет громаталарымен, дипломдармен марапатталдым.

Осы қара шаңыраққа келген кезімде мектеп директоры Айсұлу Жақсыбаева болды. Үнемі қамқорлық көрсетіп,көмек қолын созып, жол сілтеп,ақыл айтып,сөздерімен де, істерімен де баулыған ЖайшылықҚұлманқызы және Роза Күзенбайқызы сынды ұстаздар маған үлгі болды. Химия және математика пәнінен дәріс берген ұстаздар  Күләш Жонысқызы, Салима Жаңабергенқызы терең білімі, парасаттылығы, ұстамдылығымен таңғалдыратын. Ағылшын пәнінен дәріс берген Зоя Амандәулетқызы  қарапайымдылығымен, жылы жүзімен адамды баурап алатын. Үнемі тіп-тік қалыпта, ұстамдылығымен ерекшеленетін. Тарих пәнінің мұғалімі Ибагүл Ақкөзованың да орны ерекше еді. Осындай білікті де білімді, ұлағатты ұстаздар дәріс берген №47 жалпы білім беретін орта мектебінің қабырғасы киелі.

Жұмыста үзеңгілес қызмет жасаған әріптестерімнің ішінде Ләззат Таласқызы, Зейнегул Смадинқызы сынды мұғалімдермен ұстаздық жолда шәкірттерге білім мен тәрбие беруде жақсы қарым-қатынаста, ұйымшылдықпен жұмыс жасадық. Бүгінгі таңда осы мектеп табалдырығынан шыққан шәкірттерімнің барлығы дерлік әр салада еңбек етіп жүр. Мектебімнің 25 жылдық тойымен барлық ұстаздар қауымын құттықтай отырып, ұстаздық жолда шаршамай, қанаттарың талмай саналы ұрпақ тәрбиелей берулеріңізге тілектестік білдіремін, — дейді Балзира Малаева.

Ұстаздардың бірі Айнаш Түменова №47 жеке пәндерді тереңдетіп оқытатын арнайы мектеп болып ашылған сәтте еңбек жолын бастағанын айтады.

— Биыл киелі шаңырағымызға 25 жыл толып отыр. Өткен жылдарды ыстық ықыласпен еске аламын. Мектебіміз мықты мұғалімдер құрамын қалыптастырып, оқытудың тың әдіс-тәсілдерін қалыптастырып, баға жетпес тәжірибе жинақтады. Еліміздің ертеңі — бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақ тәрбиесі ұстаздар қолында екені белгілі. Ұжымда білім беру ісіне еңбегі сіңген, білімі мен кәсіби шеберлігі ұштасқан ұлағатты ұстаздар қауымы еңбек етіп келеді. Ұстаз ретінде үнемі шыңдалып, ізденісте болуды әдетке айналдырғанмын. Шығармашылық жолымдағы, еңбек жолындағы марапаттарымда аз емес. Солардың бірі — 2021 жылы «Алтын тұмар» жинағына «Көркем еңбек» пәнінің ұстаздары және қосымша  білім беру педагогтерінің үздік шығармашылық туындылары жинағына енгені үшін Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласы білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағыныңҚұрмет грамотасымен марапатталдым. Оқушыларымның халықаралық, республикалық жетістіктері де көңіл қуантады, — дейді Айнаш Түменова.

№47 жалпы білім беретін орта мектебінің 2020 жылғы түлектерінің бірі — Айша Нүкеева. Мектепті«Алтын белгіге» бітіріпті. Қазіргі кезде Айша Чехия Республикасының (VŠE) Экономика және Бизнес Жоғары Университетінде  менеджмент факультетінің грантын иеленіп, 3-курсында оқып жүр.

— Өзім білім алған, қанат қақтырған алтын ұя  мектебімді 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Менің барлық жетістігім мен меңгерген білімім үшін ұстаздарыма мың алғыс! Білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымды төл мерекелерімен құттықтаймын, — дейді мектеп түлегі Айша Нүкеева.

 А.Жалмағанбетова,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button