Мереке

«Әліппе» ұстатқан…

Ұстаздар күні қарсаңында М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі,әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің қолына алғаш қалам ұстатып, әліппе үйреткен Клара Қажығалиевамен әңгімелестік.

Мектеп табалдырығын енді аттаған балақайлар ақ парақ сияқты тап-таза болады. Ал мұғалімнің бүгінгі еңбегінің жемісі — ертеңгі болашақтың көрінісі. Әсіресе алдына ештеңе білмей келген балапанның қолына алғаш қалам ұстатып, әліппе үйреткенбастауыш сынып мұғалімінің еңбегін өзге жұмыстармен салыстыруға келмейді. «Ұстаз болу — жүректің батырлығы» демекші, осындай ұлағатты да жауапкершілігі зор мамандықты таңдаған Клара Жанұзаққызының жалпы педагогикалық еңбек өтілі биыл 34 жылға жетіпті. Оның 25 жылында М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназияда үздіксіз еңбек етіп келеді.

Ол ұстаздық еткен отыз төрт жыл ішінде Астана және Ақтөбе қалаларындағы педагогикалық біліктілікті арттырып, шығармашылықты шыңдайтын орталықтарда 26 рет педагогикалық білімін жетілдірді.

1970 жылы Темір ауданы «Қайыңды» кеңшарында дүниеге келген Клара Қажығалиеватуған жеріндегі Абай атындағы орта мектептің 8-сыныбын үздік бітіріп, 1985 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесіне емтихансыз қабылданды. Оқуын бітіріп келген жас маман ауылындағы «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды.

— 1992 жылы өзім оқыған Абай атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет еттім. Осы орта мектептің тұңғыш директоры — менің туған нағашы атам Нұрдаубай Абатов. Ол «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері»атанған. Мен атамды мақтан тұтамын. Сол кісінің ізін жалғастырып, шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық қызметте жүргеніме қуанамын, — дейді Клара Жанұзаққызы.

Кейін ол еңбек ете жүріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің сырттай оқу бөлімін бітірді. Бүгінгі таңда — педагог-зерттеуші.

Сондай-ақ Клара Жанұзаққызы — «Менің құқығым», «Жаңа технологиялар сабағында», «Әдебиеттік оқу пәнін өзін-өзі тану пәнімен ықпалдастырылған сабақ», «Бастауыш сыныптарға арналған сабақ жоспарының жиынтығы», «Бастауыш сыныптағы математика пәнін оқытудың әдіс-тәсілдері» атты әдістемелік оқу құралдарының авторы.Оқушылары республикалық, облыстық білім бәйгелерінде, ғылыми жобаларға қатысып отырды. Осындай еңбектері еленіп, Клара Қажығалиева «ҚР құрметті педагогі» төсбелгісімен марапатталды.  2018 жылы педагог зерттеушінің есімі Қазақстан педагогтерінің инновациялық идеяларын дамыту орталығы құрастырған «Білім беру саласындағы үздік есімдер» кітабына, сондай-ақ «Қазақстан білім саласы үздіктерінің энциклопедиясына»енді.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, Клара Жанұзаққызыныңда қазіргі кезде еліміздің өркендеу жолында еңбек етіп жүрген шәкірттері жетіп артылады.

— Көп шәкіртімнің бірі — әлемге әйгілі Димаш Құдайберген. Өнері арқылы қазақты әлемге танытып жүрген Димашты мақтан етемін. Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген оқушыларыммен қатар, шетелде оқып, білім алып, еңбек етіп жатқан шәкірттерім де баршылық. Мысалы, Кәмила Құлшаева Лондонда ұстаздық қызмет етеді. Әсия Диқанбаева Франция елінде білімін жетілдіріп келіп, қазіргі кезде Алматы қаласында еңбек етіп жүр, — дейді ұстаз. Интернет арқылы әлемге тараған әнші Димаштың бала кездегі суреттері  осы Клара Жанұзаққызының жеке мұрағатынан алынған. Бастауыш сынып мұғалімі ұстаздық еткен жылдар ішінде  300-ден астам шәкірттің балалық шағынан естеліктер сақтағанын айтты.

Дінмұхамед бастауышта оқығанда дарынды, еңбекқор, мәдениетті, ақжарқын, ашық, зерек, үнемі ізденіс үстінде жүретін оқушы болды. Өзі ұзын бойлы әрі ақ костюм-шалбар киіп жүргенді ұнататын. Бір жылдары шәкіртімнің шақыруымен «Бақытты бала» байқауына қатысып, талантты оқушылардың өнерін тамашаладым. Димаш Ақтөбеге келген сайын хабарласып, жағдайымызды сұрап тұрады, —дейді Димаштың алғашқы ұстазы Клара Қажығалиева.

Облыс орталығындағы Бөкенбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйлердің біріне әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің муралы салынғанын ақтөбеліктер жақсы біледі. Бір қызығы, Димаштың қолына алғаш қалам ұстатқан ұстазы дәл осы үйде тұрады. Сәйкестік деп осыны айтыңыз.

Клара Қажығалиеваның айтуынша, биылғы оқу жылында 12-рет алған сыныбы 4-сыныпты аяқтағалы отыр. Сыныпта үздік оқушылар өте көп.

— Жетекшілік ететін қазіргі сыныбымда Ақерке Ақмырзаева, Дастан Ашықбаев, Көзайым Байсеңгір, Ділназ Берікова, Әлихан Еспанов, Аңсар Құлмұқан, Бейбарыс Қаржаубай, Бибінұр Ораз, Сәкен Мырзалы сынды дарынды, өнерлі оқушыларым бар. Болашақта бұл оқушылардан үлкен үміт күтемін, — дейді бастауыш сыныптың мұғалімі.

Мұғалім оқушыға өзін-өзі ұстауы, киім киюі, сөйлеуі, жүріс-тұрысы жағынан үлгі болуға тиіс. Біздің кейіпкеріміз Клара Қажығалиева дәл сондай.

Бүгінде ол — «ҚР білім және ғылым саласына қосқан ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің, сондай-ақ «Қала құрметі» медалінің иегері.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button