Денсаулық

Қызылшаға қарсы вакцина алдыңыз ба?

Брифинг

Өңірде қызылша инфекциясы кеңінен таралып, эпидемиологиялық жағдай қолайсыз болып тұр. Бұл туралы жұма күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтылды.

Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұқтар Сербаевтың айтуынша, осы жылдың 16 ақпаны мен 21 қыркүйек аралығында облыс тұрғындарының 380-і қызылша ауруын жұқтырған.

— Қызылша жұқтырғандардың 337-сі  — Ақтөбе қаласының тұрғыны.Байғанин, Ырғыз және Мәртөк аудандарында — 8, Шалқар ауданында — 7, Ойыл, Алға ауданында— 4, Әйтеке би ауданында — 2 және Мұғалжар, Хромтау аудандарында 1 жағдайдан тіркелді.Науқастардың 85 пайыздан астамы — қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар.

Жаңа оқу жылы басталғалы бері облыс бойынша 17 мектеп оқушысы қызылша инфекциясын жұқтырып үлгерген. Оның 10-ыекпеден бас тартқандар екен.

Тағы да қайталаудан жалықпаймыз, қызылшадан қорғанудың бірден-бір тиімді қорғану әдісі — вакцинация. Екпеден бас тартпаңыздар! — деді Мұқтар Сербаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева еліміздегі ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы егу 1 жастағы балаға иммунитетті тұрақты қалыптастыру үшін жүргізілетінін және 6 жастағы балаға ревакцинация жасалатынын, сондай-ақ қызылшамен ауырған адамдармен қарым-қатынаста болған, бұрын қызылшаға қарсы вакцина алмаған 30 жасқа дейінгі адамдарға да қызылшаға қарсы егу жұмыстары жүргізілетінін айтты.

— Аурудың алғашқы белгілері байқалса, яғни дене қызуы көтеріліп, мұрыннан су ағып, жөтел, денеде бөртпе пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.

Құрметті облыс тұрғындары, балаларыңыз бен жақын адамдарыңыздың денсаулығына қамқор болыңыз.Сол себепті де қызылшаға қарсы екпеден бас тартпаңыз. Тек уақтылы жасалған вакцинация инфекциядан қорғайды, — деді Бақытжан Түлкібаева.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button